ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ұстаз – ұлы тұлға

Мәдениет Әлеумет
«Жаушықұм» мектеп-лицейінің директоры
Тлегенов Асан Сыражидинұлы
Ұстаз. Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұры мен күн шуағын себетін аяулы тұлға бейнесі көз алдыңа келеді.
Қай заманда болсын, шәкірт жүрегіне жол табатын ұстаздарға құрмет жоғары болған. Күллі мамандықтың ішінде ұстаздық мамандығының шоқтығы биік. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірттің болашақ жолдар мен биік асуларда бағытынан таймасы анық. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі екенін бәріміз білеміз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш рет дүниенің тетігін ұстатқандай, қолыңа қалам ұстатып, әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге жол көрсеткен, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық.
Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. «Ұстаз – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек иесі»,– демекші, ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады. Мұғалімнің бойында байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетіп, «Ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын иегері болады.
Өcкелең ұрпaқтың, болaшaқтa елiнiң еңcелi aзaмaты болып қaлыптacуы, отбacымен қaтaр ұcтaздaрдың берген тәрбиеciне тiкелей бaйлaныcты. Ұcтaздың жемici – бұл оқушының шыққaн белеci. Осындай биік белестерді бағындырып отырған «Жаушықұм» мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушыларының жетістіктері орасан зор. 3 оқушымыз ғылыми жұмыс байқауынан аудан, облыс көлемінде жоғары орындардан көрінсе, аудан, облыс көлемінде өткізіліп жатқан түрлі байқаулардан 248 оқушымыз жоғары орындарды қанжығасына байлап келіп, мектеп-лицей мерейін асқақтата білді. 30 оқушымыз 5-11-сыныптар оқушылары арасында өткен пән олимпиадаларында тек І-ІІ-ІІІ орындардан көрініп, жеңіс тұғырын иеленді. Республикалық «Мың бала», «Айқанат» олимпиадаларынан 7 оқушымыз, облыстық «Алтын сақа», «Бастау» олимипиадаларынан облыстық деңгейде биік белестерді бағындырды. Тұңғыш рет ауыл мектептері арасында өткен «Ауыл олимпиадасына» қатысқан оқушыларымыздан 20 оқушы облыстан жоғары орындарды иеленіп, 10-сынып оқушысы Еспан Ақтөре Республикалық деңгейде өткен пән олимпиадасынан 3-орынды иеленіп, «Жаушықұм» мектеп-лицейінің ғана емес аудан, облыс мерейін республикада асқақтатты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қорыта келе айтқым келетіні, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июі тиіс деп білемін
Made on
Tilda