Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сияқты ерекшеліктері бар. Сонымен қатар сыртқы келбетін көрсететін ұлттық киімдері де қай ұлттың азаматы екендігін ажыратып, көрсетіп тұрады. Киімге салынған әр өрнектің де өзіндік орны бар. Осылардың маңыздылығын ерте түсінген Дауылбаева Ақмарал Шаншарқызы 35 жыл көлемінде тігіншілікпен айналысып, өнімдері бүкіл Қазақстанға тарқатылып, есімі «Киннес» рекордтар кітабына еніп еселі еңбегімен елге танылып отыр. Жақында Ақмарал Шаншарқызының шеберханасында болып, жұмысымен танысып, еңбек жолы мен жетістіктері туралы айтып беруін өтінген едік. Төменде сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Саламатсыз ба, Ақмарал Шаншарқызы!? Сұхбатымызды өзіңіздің өскен ортаңыздан бастасақ.
– Саламатсыз! Мен 1972 жылы осы Шардарада дүниеге келдім. Отбасындағы алты бауырдың үлкенімін. Үлкен інім Дауылбаев Жеңіс Шаншарұлы қарашаңырақта тұрады, кәсіпкер, жиһаз жасау саласында, екінші інім Дауылбаев Дархан Шаншарұлы Астанада мұнай саласында істейді.
Үлкен сіңлім Дауылбаева Ақмаржан Шаншарқызының өзінің «Дауылбай – Ақмаржан» брендтегі заманауи сән үлгілеріндегі киімдер тігіп сататын шеберханасы бар. Екінші сіңілім Райхан Астана қаласында тұрады. Италияндық «Джовани Джентли» брендтік ер адамдарға арналған киім дүкені бар. Кенже сіңілім Құралай Шымкент қаласында тұрады, қазір бала күтімінде.
Әкем Дауылбаев Шаншар да осы өңірде туып өскен. Институтты бірге бітірген Шардара ауданының алғашқы әкімі қызметін атқарған Өстемір Тілегеновпен, Әмірбек Ерубаевпен бір группада оқып, қызметтес болып, жылжымалы мехколонналарда, трестінде, сәулет бөлімі мен қаржы бөлімінде, зейнеткерлікке шыққан соң аудандық жұмыспен қамту бөлімінде қызмет етіп, ауданның экономикалық дамуына үлесін қосқан. Анам Мақсутова Әлия Әбдіғаппарқызы Талдықорған облысының тумасы.
Бастауыш сыныпты нағашыларымның ауылында бастап, мектепті Шардара мектебінде бітірдім. Алғашқы жылы оқуға түсе алмай бір жыл көлемінде балалар бақшасында қызмет жасап, келесі жылы Семейдегі Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың спорт факультетінде жұмыс жасап, кейіннен осы жоғарғы оқу орнының психология факультетінің студенті атандым. Диплом алғаныммен ол мамандығыммен жұмыс жасамай тігіншілікпен айналысып кеттім.
– Тігіншілікке қалай келдіңіз? Оған отбасында біреудің әсері болды ма?
– Тігіншілік өнер маған әкем құрылыс шебері, нағашы әжем түлкі ішік тігетін шебер болғандықтан солардан келді-ау деймін. Жетінші сыныпта жүрген кезімнің өзінде киім тігуге қызығып, машықтана бастадым. Киімді сызбасыз көздің мөлшерлемесімен-ақ өлшеп, тура кесіп шығаратынмын. Матаны киімге айналдырғанымда өз еңбегімнің нәтижесін көріп қуанатынмын.
Семейдегі институттағы оқуымның үшінші жылын сырттай оқуға ауыстырып ауылға келе жатқанымда жолда француз модельер – конструкторы, дизайнер, әйелдер киімдерінің сызбасын дайындаушы Лин Жактың «Техника кроя» деген кітапшаларын сатып алдым. Бұл кітапшаларда автор өзінің іскерлігі мен әдіс-амалдарымен қатар 800-ден астам киімнің пішу, тігу сызбаларын ұсынған. Сол арқылы ерлер мен әйелдер киімдерінің өлшемдерін қалай алу керектігін үйрендім. Матаға жан бітіретін шебер десек, менің бар ынтам мен қызығушылығымды тігіншілікке арттырған осы кітап болды.
Алғашқыда өзімнің тіккен көйлектерімнің етек-жеңін, омырауын сіңлілеріме қайтартып тіктіріп жүрдім. 2001 жылдардан бастап шындап кірісе бастадым. Үйге перде тігуді қолға алғандығымнан қасыма төркін жағымнан келін болып келетін Қараева Гүлмира Ергешқызын өзіме тігіншілікке, Асанова Болсынай абысынымды көмекші етіп алдым. 2006 жылдан бастап кәсібімнің ауқымын кеңейтіп, жалға жай алып, «Ординде», кейіннен «Тұңғыш Президент саябағы» аумағындағы жайларда тігіншілігімді жалғастырдым.
– Он саусағыңыздан өнер тамған тігінші екендігіңізді жақсы білеміз. Жастарда тігіншілікке деген қызығушылық қалай?
– №16 колледжде тігіншілікте оқитын қыздар бізге келіп өздерінің іс-тәжірибесін арттырады. Колледжбен бұл жөнінде мемерандумға отырғанмын. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы да тігіншілер келеді. Бірқатары бізде тұрақты тігінші болып қалады. Кейбіреулері тәжірибе жинап, тұрмыс құрып, өз алдына кәсіпкерлігін ашып, тігіншілікпен айналысуда. Жақсыбаева Назерке Ақшабайқызы аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келіп, бізде тігінші болып қалды. Оның қатарында тігіншілік тобымызда көп тәжірибе жинақтаған Наргиза Сайдакбарова мен Гүлмира Қараева, Жылқыбаева Баян Күрішбайқызы апайымыз бар.
2013 жылдан бері тендерге қатысамын. Тіккен киімдеріміз Қазақстанның барлық облыстарына тарайды. Ақтөбе облысының Қобда ауданымен 2013 жылдан бері байланыс жасап, қазақы нақыштағы бұйымдарымызды ұсынып келеміз.
«Тұсау кесерден» бастап үлкен жастағы кісілерге қажетті киімдердің бәрін тігеміз. «Ақ әжелер» ансамблінің киімдерін, №8 балабақшадағы бүлдіршіндердің, түрлі байқау, жарыстарға қатысатын оқушылардың киімдері біздің шеберлеріміздің қолынан шыққан бұйымдар.
– Енді жетістіктеріңізбен де бөлісе отырсаңыз?
– Аудандық «Сән әлеміне саяхат» тігіншілер байқауында бірінші орын алдым. 2019 жылы республикалық «Парыз» номинациясының иегері болып, Еңбек министрінің қолынан Алғыс хат алдым.
Ауданда құрақ құраудың шебері Ибрагимова Оңласын апайымның арқасында өткен жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатына «Аламан құрақ» форумына Нұргүл Абдрасылқызының авторлығымен қатысып, алып барған бұйымдарымыз жоғары бағаланып, екеуіміздің де есімдеріміз 450 құрақшының ішінде «Гиннес рекордтар» кітабына енді. Үлкен жиыннан осындай қуанышпен оралған соң өткен қыркүйекте III «Қазақ аналары - дәстүрге жол» республикалық форумына қатысуға жолдама алдым. Бес күннің ішінде бас киім, ақ кимешек, күнқағар мен 14 көйлек дайындап алып барып көрсеттік. Қазақы нақышта тігілген киімдеріміз бәріне ұнады. Сол жерде сұрағандарға «Шардара ауданынанбыз» деп мақтанышпен айта алдық. Сонымен қатар Павлодар қаласында өткен «Киелі ақ кимешек» онлайн форматта жарысқа қатысып 1-орын алдым.
Одан кейін Шымкент қаласында этнокиімдер тігушілердің байқауына қатысып, екінші орынды иелендім.
– Ақмарал Шаншарқызы, жақында қажылық сапарға барып қайтыпсыз?
– Иә, көптен ойға алып жүрген жағдай еді. Қаңтар айының 14 мен 24 аралығында сүннат сапар бұйырған екен. Жолдасым Құрманәлімен бірге киелі Мекке Мәдинеге жолымыз түсіп барып қайттық. Шардарадан тағы да Бибігүл Көшекеева баласы Ақтөремен бірге барды. Керемет көңіл-күймен қайттық.
– Ақмарал Шаншарқызы! Енді алдағы мақсаттарыңыз жайлы да айтып өтсеңіз?
– Мақсат деген көп қой. Шеберханамыздың ауқымын мұнан да кеңейту. Ұлттық киімдеріміздің сапасын арттыру, түрін көбейту. Қазір аталар шапанды, әжелер кимешекті киіп сән-салтанаттарға барып жүр. Ұлттық киім кию оларға дейінгілерде кемшіндеу. Осы олқылықтарды толтыруымыз керек. Мысалы өзбек ағайындар ала тақиясын басынан тастамайды. Сол сияқты біздерде де ұлттық киіммен жүруді дәстүрге айналдыруымыз қажет. Оған біздің де үлесіміз болуы керек.
– Енді отбасыңыз жайлы да айтып өтсеңіз?
– Отбасында да бақытты жанбыз. Асабалық жасайтын жолдасым Асанов Құрманәлі Ибадуллаұлымен бірге төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкеніміз Дана Евразия Ұлттық университетін бітірген. Астанада менің жұмысымды жалғастыруда. Екінші қызым Алтынай визажист Түркістан телеарнасында, Әселім де Евразия Ұлттық университетін бітірген, психолог, кенже қызымыз Ұлбала студент. Ұлымыз Сырым 8-сынып оқушысы.
– Ақмарал Шаншарқызы. Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Алдағы жұмыстарыңызда мол жетістіктер тілейміз.
Сұхбаттасқан:
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ