ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Отырарлықтар Батырын еске алды

Мәдениет
Қазақ тарихында азаттық, бостандық, егемендік жолында небір көтерілістер, қан майдан кескілескен ұрыстар орын алған. Сондай оқиғалардың бірі Ұлы Отан соғысы ерлік жылдары болып есте қалды. 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы зұлмат жылдар болып тарих беттерінде сайрап тұр. Ал, сол соғыстың жеңіспен аяқталуына біздің ағаларымыз бен апаларымыздың қосқан үлестері орасан. Алапат майданға өзі сұранып, әскерге жасы толмаса да қолына қару алып, сұрапыл шайқасқа қатысып, туған жеріне Кеңес Одағының Батыры болып оралған Сейітқасым Әшіров ағамыздың туылғанына биыл 100 жыл толды.
Есімі ерлікпен қатар аталатын батырларын ел ұмытпайды, соған орай ұлықтап отырады.
Осы мақсатта ұйымдастырылған «Ер есімі – ел есінде» атты еске алу шарасы өмірінің жарымынан астамын өткерген Шардара ауданында басталып, киелі Отырар өңірінің Қоғам ауылында жалғасын тапты. Шардаралық делегацияны аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Оспанов басқарып келді.
Осындағы Сейітқасым Әшіров атындағы білім беретін мектептің алдындағы Батырдың ескерткішіне Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйлеп, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойды. Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Тәңірберді Ағманұлы батырмен бірге жүрген кездерінен естеліктер айтқан соң мектептің оқушылары патриоттық өлеңдер оқып, Сейдулла Бәйтерековтің «Жасай бер, қазағым» әнін орындады.
Арыс өзенінің жағалауындағы саябақтағы бар қазақтың мақтанашы, ел басына күн туғанда Отаны үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан, Жеңістің жалауын желбіретіп, Батыр болып елге оралған қазақтың қайсар ұлдары Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовтің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылғаннан кейін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов құттықтау сөз сөйлеп, Батырдың ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбектері жайлы айтып өтті. Жергілікті ақын Нұрғали Сердалин Кеңес Одағының Батырларына арнап жазған өлеңін оқыды.
Аудандық мәдениет сарайында өткен Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің туылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференция қонақтардың кіші залдағы С.Әшіровтің көрмесін көріп, тамашалауымен, үлкен залдың сахнасындағы Сейітқасым Әшірұлының майданда елді сағынып үйіне хат жазып отыруы мен басшылықтан тапсырма алып соғысқа кіруін баяндайтын көрініспен бастау алды. Алғаш болып сөз сөйлеген Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай батырдың бүкіл өмірі мен қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Еңбек ардагері, қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Айтаханов ағамыздың мал басын арттырып, елтірінің сапасын жақсартудағы істерін, жетістіктері үшін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы болғандығын атап өтіп:
–Бүгінгі Сәкеңді еске алу шарасы керемет жағдайда өтіп отыр. Шардара ауданы әкімдігі мен халқына деген ризашылығым шексіз. Олар Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің туғанына 100 жыл толу іс-шарасын бір апта бұрын бастап, атап өтті. Ескерткішіне гүл қойып, ерлігін, еңбек жолын жастарға үлгі етті. Бүгінгі еске алу шарасына да ұйымдасып келіп отыр. Аудандағы «Шартарап-Шарайна» және «Өскен өңір» газеттері көлемді мақалалар жариялап, аудан халқына, тіпті бүтін отырарлықтарға да тарқатылып жатыр. Сондықтан газет басшылары мен қызметкерлеріне де рахметімді айтамын.
Сәкеңді Белоруссия майданындағы ерлігі үшін 1980 жылы Белоруссия Компартиясының бірінші хатшысы Машеров арнайы шақыртып, «Алтын сағат» сыйлағанда ерекше қуанышпен оралған. Мен 2015 жылы Белоруссияның Минск қаласында болдым. Лукашенко Минск қаласында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арнап қала орталығынан бес қабатты музей аштырыпты. Бірінші қабатта соғыстың қалай басталғаны, ауылдардың өртеніп жатқаны көрсетілген. Зоя Космодемьянскаяны асып қойғаны да тұр. Осылайша ғимараттың әр қабатында соғыстың әр жылы, бесінші қабатта – соғыстың жеңіспен аяқталуы көрсетілген. Ал сол жерде бір қатарда Белоруссияны азат еткен қазақ батырларының арасынан Сейітқасым ағамыздың есімі мен ерлігінің жазылғанын, суретін көріп қатты толқыдым, – деді.
Келесі кезекте мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Шалатаев, сот саласының Құрметті қызметкері, Отырар ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты Есжанов Мұхтар, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасры Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысының Құрметті азаматы, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтер батыр аға туралы құттықтаулары мен естеліктерін айтып, ақын Бегаман Сұлтаев пен мақтааралдық ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Айыпберген Балтабаев (Айып-Нұр) батырға арнап жазған өлеңдерін оқыды.
Жазушы Болат Шарақымбай батырдың туғанына 100 жыл толуына арнап ерлігі мен өмір жолы жайлы арнап жазған «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты кітабының әр тарауына жеке-жеке тоқталып таныстырылымын жасағаннан кейін Қуаныш Айтаханов бастаған зиялы топ өкілдері кітаптың тұсаукесерін жасады.
Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференцияның соңында батырдың қызы, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі» Әшірова Қаракөз Сейітқасымқызы еске алу шарасына алыс-жақыннан келіп қатысып, естеліктер айтқан зиялы қауым өкілдерімен қатысушыларға өз ризашылығын білдірді.
Келесі кезекте Шәуілдірдің орталығындағы «Нұрсая» мейрамханасында батырдың рухына дастарқан жайылып, еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, Отырар ауданының тұңғыш әкімі Қанжігіт Сыздықов, Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Тәңірберді Ағманұлы, тағы басқалар естеліктер айтты. Шардаралық ардагер-ұстаз, ақын Нұрғали Ибрайым «Батыр» тақырыбындағы арнау өлеңін оқыды. Сол сияқты Әшіровтер әулетінің құда-жекжаттары, туыс-бауырлары да өз тілектерін білдірді.
Астың соңында Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Ілесов бата жасап, құран оқылды.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda