ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Дәстүрді дәріптейік»

Мәдениет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бурабайда өткен төртінші Құрылтайда қазақы дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жастардың бойында қалыптастырып, ұлттық киімімізді де дәріптеу қажеттігі жөнінде айтқан болатын. Осыған орай «Балбөбек» бөбекжай балабақшасында ата-аналарды сайысқа қатыстыра отырып, баланың ата-ана өміріндегі маңызын ұғындыру, ата-аналардың балаларға деген тәлім-тәрбиесін көрсету, дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сыйлауға үйрету, балабақша мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Дәстүрді дәріптейік» тақырыбында іс-шара өтті. Сайыстың ашылуында балабақша әдіскері Рая Утеева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы ата-аналарға сәттілік тіледі.
Балабақшадағы «Ақбота» және «Балдырған» топтарында тәрбиеленушілердің әр топтан қатысқан бес ата-аналары 5 кезеңнен тұратын – «Өнерлінің өрісі кең», «Ата мұраң – асыл қазынаң», «Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас», «Бұрымды қыз» және «Ұлттық құндылығымызды дәріптеу арқылы ұлттық тағаммен таныстырып, әзірлеу» тақырыптарында өздерінің біліктіліктерін көрсетті.
«Ақбота» тобының жетекшісі Сапарбек Қымбат пен «Балдырған» тобының жетекшісі Мырзабекова Қарлығаш өз топтарының құрамымен таныстырып өткеннен кейін кезең-кезеңімен сайыс бастау алды.
Қазақта «Қонақ – құдай елшісі», «Қонақ келсе – құт» деген мақалдарынан халқымыздың қонақжайлылығын көруге болады. Осыған орай қатысушылар «Құдайы қонақ» – көлік күтіп, кеш болып кеткенде келген қонақ, ондай қонақты үй иесі қабылдауы қажет екендігі, «Сый қонақ» – арнайы шақырылған қонақ, «Қыдырма қонақ» – ауыл-үйдің қонағы екендігін ашық түсіндірді. Сонымен қатар «Жасау, енші», «Байғазы, көрімдік», «Иткөйлек», «Тәбәрік, ерулік» сөздерінің мағынасын ашып айтып, қазақтың ұлттық ойындары мен тағамдарын атаудан сайысқа түсті.
Қатысушылар келесі «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас», «Бұрымды қыз», «Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ұлттық тағамды әзірлеп, таныстыру» бойынша да өздерінің шеберліктерін көрсете білді. «Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей шешуші кезеңде қатысушылар қойылған сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап берді.
Сайыста жеңу де, жеңіліс те болады. Дегенмен сайысқа қатысып өз деңгейіңді көрсетудің өзі үлкен жеңіс, бақыт. Қазылар алқасының шешімімен белсенділік танытқан ата-аналар анықталып, оларға түрлі деңгейдегі номинациялар беріліп, марапатталды.
Сайысқа қатысушыларға алдағы кезде де мол жетістіктер тілеп, осы іс-шара арқылы балабақша мен тәрбиеленушілердің ата-аналары арасындағы байланыс нығая түскендігінің куәсі болдық. Себебі, тамашалаған ұстаздар мен бүлдіршіндер тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға қанықты. Алдағы кезде де бар білгенімізді балаларға сыйлай жүрейік.
КАРИБАЕВА Насиба –“Балбөбек” бөбекжай-бақшасының “Ақбота” тобының тәрбиешісі.
Made on
Tilda