ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ» атты аудандық форум өтті

Мәдениет
Форум легі қаладағы «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, ананың қоғамдағы теңдессіз орнына тағзым білдірумен өрбіді. Одан кейін ұлттық болмысымызды айшықтайтын «Ұлттық киім – ұлттың бейнесі» атты ұлттық киімдер шеруі өтті. Қазақ әйелдерінің заманауи және дәстүрлі үлгідегі киімдері арқылы ұлт рухы көрініс тапты.
Форумның мазмұнды жалғасы ретінде Абай алаңында ұйымдастырылған «Құрақ өрнектері – 60» атты көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Аталған көрмеде «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қолөнер шеберлері дайындаған ұзындығы 60 метрге жететін құрақ көрпе таныстырылып, ұлттық қолөнердің ғажайып үлгісі паш етілді.
Шараның негізгі бөлігі Шардара аудандық мәдениет сарайында жалғасты. Ауқымды жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Ботакөз Мошқалова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог-маманы Асылхан Данияров және ауданның ардақты аналары, мәдениет, білім, әлеуметтік сала өкілдері мен БАҚ қызметкерлері қатысты.
Форум барысында аудандық филиал төрайымы Бибігүл Көшекеева бірлестіктің негізгі мақсаты мен жеткен жетістіктерін қамтыған мазмұнды баяндама жасап, ұлттық дәстүр мен аналар институтының маңызын тереңінен қозғады.
– Біздің бірлестіктің негізгі мақсаты – ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу, ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен дәріптеу, ана мәртебесін көтеру. Ананың тәрбиесі – ұлттың болашағы, мемлекеттің негізі. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан бұлжымас қағида. Бүгінде бірлестік мүшелері аудан көлемінде талай игі істерге ұйытқы болып келеді. Жастар тәр-биесі, отбасылық құндылықтар, ұлттық болмысты сақтауға бағытталған көптеген кездесулер, тағылымды іс-шаралар өткізіліп, аналардың қоғамдық рөлі артып келеді. Ұрпақ санасына ұлттық болмысымызды сіңіріп, ел ертеңіне жауапты азамат тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл жолда сіздермен бірге нәтижелі еңбек ете береміз деген сенімдемін, -деді Бибігүл Тасқұлқызы.
Форумда аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков құттықтау сөз сөйлеп, елдік пен ұлттық құндылықты ұлықтап жүрген бірқатар аналарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ, форумда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог-маманы А.Данияров және «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Ж.Мүталиева сөз сөйлеп, форум қатысушыларына ақжарма тілектерін білдірді.
Форум аясында Ботакөз Мошқалова да ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ардагерлер мен аналарға Алғыс хаттар табыстап, рухани сабақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті.
Салтанатты жиын соңында дизайнер Ақмарал Дауылбаеваның ұйымдастыруымен «Ұлттық киім – ұлттың бейнесі» атты сән көрсетілімі өтті. Онда қазақ аналарының ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Форум соңын аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары дайындаған мерекелік концерт түйіндеді. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған бұл шара – қазақ аналарының қоғамдағы айрықша рөлін дәріптеп, ұлттың рухани өзегін жаңғыртуға бағытталған маңызды басқосу болды.
Аудан жұртшылығына рухани серпін берген форум – қоғамдық ұйымдар мен ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, ұлттық болмысымызды бекемдей түсті.
А.ҚАРАУЫЛ.
Made on
Tilda