ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Көңіл қымбат бәрінен...» Ұстаз – ақын Ажар Сламованың шығармашылық кеші.

Мәдениет
Халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Данышпан қазақ халқы ақынға кенде болмаған. Поэзия әлеміне көз салсақ қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегінен орын алып, өлеңдеріне арқау болған.
Шежірелі Шардара – үлкен өнер өлкесі десек артық айтқандығымыз емес. Қазақтың қара өлеңіне үлкен үлес қосқан талай тарлан таланттар шыққан жер бұл өңір, жыр жүйріктері қазақ жырының мерейін аспандатқан дала осы. Атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты жерлес ақынымыз Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ардақты ұстаз, ақын, сазгер Сламова Ажар Сапарғалиқызының шығармашылығына арналған «Көңіл қымбат бәрінен ...» атты кездесу кеші, жаңадан баспадан шыққан «Көктем күліп келеді» атты жыр жинағының тұсаукесері қаладағы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатында өтті.
Ондағы мақсат жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Ажар Сапарғалиқызы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог–шебер. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. «Үздік педагог –2021», Әлем халықтары жазушылары Одағының, авторлар қоғамының, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» белді мүшесі. Сонымен қатар «Қош, аяулы ұстазым!», «Жаушықұм», «Өмір, өзіңе сенем!», «Анашым», «Шуақтым», «Жақсы көрсең...» сынды 30-ға жуық әннің, мектеп-интернаттың әнұранының авторы, «Шардарам», «Тәттім-ау», «Жолдар», «Фатимажан», «Айдыным», «Іздедім сені», «Бар ма екен жандар?», «Тартшы, әке, домбыраңды», «Жеңешем», «Сағындым» секілді 40-тан астам өлеңіне сазгерлер ән жазған. ӘХЖО-ның халықаралық «Әл-Фараби» атындағы дипломының иегері. Бірнеше жыр мүшайраларының жеңімпазы, «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» жыр фестивалінің дипломанты, Республикалық «Әл-Фараби», «Қ.Бітібаева», «Абайтану», «Жарқын болашақ» олимпиадалары мен «Абай», «Ілияс», «Мұқағали» оқуларының жеңімпаздарын дайындаған жетекші ұстаз.
Іс-шараға келушілер алдымен мектептің кіре берісінде Ажар Сламованың шығарған мектепке арнаған гимні мен мектептің акт залына қойылған мектеп кітапханашысы Э.Тәжібек ұйымдастырған «Сламова Ажар Сапарғалиқызы – шебер –педагог» атты көрмені тамашалады. Онда ақынның шығармалары мен марапаттарына, әдістемелік оқу құралдарына орын берілген. Сол сияқты жетістіктерін айғақтайтын түрлі байқаулардағы суреттер қойылған. Көрменің өзінен Ажар Сапарғалиқызы жайлы көп мағлұматты алуға болады.
Мектептің 8 «Б» сынып оқушылары билеген «Мереке» биінен кейін осы сыныптың оқушысы Нұрай Тұрсынханмен бірге өзінің «Қош бол, аяулы мектебім!» әнін орындаған Ажар Сапарғалиқызын іс-шараға қатысушылар тік тұрып қол шапалақтап қарсы алып, құрметті орынға отырғызғаннан кейін негізгі іс-шара басталды. Бейнебаян арқылы өмірдерегі таныстырылды.
Поэзия мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны, махаббат, сүйіспеншілік, адам жүрегінің мың сан сезімін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние. Табиғат аясында өскен ақындардың жүрегінде поэзия сазы дүрсіл қағады. Туған жерінің көркеюі мен келісті келбеті ақын-ұстаздың жырларына арқау болды. Жинала-жинала келіп көлемі екі жүз беттік «Көктем күліп келеді» атты өлеңдер жинағы болып, оқырман қауымның қолына жетті.
Көңілді кештің шымылдығы ашылып, алғашқы құттықтау сөз «Қ.Иса атындағы шығармашылық бірлестік» төрағасы, аудандық «Өскен өңір» газетінің директоры-бас редакторы, ақын Сәбит Лахановқа берілді.
– Армысыздар, құрметті өнер жанашырлары! Қадірлі де қадірменді ұстаздар мен мектеп оқушылары! Міне, бүгін Сіздер мен біздер жанды жадырататын, рухани байлығымызды арттыратын тамаша кештің куәгерлері болып отырмыз. Бүгін Шардараның аспаны тағы да бір шалқыған жырға бөленгелі тұр. Оған себеп ұстаздардың әріптесі, оқушылардың ұстазы, біздің де әріптесіміз Ажар Сапарғалиқызының жүрегін жарып шыққан жырларын топтап, бізге ұсынған кітабы. Осы жыр жинағының тұсаукесері құтты бола берсін!
Мен үнемі айтып жүремін. Дәл қазіргі кезең Шардарадан шыққан ақын-жазушылардың, жалпы Шардара өнерпаздарының шарықтау кезеңі. Оған көп мысал келтіруге болады. Шардарадан шыққан ақындар дегенде сонау Парламент төрінде отырған Қазыбек Иса, одан беріректе Әлібек Шегебай, Бауыржан Қарабеков, Әмірхан Балқыбектерді айтып мақтанамыз. Олардың бәрі осы Шардарадан түлеп ұшқан ағаларымыз. Қазіргі таңда сол үшеуі бірдей халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары. Бір ауданнан, дәлірек айтқанда Шардарадан, бір саладан, поэзиядан ғана үш лауреат шығып отыр.
Міне, сондай тұлғалар шыққан жерден, арамыздан шығып, бүгінгі күні халқына өзін мойындатқан, жан-жақтан бағасын алған әріптесіміз Ажар Сапарғалиқызының кітабын ашып көріп, жырларына риза болып отырмын, – деген Сәбит Қоспанұлы кітаптан «Өзіме есеп» өлеңін көпшілікке оқып беріп, «Көктем күліп келеді» кітабының тұсауын кесті.
Келесі кезекте ақын-сазгер, ардагер ұстаз, Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі Шығанақова Роза Жыққынбайқызы да ұстаз, ақын Ажар Сапарғалиқызына ақ тілегін айтып «Шақырту алып, кітабыңның тұсау кесеріне қуана-қуана келдім. Осы кітабың арқылы өзіңе есеп беріп отырсың. Алда жазарың, оқырманың көп болсын. Ақын жүректісің. Ертеректе мені шақырып, оқушыларыңмен кездесу өткізіп, қуантқаның бар. Сонда өзімді ақын сезініп, қанаттанып қайтқанмын. Әлем халықтары Жазушылары Одағына мүше болуымда да өзіңнің көп үлесің бар. Сондықтан да қуанышына ортақ болып келдім» деп тілегінің соңын өлеңмен жеткізді. Ажар Сапарғалиқызының иығына орамал салып, «Қасиетті орамал» әнін қонақкәде ретінде ұсынды.
«Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей Ажар да Роза әпкесіне ризашылығын білдіріп туылған күнімен құттықтап, білегіне күміс білезік тақты.
Сол сияқты көңілді кеште аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ғайша Амангелдіқызы кітапхананың ақын, жазушылармен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын, «Көктем күліп келеді» жыр жинағы мен оның авторы Ажар Сапарғалиқызы туралы оқырмандармен таныстырылым өткізілетіндігі жөнінде айтып, алдағы уақытта да жаңа жырлар жаза беруіне тілектестігін білдірді.
Ақын, термеші Қанат Дауылбаев та «Атына сай, көңілі көктемдей, айтар ойын поэзия арқылы бере алатын, өлеңге, әнге жан бітіретін, басқа ақындарды іздеп жүріп оқитын қасиеті бар. Жыр жинағы қолдан түспей оқылатын кітап болсын!» деп «Ақынға» деген өлеңін оқып, соңынан қонақ кәде ретінде «Дариға дәурен» әнін орындап берді. Мектеп директоры Қанайбекова Баян Төреқұлқызы да ақжарма тілегін айтып, Ажар Сапарғалиқызының «Шардарам» әнін орындап, сый-сияпатын тапсырды.
Әріптесі, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рыскүл Қарабаева болса ертеректе өзіне Ажардың «Бақытты әйел» кітапшасын, қырық жасқа толғанда бір дәптерді толтырып «Рубаяттар» сыйлағанын мақтанышпен атап өтіп, оларды көзінің қарашығындай сақтап жүргенін айтып, достық лебізін білдірді.
Сөз кезегі өзіне келгенде Ажар Сапарғалиқызы іс-шараны ұйымдастырушы мектеп ұжымына, оқушыларына, құрметтеп келген кеш қонақтарына шынайы алғысын білдіріп «Оқушыларымыздың ұстаздарын өздеріне үлгі тұтып өсетініндей мені де осы жолға түсуіме ақындар мен сазгерлердің ортасында көп болуым себеп болды. Соларға қарап, еліктеп, бой түзеп, осы деңгейге жеттім» деді.
Ажар Сапарғалиқызы мектептегі «Қауырсын қалам» шығармашылық тобының жетекшісі. Бұл топтың оқушылары ұстаздарының жырларын сүйіп оқып, жатқа айтады. Мұсабай Әли, Батырбек Иса, Мансұр Нұрислам, Құрбанбек Жангүл, Садыханова Әсел мен Толықбай Аружан ұстазының өлеңдерін жатқа айтып, апайларына деген құттықтауларын жеткізді.
Ақынның шығармашылық кеші мен «Көктем күліп келеді» атты жыр жинағының тұсаукесері іс-шараға қатысушылармен бірге орындауындағы өзі жазған «Мектеп гимнімен» қорытындыланды.
«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» деп текке айтпаған дана халқымыз. Сондықтан ақындарға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді.
Осы орайда біз де Ажар Сапарғалиқызына бізді сусындатар сарқылмас мәңгілік жырларыңыз, көңілдің бәрінен қымбаттығын жүрекке жеткізер іңкәр әндеріңіз бен жырларыңыз қауырсын қаламыңыздан толассыз жазыла берсін, жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын. «Көктем күліп келеді» жинағыңыз қолдан-қолға өтетін, оқырмандарыңыздың сүйіп оқитын кітабы болсын дейміз.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda