ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты

Cаясат
Мемлекет басшысы ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың кемшін тұстарына назар аударып, ішкі саясаттағы ауқымды идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Президент ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде театр өнеріне деген қызығушылық өсіп келе жатқанын алға тартып, өңірлердегі театрларды дамытуға әрі бұл іске бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай институтын Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларын қолдау, құжат түріндегі мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу, төл болмысымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын ұлттық цифрлық мұрағатты жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру, тарихи зерттеулерді жан-дандыру міндеттерін айқындады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылық алдындағы сөзінің бір бөлігі елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға арналды.
Президенттің айтуынша, мемлекеттің ең басты міндеті – аймақтардың экономикалық өсіміне түрткі болатын және өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жоятын бастамаларға баса мән беру. Бұл ретте биыл экономика-ның нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе, яғни 8 триллион теңгеге дейін ұлғаймақ. Президент өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларын дамыту жобаларына кеңінен тоқталып, оларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру маңызды екенін ескертті.
– «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, жаһанда жүріп жатқан үдерістерге шолу жасап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекетке айналдырудың қамы жөнінде ой толғады.
Президенттің пікірінше, еліміз тәуелсіздіктің 40 жылдығына қандай қандай жетістікпен жететінін, оған дейін қандай тарихи міндеттердің орындалуға тиіс екенін нақты білу маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні, энергетика, агроөнеркәсіп секторын және адам капиталын Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлары ретінде атады.
Made on
Tilda