Былтыр «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен ауданымызда көптеген маңызды жобалар жүзеге асты. 2023 жылы және ағымдағы жылдың 4 айында атқарылған жұмыстар бойынша «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет аудандық «Шартарап-Шарайна» ақпараттық-танымдық газеті және «Өскен өңір» газеттерінің журналистеріне есеп берді.
Өткен жылдың өзінде «АMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 557 арыз-өтініш келіп түссе, оның 82 пайызы – оң шешімін тауып, 18 пайызына заң аясында кеңестер берілсе, биыл І тоқсанда 156 арыз-өтініш келіп түссе, оның 72,2 пайызы – оң шешімін тауып, 27,8 пайызына заң аясында кеңестер берген. Партиялық бақылау комиссиясының 4 отырысы өткізіліп, 7 мәселе қаралып, 18 ұсыныс берілген. Бүгінгі таңда 15-і орындалып,3-і орындалу үстінде. Үстіміздегі жылдың 1-тоқсанында аталған комиссияның 1 отырысы өтіп, онда 3 мәселе қаралып, 3 ұсыныс берілген.
– Ауданда құрылысы басталған 2 нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Шардара қаласы, 4-ші мөлтек ауданы, №15 көше бойынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1200 орындық мектеп және Шардара қаласы, Өтеғұл мөлтек ауданы, Исатай көшесі бойынан 300 орындық мектеп құрылыстарына партиялық бақылау бекеттері орнатылған. Аталған білім ошақтарының құрылыстарына аудандық партия филиалы тарапынан тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде, - деді Ережеп Құбайбергенұлы.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты Жол картасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасында 5 жылға 63 іс-шара жоспарланған. 2023 жылы 59 іс-шара орындалуы жоспарланса 37 (62,7%) орындалған, ал 22-і (37,3%) орындалу үстінде.
Шардара аудандық мәслихатында «AMANAT» партиясы фракциясының 4 отырысы өткізіліп, партияның сайлауалды бағдарламасы Жол картасының орындалуы бойынша жауапты 7 лауазымды тұлғаның есептері тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, фракция отырысында сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша аудан әкімінің де есебі тыңдалды. Биыл фракция отырысының 2 отырысы өткізілді.
2023 жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Шардара ауданында 570 адам оқыту жоспарланған болатын. Ауданда 653 адам (114.6%) оқытылып, қолдарына сертификаттарын алды.
– Өткен жылы «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы өткізіліп, 40 балаға мектеп құралдары мен спорттық киімдер алынып берілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 1-қазан халықаралық қарттар күні мерекесіне орай «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты тақырыпта бастауыш партия ұйымдарында іс-шаралар өткізіліп, қарттарға құрмет көрсетілді. Барлық бастауыш партия ұйымдарында сенбіліктер мен жалғызбасты қарттардың аулаларын тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша өткен жылы 6 нысанға зерделелеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы бейімдеуден өтті. «Ұлттық мұра» жобасы аясында да түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілді. Аталған бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда - деді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет.
Сондай-ақ, былтыр Шардара ауданы бойынша «AMANAT» партиясының фракция мүшелері жалпы 58 депутаттық сауал жолдаған. Оның 15-і орындалып, қалған 43 сауал орындалу үстінде. Биыл жалпы қазіргі таңға 9 депутаттық сауал жолданған.
– Жалпы былтыр атқарылған жұмыстар аз емес, алда атқарылар жұмыстар одан да көп деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тұрмысын жақсартудағы тапсырмаларын орындау арқылы, біз алдағы уақытта ауданымыздың жоспарлары мен мақсат-міндеттеріне орай аймақ дамуындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешіп, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосамыз деп сенеміз, - деді Ережеп Құдайбергенұлы.
Айта кетейік, Шардара ауданында 4119 партия мүшесін біріктіретін, 15 бастауыш партия ұйымы жұмыс атқаруда. Өткен жылы партиялық жарна 100%-дан асыра орындалып, партия қатарына 156 адам қабылданып, 70 адам шығарылса, ағымдағы жылдың І тоқсанында партия қатарына 24 адам қабылданған.