ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ СЕССИЯСЫ БОЛДЫ

Cаясат
Сегізінші шақырылымдағы Шардара аудандық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясы болды. Сессияға аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысты. Сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев ашып, жүргізіп отырды.
Сессияның бекітілген күн тәртібіне орай бірінші мәселе – «Шардара ауданы әкімінің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттерінің іске асырылуы туралы» аудан әкімі Арман Қарсыбаев депутаттарға есеп берді. Онда аудандағы биылғы жылғы атқарылған жұмыстарды атап өтіп, алдағы міндеттерге де тоқталды. Сонымен қатар депутаттардың қойған сұрақтарына мекеме мамандарымен бірге жауап берді. Сұрақ-жауап кезінде Шардара аудандық су электр станциясының биылғы жылы салық төлемегеніне байланысты ауыл округтеріне қаржының аз бөлінгені, биылғы республикамыздағы бірқатар өңірлерді қарғын су басуына орай кейбір құрылыстарға республикадан түсетін қаржының кем түскені айтылды. Ұзын ата ауыл әкімшілігінің ғимараты да биыл бітіп, пайдалануға берілмек.
Сессияда Алатау батыр ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ақжаров, Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Жайнар Нұрбол, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітовтер де өздеріне жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берді.
Депутаттар ауыл әкімдерінен кәсіпкерлік нысандаар ашудың барысы, ауыз су, газ, электр энергиясының жағдайы жайлы сұрап, тиісінше жауап алды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева да өткен оқу жылының қорытындысы, биылғы оқу жылының барысы, мектептердің қысқа дайындығы, мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру, мектептегі ыстық тамақтың ұйымдастырылуы жөнінде айтып өтті.
Сессияның күн тәртібіндегі Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №15-67-VIII «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бауыржан Жетпісбаевтың ұсынысы қаржы жетіспеушілігіне байланысты өзгеріссіз қалдырылды.
Сессияда «Жаушықұм ауылдық округінің Жаушықұм елді мекенінің шекарасын (шегін) өзгерту және белгілеу туралы, Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №8-45-VIII «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Сырдария өзені бойындағы атаусыз саябаққа мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың есімін беру туралы, Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №26-165-VII «Шардара аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №17-85- VIII «Шардара ауданындағы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Шардара аудандық мәслихатының 2008 жылғы 26 наурыздағы №6-39-IV «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Шардара аудандық мәслихатының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі №19-125-V «Шардара ауданы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және Шардара ауданының Құрметті азаматы атағын беру туралы мәселелер қаралып, шешім қабылданды.
Made on
Tilda