ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Сессияда қаралды

Cаясат
Өткен аптада сегізінші шақырылымдағы Шардара аудандық мәслихатының кезекті жиырма екінші сессиясы өтті.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев ашып, жүргізіп отырды. Сессия отырысына Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б.Шомпиев, дербес бөлім басшылары мен қала, ауыл округ әкімдері, білім беру мекемелерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Кошалиев 31 наурызда өткен Сегізінші шақырылымдағы Шардара аудандық мәслихатынан шығып қалған депутаттың орнына өткізілген сайлаудың қорытындысымен таныстырып, №2 сайлау округі бойынша Шардара аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған Шардара ауданы, Шардара қаласының тұрғыны, 1974 жылы туылған, «Ер-Ри-Ба» ЖШС басшысы Бектасов Даулетбек Тулбасиевичке депутаттық куәлік пен төсбелгісін табыс етті.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылары туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Сыдықов Бағдәулет баяндама жасады. Онда Жаушықұм ауылдық округіне қарасты жайылымдық жерлерге, бақша егіліп, жылда қайталана беретін олқылықтар, яғни күзде сол жерлер тазаланбай қалатыны туралы талқыланды.
Сонымен қатар ауданымызға қарасты Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Байыров Марат, Сүткент ауылдық округінің әкімі Кенбай Қайрат өздеріне жүктелген қызметтері мен міндеттерінің іске асырылуы туралы баяндама жасады. Мәслихат депутаты, жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Райымқұлов Берік екі ауылдық округтің жұмыстарына жақсы деген баға беріп, сын-ескертпелерін де жеткізді. Айта өтсек, Қызылқұм ауылдық округінде 80 пайыз ағын су жүргізуге мүмкіндік барын және су келетін лотоктардың жарамсыз халде екенін айта келіп, ауылға кіреберіс екі көшені қоршауға алып, қадағалап, көгалдандыру қажеттілігін атап өтті. Сүткент ауылдық округі әкімінің жұмысын жоғары бағалап, ауылдық округтің 80 жылдық мерейтойға жақсы дайындықта екенін жеткізді.
Аудандық мәслихаттың сессияларында депутаттар айтқан сын-ескертпелер мен ұсыныстардың және депутаттық сауалдардың орындалу барысы туралы аудандық мәслихат төрағасы Мүтәлиев Бұлтбай баяндама жасады.
Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №15-67-VIIІ «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралып, ол туралы аудандық эконоика және қаржы бөлімінің басшысы Б.Жетпісбаев баяндама жасады. Онда аудандық бюджеттен бөлінген қаржының тиісті қажетті орынға жұмсалуы керектігі талқыланды.
Сондай-ақ, Шардара аудандық мәслихатының 2008 жылғы 26 наурыздағы №6-49-ІV «Шардара ауданы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 30 наурыздағы №1-4-VІІІ «Шардара аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, сандық құрамын белгілеу, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағаларын және олардың мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Шардара аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 ақпандағы №15-91-VІІ «Шардара аудандық мәслихатының регламентін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Шардара ауданының жер комиссиясының құрамын бекіту туралы мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарламашыларға аудандық мәслихат депутаттары сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер жан-жақты талқыланып, олар бойынша шешімдер бір ауыздан қабылданды.


Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda