ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АУДАН ӘКІМІ АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Әлеумет
Ауған соғысы – Кеңес Одағының тарихында айрықша із қалдырған ауыр оқиға. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 36 жыл толып отыр. Осы орайда, аудан әкімі Арман Қарсыбаев ардагер жерлестерімізді қабылдап, оларға шынайы алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
«Сіздер өмірлеріңіздің ең асыл кезеңін – жастық шақтарыңызды оқ пен от арасында өткіздіңіздер. Сіз-дердің ерліктеріңіз бен отансүйгіштіктеріңіз жастар үшін үлгі. Ауданымызда сіздердей батыр ағалары-мыздың барын мақтан тұтамыз!» – деп аудан әкімі ардагерлерді құттықтап, олардың ерліктеріне жоғары баға берді.
Кездесу барысында «Ауған соғысы ардагерлері кеңесі» қоғамдық ұйымының төрағасы М.Жұмалиев ар-дагерлердің атынан аудан әкіміне ыстық лебіз білдіріп, бейбіт өмір мен ел тыныштығын тіледі. «Бейбіт заманның қадірін түсіну үшін біз көп қиындықтарды бастан өткердік. Бүгінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін үлес қосып, жастарға Отан қорғаудың мәнін жеткізуге тиіспіз» деп атап өтті М.Жұмалиев.
Бұл қабылдау ардагерлердің ерліктеріне деген құрметтің көрінісі әрі олардың болашақ ұрпаққа үлгі болатындығының айқын дәлелі болды. Кездесу соңында аудан әкімі Шардара аудандық Ауған соғысы ар-дагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Мырзахан Әмірханұлы мен ардагер Беласаров Амангелді Жүсіпұлы, Кемел Ільяс Қадырұлы, Әлімбеков Мансұр Бектемирұлы, Қиясов Оразбай Абдумазиұлын Алғыс хатпен марапаттады. Ардагерлердің ерлігі мәңгілікке ұмытылмайтыны, әрқашан құрмет пен мақтанышқа ие болары сөзсіз.
«Шартарап–Шарайна»-ақпарат
Made on
Tilda