Алладан кейінгі барым да, нарым да – Ақкөкем, алдымдағы асқар Алатауым – Өстемір ағам туралы айтып тауыса алмаймын. Ағамның еңбек жолын басқа да қызметтес-әріптестері айтып жатқандықтан мен «мына жылы бастық болды, одан ана жерге көтерілді» деп қайталамай-ақ, өзім білетін Өсекеңнің қасиеттерін айтсам деймін.
Біздің атамекеніміз сонау Семей өңірі болып саналады. 1800 жылдардағы нәубет кезінде бірғауым ел бері қарай көш түзеп, Қызылдың құмына, Сырдың бойына барып қоныс тепкен екен. Біздің бабамыз Сырлыбай осында дүниеге келіпті. Сырлыбайдан Пірімқұл атамыз, Пірімқұлдан Тілеген әкем туған.
Әкем Тілеген мен анам Майсаханнан үш ұл-қыз өсіп-өндік. 1936 жылы әпкем Тұрғанай, 1944 жылы ағам Өстемір, 1950 жылы мен туылыппын. Өстемір ағам екеуіміздің арамызда Бектемір есімді бала болған екен. 5 жасында көз тиіп, шетінеп кетіпті. Негізінен анам бұдан да көп құрсақ көтергенімен, көпшілігі жастай өліп қала берген ғой. Сонымен құдайдың берген үш перзенті өмір сүрдік. Бүгінгі таңда әпкем Тұрғанай бақилық болып кетті, одан тараған жиендердің өзі үлкен әулетке айналды.
Әкем Тілеген өмірден озғанша аттан түспей кетті. 1936 жылдан 1952 жылға дейін 16 фермада меңгеруші болып қызмет атқарса, кейіннен мақта шаруашылығында бригадир болып зейнетке шыққанша жұмыс істеді. Ақ жал атты тайпалтып мініп жүретін, жарықтық.
Әкем соғыс жылдарында өкіметке мал өнімдерін өткізіп отырған. Екі арбалы тачанкаға фермаларды аралап, ет, сүт, ірімшік, брынза жинап, Ильич кентіндегі әскери комиссариатқа әкеліп өткізеді екен. Кесек мінезді, өте іскер, жұмысына ұқыпты болған әкемді жұртшылық қатты құрмет тұтатын. Өкіметтің жұмысында жүрсе де жоқ-жұқанаға, жетім-жесірге қарасып отыруды өзінің адамгершілік парызы санаған. Әсіресе соғыс кезінде көптеген отбасына жасаған қамқорлығын адамдар кешеге дейін айтып жүрді. Сол жылдары 20 шақты адамды әскери комиссариатқа айтып жүріп соғыстан броньмен алып қалған екен. Олар бір үйдің жалғыз баласы, немесе соңғы балалары болған. Егер олар да ұрысқа аттанып кетсе оралмай қалулары әбден мүмкін екенін ойлап, қанды қырғыннан аман алып қалған. Соның арқасында сол отбасыларда өмір көші ары қарай жалғасып, ұрпақтары өсіп-өніп отырды. Әскерден алып қалған адамның бірі өзіміздің Жүніс Әбілқасымов ағамыз болса, тағы біреуі Дүйсенбек Пірназаров ағамыз еді. Дүйсекең жарықтық: «Тілеген жездем абырой-беделінің арқасында бізді алып қалды. Әйтпесе миллиондаған адамның басын жалмаған сұм соғыста қаңғыған бір оқ тиіп, сүйегіміз қайда жатқанын бір құдай білетін еді. Қанша үйдің ошағын өшірмей, өрімдей жастарды ауылда қалдырды» деп отыратын.
Әкем қатал кісі болғанымен, анамыз Майсахан жұмсақ мінезді адам еді. Анам үй шаруасында болды. Өстемір ағамның түр-келбеті анама, менің түр-келбетім әкеме тартып өстік.
Ес білгеннен әпкем Тұрғанай мен ағам Өстемір мені арқалап өсірді. Үйдің кенжесі болғасын еркеліктің бәрі менде болды. «Ағасы бардың жағасы бар» деп ата-бабамыз тауып айтқан ғой. Бала кезімнен бүгінге дейін Өсекең маған қорған болып келе жатыр.
Өстемір ағамнан мен не үйрендім? Бірінші кезекте – еңбекқорлықты. Содан кейінгі қасиеті – қатал тәртіп. Әлі күнге сондай. Өсекең оқушы кезінде қарап жатпайтын. «Запперменің, біргәдірдің баласымын» деп шалқайып жатпастан, қара жұмыстың бәрін істейтін. Мал да бағатын, кетпен шауып, егін де егетін, қора-қопсыны бүтіндеп, ұста да болатын. Студент кезде де тыным алмайтын. Демалыс кезінде достарымен кірпіш құйып, үй соғып, өз қаражатын өзі табатын.
Баранбаз деген жерде туып-өстік. Энгельс атындағы жетіжылдық мектепте сауат аштық. Ағам жоғары оқу бітірді. Мен шоферлық курсты, одан Мақтаарал совхоз-техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітірдім. Былайша айтқанда кемпір-шалдың қасынан ұзаған жоқпын. Жас кезімде әкемнің Өтемірге айтқан сөзі есімде:
–Өстемір, мына бала бізге қараймын деп оқыған жоқ. Сен институтта оқып жатсың. Алдыңда әпкең бар, соңыңда інің бар. Ошақтың үш бұтындай бірге болыңдар. Бір мейіз тапсаң үшке бөліп жеңдер. Қыз жат жұрттық, өзінің елі бар. Сен мына ініңе қара, қамқор болуды ұмытпа, қарағым, – деп сөзіне салмақ тастап Өсекеңе тапсырған еді.
Әке өсиетіне Өстемір көкем әлі күнге адалдық танытып келеді. Мен қандай биікке, ұшпаққа шықсам да әуелі құдайдың, содан кейін Өстемір ағамның арқасы. Жастық желікпен қиыс кеткен жерлерімді тезге салғандай түзеп отырды. Жігіт болғанның жөні осы деп ішімдік ішіп, шалқыған кездер болды. Үш жылдай дәмін татып жүрдім. Арақ әзәзілдің адамға абырой әперген жері болушы ма еді. Өстемір ағам сезіп қойды да, төбелеп жүріп қойғызды. Құдай деп айтайын, аузыма арақ алмағаныма қырық жылға таяу уақыт болыпты. Өсекеңнің қатал тәртібінің арқасында осылайша ішімдік деген пәлекеттен аман қалдым.
Өстемір ағам әпкем Тұрғанайға да, маған да қарасумен келді. Еліміз Тәуелсіздік алып, кеңшарлар тарап, халық өз алдарына жер ұпайларын алып жатқан тұста Өстемір ағам Тұрғанай әпкеміз екеуімізге тиесілі жер телімін алып берді. Қазіргі таңда Тұрғанай әпкемнің ұлдары сол жерден нәпақасын айырып, шаруасын дөңгелетіп, елдің алды болып ғұмыр кешіп жатыр.
1967 жылдан бастап Өстемір ағам Шардарада қызмет істеді. Осы ауданның қазығын қағысып, іргетасын құрылысшылармен бірге қалады. Үлкен басқармаларды, трестерді басқарды, ауданның тұңғыш әкімі болды. Ағамның соңынан мен де осында келіп, біраз мекемеде қызмет атқардым. №1 автобазада 9 жыл «Зил» автокөлігін жүргіздім. Осы мекемеде 12 жыл колонна бастығы, 2 жыл бас инженер қызметін атқардым. Бұхарбай Әділханов сынды жақсы азаматтар мекемеге басшы болды. Кейіннен Есенбек Қаханов бастық болды. Автобазадан кейін коммуналдық шаруашылық мекемесіне барып, басшының орынбасары болып, 2012 жылы зейнетке шықтым. Ол жерде Үсен Қамбаров басшылық жасады. Аға буын өкілдерімен бірге Қызылқұм тыңын игеруге қатысып, тер төккеніме өзімді бақытты санаймын.
Шежірелі Шардара топырағында тіршілік жасап келе жатырмыз. Ұл-қыз өсіріп, өзіміз де ата болып отырмыз. Өстемір ағам мен жеңгем 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірсе, мен 2 ұл, 3 қыз өсірдім. Олардан балдай тәтті немерелер сүйіп отырмын.
Тілім шыққаннан Өстемір ағамды Ақкөке деп өсіп едім. Әлі күнге солай деп атап келемін. Еркелесең - еркелігіңді көтеретін, бұзықтық жасасаң - тентектігіңді көтеретін, жетістігіңе қуанып, кемістігіңе мұңаятын бір адам болса - ол осы Ақкөкем. Әке орнына әке болды, ана орнына ана болды. Осындай бауырым барда мен бақыттымын. Ақкөкем барда өзімді бала сезінемін.
80 жастың сеңгіріне биік абыроймен, қадір-құрметімен шығып отырған Өстемір көкеме ұзақ ғұмыр тілеймін. Ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің рахатын көрсін. Арамызда аман-есен жүре берсін. Алладан Ақкөкеме барлық жақсылықты тілеймін!
Сыражиддин ТІЛЕГЕНОВ, еңбек ардагері,
Шардара ауданының Құрметті азаматы.