ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ерекше жандар ерекше ойын көрсетті

Әлеумет
Ауданымызда биылғы өткізілетін мереке қарсаңында әр ауылда, тіпті әр мекемеде түрлі деңгейдегі шаралар бірінен кейін бірі өткізілуде. Атап айтар болсақ, сондай шаралардың бірі биылғы Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл және Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өтті.
Орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Ерназар Қуаныш Ергешұлы ұйымдастырып өткізген аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бильярд, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан өткізілген жарысты орталық басшысы Аббаз Тұрғынбаев қысқаша сөз сөйлеп ашып, алдағы мерекелердің маңыздылығын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сол сияқты аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бубажар Есбосынова, ардагер адвокат Изатулла Құрманбек өз тілектерін білдіріп жарыста жеңіс те, жеңіліс те болатынын айтып, «Жарыста жеңілсеңдер де өмірде ешқашан жеңілістерің болмасын» деді.
Тартысты өткен бәсекеде жеңімпаз болып танылғандарға орталық басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Бақтыбай Исмайлов медалдар мен Алғыс хаттар, сонымен қатар ауданымыздың үнемі демеушілік жасап жүретін демеушілері, кәсіпкерлер Жұмабек Қаблан мен Бекжігіт Шойбековтың арнайы дайындаған естелік сыйлықтарын табыс етті.
Бильярд ойынынан I орынды Қуаныш Бекпенбетов, II орынды Сәрсенбек Рсалиев, III орынды Өнербай Төлебаев, шахмат ойынынан I орынды Елғонды Ахметов, II орынды Изатулла Құрмамбек, III орынды Шохриниса Саттарова, дойбыдан I орынды Қуаныш Бекпенбетов, II орынды Умирзақ Ескермесов, III орынды Сәрсенбек Ирсалиев, тоғызқұмалақтан I орынды Айпаршын Бигелова, II орынды Өнербай Төлебаев, III орынды Сәуле Жүсіп иеленді. Алмасбек Бигелов пен Ақтолқын Жұртбаева ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Барлық жеңімпаздарға алдағы жарыстарда да жеңіске жете беріңіздер, мәртебелеріңіз биіктен, мерейлеріңіз арта берсін деген тілегімізді білдіреміз.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda