ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді

Әлеумет
Жемқорлық мәселесі қазіргі кезде барлық елді, барлық саланы жайлап барады. Оның алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанына қарамастан жемқорлықтың жаңа түрлері де пайда болуда. Оның зардабын халық көруде.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, олардың түйіткілді мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын түсіндіру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық Департаментінің ұйымдастыруымен құрылған мобильді топ аудандық кәсіпкерлік бөлімінде қала тұрғындарымен кездесу өткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің аға тергеушісі Сағымбек Заманбек Кәрімұлы, Шардара ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы, Шардара қаласының әкімі Айдосов Олжас Қалмухамбетұлы, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекетов Ережеп Құдайбергенұлы, Шардара аумақтық жеке сот орындаушылар бөлімінің басшысы Бакиров Нұрлан Құрбанбайұлы, адвокат Қанжігітов Төребек Құдайбергенұлы кездесуге келген азаматтарға құқықтық көмек көрсетті.
Қала тұрғындары Халықова Айжамал, Есімова Айгүл, Арынова Бейсенкүл, Меңлібекова Фаридалар мен тағы басқалар атаулы әлеуметтік көмек алу, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жалғызбасты, толық емес отбасы мүшелерінің жерге, тұрғын үйге кезекке тіркелуі, банкроттыққа қалай арыз беру керектігі, бұғатталған есеп-шоттарды қалай ашу керектігі жөніндегі сұрақтарына тиісінше жауаптар алды. Оларға мамандар тарапынан әлеуметті желідегі жалған ақпараттарға сенбеу керектігі, тек тиісті орындар арқылы мәселені шешу қажеттігі түсіндірілді.
«AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Құдайбергенұлының қала іші аралық жүретін автобустардың маршрутына өзгеріс енгізу, жаңадан берілген баспаналар орналасқан көшелердің бойына «қоқыс жәшіктерін» қою және ол көшелерге газ құрылысы қашан жүргізілетіні, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке куәлігінің мерзімі өткен жағдайда қайта жаңартуда оларға айыппұл салу заңдылығы және қаладан Жаушықұм ауылына шығатын Еркөбек көшесіне жол жөндеу жұмыстарының қашан жүргізілетіні жөніндегі сұрақтарына тиісті мамандар жауап берді.
Жаушықұм ауылындағы осындай халыққа құқықтық көмек көрсету бойынша өткен жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратүнов пен Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов те қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй, тұрғын үйді өздерінің атына өткізу, алимент өндіру, мерзімі өткен несиелер, айыппұл мен қарыз ақшаны өндіру, Жаушықұм массивін суландыру жұмысының тоқтап қалуы жайлы сұрақтарына жауап алды.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda