ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Балғын бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады

Әлеумет
Жаз маусымының алғашқы күні, яғни 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау мерекесі. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік сала қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «PLAY PARK» ойын алаңында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған мерекелік шара өтті. Балғын балапандардың қуанышына ортақтаса келген аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді. Өз сөзінде балапандарға қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек 1 маусымда ғана емес, әркез үлкендердің назарында болуы тиіс екендігін атап өтті.
Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне арналған шара барысында балаларға арналған атракциондар тегін қызмет көрсетіп, балапандарға 30-ға жуық тегін балмұздақ пен тәтті шырын үлестірілді. Балалар сыйлық алып, мәз-мейрам болды.
–Мерекелік шараның жақсы өтуіне барынша қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған қайырымды азаматтар мен жеке кәсіпкерлерге ерекше алғыс айтып, Алла разы болсын дейміз, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков.
Шара соңында мүмкіндігі шектеулі, ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары балғын бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғыс айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Бота Болатова
Made on
Tilda