ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Аналар мен арулар ардақталған күн

Әлеумет
Аналар мен арулар ардақталған бұл айтулы күн жыл сайын нұрлы көктеммен бірге келіп, қалың жұртты ерекше қуаныш пен шуаққа бөлейді. Ұлыстың ұйытқысы, ұлттың берекенің бесігі саналатын аяулы ана, сүйікті жар, тұлымды қыз бен қырмызы келіншектердің мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні биыл да ауданымызда кең көлемде аталып өтті.
Әр отбасы мен мекемеде әйел-аналарға арнап жүрекжарды ақ тілектер айтылып, сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді. «Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келін – тынысың» деген қазақ даналығы да осы нәзік жандыларға қандай құрмет көрсетсе де артық еместігін аңғартады.
Осындай шаттыққа толы мерекелік шара аудандық Мәдениет сарайында «Әлемнің жарығы – Ана» тақырыбымен өрбіді. Күллі әлемге мейірім мен ізгіліктің шуағын шашып, нұр құйған бұл күні әрбір жанның жүрек түкпірінен аналарға деген ақ тілектері ақтарыла түсті. Салтанатты жиында аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Құрметті аналар, қыз-келіншектер! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер – бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен қасиетті анасыздар. Әрдайым жүздеріңізден шаттық кетпей, көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің символы болып жүре беріңіздер. Біз сіздерді қадірлейміз, қас-терлейміз және мақтан тұтамыз. Әр күндеріңіз қуанышқа толы болсын! Әйел бақытына кенеле беріңіздер, – деген аудан басшысы облыс пен ауданымыздың дамуына үлес қосқан бірқатар ардақты аналарға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Made on
Tilda