ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Болашаққа мүмкіндік – жаңа өмір»

Әлеумет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидасын жүзеге асыру аясында ауданымызда ерекше мазмұндағы маңызды шара – «Болашаққа мүмкіндік – жаңа өмір» атты форум өтті.
Бұл форум пробациялық есепте тұрған азаматтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру, оларды қоғамға бейімдеу және тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы, аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Шералы Әділханұлы, ардагер мен жастар қатысып, өз салалары бойынша пікірлерін білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков өз сөзінде:
– Бұл форум – қоғамнан шеттеп қалған жандарға екінші мүмкіндік берудің нақты көрінісі. Біз қылмыс жасаған азаматтарды жазалап қана қоймай, олардың өмірге қайта араласуына, адам қатарына қосылуына жол ашуымыз керек. Ол үшін бізге бірлескен жұмыс, жанашырлық пен түсіністік қажет. Ауданы-мызда бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр, – деп атап өтті.
Ал аудан прокуроры Алмас Әлі «Әр азаматтың өмірі қымбат. Пробациялық бақылаудағы азаматтарға заң аясында қолдау көрсету, оларды жұмысқа орналастыру, психологиялық және құқықтық көмек көрсету – басты мақсатымыз» деді.
Шара барысында Шардара халық театрының әртістері «Тағдырдың ащы сабағы» атты әсерлі қойылым ұсы-нып, тағдыр талқысындағы жандардың өмірінен көрініс көрсетті. Бұл сахналық қойылым көрермендердің жүрегіне жол тауып, жастарға терең ой салды. Форум аясында аудандық Мәдениет сарайының өнер-паздары ән шырқап, шараның сәнін келтірді.
Форум – тек ақпараттық емес, адам тағдырына бей-жай қарамайтын жанашыр қоғамның айғағы болды. Осындай шаралар арқылы сотты болған азаматтардың өмірге деген сенімі нығайып, жаңа жолға түсуге талпыныстары арта түспек.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda