ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«ҰРАНДЫ ЕРДІҢ – ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР"

Әлеумет ҚР қарулы күштері
Жуырда Шардара ауданындағы №16 Көпсалалы кәсіптік білім беру колледжінде жастардың бойында отансүйгіштік пен әскери қызметке деген жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында “Ұранды ердің – ұрпағы қайсар” атты патриоттық кездесу өтті. Бұл тағылымы терең іс-шара Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Жиынға Шардара ауданы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс 10216-Е әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Болатбеков Айбар Айдынбекұлы, Арнасай шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Қадыров Мират Азаматұлы және Ауған соғысының ардагерлері – Суюнов Беркінбай Сарыбайұлы, Сабыралиев Берік Орынбасарұлы, Сейтмұратов Бекболат қатысты.
Жастар мен ардагерлер арасындағы еркін форматтағы бұл кездесу ерекше рухты, әсерлі әрі тәрбиелік маңызы зор болды. Студенттер көкейде жүрген сауалдарын қойып, әскери борыш пен ел қорғаудың мәні жайында өмірден алынған мысалдарға қанықты.
Ауған соғысының ардагері Суюнов Беркінбай Сарыбайұлы жас ұрпаққа мынадай өнегелі ой айтты:
– Әскер – нағыз ер азаматты тәрбиелейтін мектеп. Біз Ауған жерінде интернационалдық борышымызды өтей жүріп, бірліктің, батырлықтың, ерліктің не екенін терең ұғындық. Бүгінгі жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, табандылық болуға тиіс. Әскер – бұл тек міндет қана емес, бұл – мәртебе! Елдің тыныштығын сақтау – ер азаматтың қасиетті борышы! Осыны ұмытпаңдар, – деді ардагер тебірене.
Кездесу соңында студенттер патриоттық рухпен қанаттанып, әскер қатарына қосылудың маңызын айқын сезінді. Көпшілік бұл басқосуды болашақ жауынгерлер үшін үлкен серпіліс пен шабыттың көзі ретінде бағалады.
Іс-шараны “BAGLAN GROUP” қоғамдық қоры ұйымдастырды. Жобаның үйлестірушісі әрі модераторы– экономика ғылымдарының магистрі, қаржыгер-экономист Құрбанов Әбілқайыр Жүсбекұлы.
“Ұранды ердің – ұрпағы қайсар” атты бұл патриоттық жоба — елін, жерін сүйетін, ұлтына адал қызмет етуге дайын жас буынды тәрбиелеудің жарқын үлгісі.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda