Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың басты міндеттерінің бірі. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан экологиялық іс-шаралар – табиғатты аялаудың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Жуырда жастардың қатысуымен ерекше мазмұнға ие «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі» атауымен өткен жастар слеті жастардың табиғатқа жанашырлығын арттырып, бойына елге деген сүйіспеншілік пен тазалыққа деген жауапкершілік сезімін сіңіруді мақсат етті. Шардара аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Мұсабеков өз сөзінде: – Бұл акция жастардың бойында экологиялық сана қалыптастырумен қатар, оларды елжандылық пен еңбекке баулиды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Осы ұстаныммен, табиғатты қорғау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін жастар жақсы түсініп келеді, – деді. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл іс-шара аясында «Экоплоггинг» сайысы ұйымдастырылып, Шардара су қоймасының жағалауында кең көлемді сенбілік өтті. Шара барысында 150-ге жуық жас белсенді бір тоннаға жуық тұрмыстық қалдық пен пластик өнімін жинап, туған өлкеге жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша, І орынды «Ұзыната» командасы, ІІ орынды «Сұңқар», ал ІІІ орынды «Көкжал» командалары иеленіп, арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Жастардың ұйымшылдығы мен белсенділігі көңіл қуантады. Слетке қатысқан ерікті жастардың бірі, №16 колледж студенті Абушахман Нұрасыл: – Табиғатты сүю – туған жерді сүюдің бір көрінісі деп білемін. Бұл шараға қатысу арқылы біз табиғатқа қаншалықты зиян келіп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Енді мұндай сенбіліктерге жиі қатысып, өзгелерге де үлгі болуға тырысамын, – деп өз әсерімен бөлісті. Қорытындылай келе, табиғатты аялау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келер ұрпақтың да алдындағы парыз. Шардара жастары осы жауапкершілікті терең түсініп, нақты әрекеттерімен үлгі көрсетіп келеді. Табиғат – бізге аманат. Оны көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың борышы екенін ұмытпайық! Аяжан ТӘЖІ