ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ХАЛЫҚ ҚҰРМЕТТЕГЕН ҚАЙРАТКЕР

Әлеумет
Атына лайық болып өскен азамат
Бар саналы ғұмырын туған жерді түлетуге, көркейтуге арнаған тау тұлғалы азамат Өстемір аға Тілегенұлы 80 жасқа толып отыр. Ағамыз туралы көп айтуға да, көп жазуға да әбден болады. Себебі, Өстемір ағам соған лайықты адам. Ағамыздың атына заты сай болып ғұмыр кешіп келе жатқанына мақтанышпен қараймыз. Бүгінде елдің арқа тұтар елағасына айналған абзал ағаға мен де інілік тілегімді білдіру үшін қолыма қалам алып, ақ қағазға түсіріп отырмын.
«Адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмайсың» дейді. Сол айтқандай, Өстемір ағамен біздер туысқан болып келеміз. Жастайынан өкіметтің малын бағып еңбек еткен әкем Бердібек пен оның інісі Төлеп көкем Тілеген атамызбен де, баласы Өстемірмен де көп араласатын еді. Құм ішіндегі фермаларда жұмыс бабымен жүретін Өстемір ағалармен әкемдер таң атқанға дейін әңгіме-дүкен құрып, жақсы отырыстар болатын. Жас болсам да сондай сапарларға мен де еріп жүруші едім. Кейіннен жоғары оқу орнын бітіріп келіп мен де қызметке араластым. Шардара кеңшарына қарасты фермаларда зоотехник, ферма меңгеруші болып жұмыс істедім. Кеңшардың комсомол жастар ұйымына хатшылық жасадым. Кейіннен кеңшардың бастауыш партия ұйымына басшылық жасап, қызмет сатысымен көтеріле бастадым. Партком хатшысы кезімде Төлеп көкем бақилық болып кетті. Ауданда құрылыс салаларында басшылық қызметтер атқарған Өстемір аға облыстық деңгейдегі үлкен трестке басшы болды. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Мен Шымкентке барған сайын Өстемір ағаға міндетті түрде соғып амандасып кетуші едім. Елдің амандығын сұрап, ауданның тыныс-тіршілігін әңгіме қылатынбыз.
Коммунистік жүйе тарап, еліміз егемендік алды. 1992 жылдың аяғында әкімдік құрылым өмірге келді. Облыс әкімі Марс Үркімбаевтың өкімімен Өстемір ағам Шардара ауданына әкім болып қызметке келді. Ауданның тұңғыш әкімі болып бекітілген Өсекең Шардараға бес жыл басшылық жасады. Ол уақыттар өте қиын кезеңдер еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі билікке келгеніне көп бола қоймаған кез. Дүрілдеп тұрған кеңес өкіметі келмеске кеткен соң өз алдына тәуелсіз ел болған мемлекеттер қалыптасудың алғашқы қиындықтарын бастан кешіп жатты. Бұрынғы асып-тасып жататын баршылықтың бәрі көзден ұшты. Жұмысшылар айлық алмайды, қариялар зейнетақысын алмайды. Қазынада қаржы жоқ, бюджеттің бүйірін шығаратын салық болса да жоқ. Кәсіпкерлік дегенді жұртшылық түсініп болмаған кез. Елдің бәрі ала қоржынды арқалап, базарға шығып кеткен. Өте қиын жағдайлар еді ғой. Мемлекет басшысы сол кезде барлық әкімдерге бірінші кезекте елдің ауызбірлігін, ынтымағын сақтауды тапсырды. Содан кейінгі кезекте қолда барды ұқсатып, жұмыс жасауға ұйымдастыруды тапсырды. Ауылдың да, қаланың да тұрғындары осындай қиын сәттерді бастан кешіріп жатты. Міне, осындай қиын-қыстау кездер қала, аудан басқарған әкімдерге үлкен сын болды. Оларға үлкен жауапкершіліктер жүктелді. Тәжірибесі мол, іскер азаматтар қал-қадірінше жұмыс жүргізді. Осындай жауапты кезеңде Өстемір аға өзінің өмір көрген тәжірибелі басшы екендігін, көптеген өндіріс орындарында ысылған іскерлігін, ең бастысы халықпен қоян-қолтық жұмыс жасай білетін саясаткерлігін дәлеледеп берді. Өтпелі кезеңнен Шардара ауданын сүріндірмей алып шықты.
Ол кезде мен Шардара кеңшарында партком хатшысы едім. Бұл қызметті біраз жыл атқарып, тәжірибе жинақтап, оң-солымды біліп, төселіп қалған болатынмын. Осы уақытқа дейін кеңшарды басқарып келген Серік Батыршаев ең үлкен ауыл «Қазақстан» кеңшарына директор болып қызмет ауыстырды. Арада аз уақыт өткенде Шардара кеңшарының директорлығына менің кандидатурам ұсынылды. Құжаттарымды тиісті орындарға тапсырдым. Облыстық партия комитетінің 3-ші хатшысы әрі ауылшаруашылығы саласына жауапты басшысы Зауытбек Тұрысбеков болатын. Зауытбек Қауысбекұлының қабылдауында болып, әңгімелесуден өтіп, келісімін алдым. Тағы бір айта кетерлігі, Шардара кеңшары негізінен қаракөл қойын өсірумен шұғылданғандықтан Алматыға «Қазақруноқаракөл» бірлестігіне бағынатын. Сол мекеменің бастығы Көпмаханбет Елемесовтің алдынан да өтіп, келісімін алып қайттым. Осылайша Өстемір Тілегенұлының бұйрығымен 1992 жылдың 2 қазанында Шардара кеңшарына директор болып тағайындалдым. Ағамның маған үлкен сенім арта отырып, жауапты қызметті тапсыруы мен үшін зор мәртебе болғанымен аса жауапкершілік те жүктелгенін жақсы білемін. Ендігі мақсат – осы сенім үдесінен шығу болды. Жоғарыда айтқанымдай, егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын уақыттарды біздің кеңшар да бастан кешірді. Сол кезде Өстемір ағамыздың талапшылдығының, іскерлігінің арқасында көптеген шаруалар атқарылды. Мені жақыным екен, інім екен деп аяған жоқ. Заңды талаптарын қоя отырып, қиын тірліктердің ортасына салып отырды. Уақытпен санаспай жұмыс істедік. Өсекең барлық күш-жігерін, білімін сарқа пайдаланып, елді тығырықтан шығарудың жолын іздеді. Қарамағындағы барлық деңгейдегі қызметкерлерді осыған жұмылдырды. Өсекеңнің ақыл-кеңесімен жұмыс істей жүріп, жұмысшылардың жалақысын, зейнетақысын оң шешіп бердік. Біздің кеңшар мал өсірумен шұғылданатындықтан адамдарға жалақы орнына қой бердік, жалақы мен зейнетақы мөлшеріне қарай жеп-шөп бердік. Жекешелендіру кезінде де кеңшардың мүліктері мен жерін ауыл тұрғындарына теңдей бөліп беруге тырыстым. Ешкімді алаламай, өздеріне тиесілі үлестерін әділдікпен таратуға күш салдым. Өстемір ағаның үйреткен ақыл-кеңесі мен көрсеткен бағыт-бағдарының арқасында жекешелендіру дау-дамайсыз өтті. Тура істедің деп Өсекең де әлі күнге айтып отыратыны содан болса керек. Ағаның оң бағасын алу да ғанибет. Жақсы сөз адамға қанат бітіріп, құлшыныспен жұмыс істеуге талпындырады.
Өстемір аға осындай жауапты кезеңдегі шаруашылық есеппен, орысша айтқанда «хозрасчет» әдісімен жұмыс жасауы елді тығырықтан алып шыққан бірден-бір қадамы болды деп айта аламын. Қазығұрт ауданындағы экономист маман Тіллабай Мақұлбаев есімді азаматты әкеліп, семинар кеңес ұйымдастырғаны жұртшылықтың есінен шыға қойған жоқ. Өсекеңнің қол астындағы мамандардың, үлкенді-кішілі басшылардың қаржылық сауатын жетілдіру, шаруашылық есеппен айырбас жасауды үйрету мақсатындағы қыруар еңбектерін айтып тауыса алмаймын. Бұл әдісті бізден көріп басқа аудандар да өздеріне енгізіп жатты. Шаруашылық есеппен жұмыс істеудің арқасында біздің кеңшарлар жылды табыспен қорытындылап отырды.
Өсекеңнің бізге үйреткен әрбір ақыл-кеңесі былайғы уақытта да алдымнан шығып отырғанын айтқым келеді. Директор кезімде де, мәслихат хатшысы кезімде де ағамыздың салып берген сара жолын басшылыққа алып отырдым. Аудан әкімі қызметінде болсын, облыстағы үлкен басқармаларда болсын Өстемір аға адал қызмет атқарды. Мемлекетіміздің саясатын жүзеге асыруда аянып қалған жоқ. Өзіне берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып шықты. Өсекең біреуге жақсылық істейтін болса ол тірлігі іске асқанша тыным таппайтын. Өзі біреудің сыртынан жаман сөз айтқызбайды. Біреу туралы ғайбат сөйлеп жатқан адам болса сол заматта тыйып тастайтынын талай көрдік. Қариялық жасқа жеткен соң қажылық парызын өтеп келіп, имандылыққа біржола бет бұрды.
Өстемір ағаның елге жасаған қызметі үкіметіміз тарапынан лайықты бағасын алды. «Құрмет» орденін иеленді. «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары», медальдары бір төбе. Шардара ауданының, Түркістан облысының Құрметті азаматы атақтарымен марапатталды. Алайда, Өсекең үшін ең үлкен атақ – халықтың құрметі мен ыстық ықыласы. «Шардарадай киелі өлкені дүние жүзін шыр айналсаң да таппайсың» деп үнемі айтып отырудан жалыққан емес. Сыйлас адамдары той-жиын жасай қалса Шардараға арнайы келіп, ақ тілегін білдіріп, қуанышқа ортақтасып қайтады. «Жол ұзақ, үлкен басымды кішірейтіп қайтем» демейді. Ағайын-туысқа қамқор, достыққа адал Өсекеңнің бұл да үлгі ететін жақсы қасиеттерінің бірі. Осы қасиетінің өзі адамдарды ынтымаққа, бауырмалдыққа тәрбиелейді.
Өстемір ағамыз бүгінде тамырын тереңге жіберген бәйтерек іспетті. Ұл-қыздары мен немере-шөберелердің ортасында бақытты ғұмыр кешіп, ел мен жердің, ұрпақтарының амандығын Жаратқаннан сұрап отырады. Туралықтан айнымай өнегелі ғұмыр кешкен Өсекеңнен біздердің үйренеріміз әлі көп.
Сексен жасыңыз құтты болсын, Өстемір аға! Тоқсан, жүз жасқа толған тойларыңызда да қызмет атқарып жүре беруге жазсын біздерді.
Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ,
Түркістан облысының және Шардара ауданының
Құрметті азаматы.
Made on
Tilda