ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Су басқан өңірге қариялар қаржы жөнелтті

Әлеумет
Биылғы жылдың көктемінде еліміздің Солтүстік өңірлерінде күтпеген жағдай орын алып, қатқақ жерге сіңбеген қар суы көптеген елді мекендерге жайылып, халықты әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Үйлері суда қалып, әр жерді паналаған халқымызға кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері, қалталы азаматтар көмек қолын созып, демеушілік танытты. Олардың қатарында елді бірлікке шақырып жүрген ардагерлеріміз де бар.
Осыған дейін де бірнеше рет қаржы жинап, солтүстіктіктерге жолдаған олар әлі де бұл шараны тоқтатқан жоқ. Күні кеше аудандық ардагерлер кеңесі мен Ақалтын ауылының тұрғындары мен ардагерлері кезекті жинаған 755 000 теңге қаржысын Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданының тұрғындарына жөнелтті.
Қаржыны жөнелткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, орынбасары Байдулла Рахматуллаев, Ақалтын ауылының медиаторы, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Орынбасар Тұрсынхан шараның әлі де жалғаса беретіндігін айтты.
Тамшыдан теңіз құралатынындай осындай ел ағаларының көмегі мұқтаж жандардың мәселесін шешуге сеп болары анық. Жомарт қолдарыңыз дерт көрмесін!
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda