ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Жасыл аймақ» апталығында тазалық жұмыстары жүргізілді

Әлеумет
Республика бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл аймақ» апталығына орай шардаралықтар тал егу, саябақ, аулалар мен көшелерді тазалап, ағаштарды ақтау, қопсыту секілді жұмыстар жүргізді.
Оған «Жастар ресурстық орталығының» мамандары, ерікті колледж студенттері қатысып, белсенділік танытты.
Экоакцияға мұғалімдер мен оқушылар да атсалысып, нәтижесінде ауданымыздағы білім беру мекемелерінің аумағына 1500-ге жуық түрлі гүл көшеттері егілді. Мектептердің айналасы тазаланып, бапталды.
«Жасыл аймақ» апталығында Шардара ауданы бойынша аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қатысуымен жаппай сенбілік ұйымдастырылып, экоакцияға мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер мен аудан тұрғындары да белсене қатысты.
Сенбілікке 3000-ға жуық адам мен 18 техника қатысып, 56 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. 215 көше бойлары тазартылып, 300-ден астам ағаштар отырғызылды. Сондай-ақ, 5250 тал ақталып, саябақтар ретке келтірілді. Акция аясында аудан бойынша 20 мың ағаш отырғызылып, 30 мың ағаш ақталды. Саябақтар мен көгалдар тазаланып, топырағы қопсытылды.
«Жасыл аймақ» апталығына орай өңірде көркейту-көгалдандыру бағытында шаралар шаһар орталығынан бөлек барлық елді мекендерде жалғасуда.

Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda