ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ардагерлер құрметке бөленді

Әлеумет
Еліміздің маңызды мерекесі болып есептелінетін Республика күні қарсаңында тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне өзінің үлесін қосқан азаматтарға жергілікті жерден бастап республикалық деңгейге дейін құрмет көрсетілді. Солардың бірі Шардара ауылында ферма меңгерушісі, бас зоотехник, селекционер, А.Әлімбетов атындағы білім беретін мектепте мұғалім, ұйымдастырушы және әлеуметтік педагог, Ш.Уәлиханов атындағы білім беретін мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шыққан Күлембаев Есенбай Нұрсейітұлын «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы Алғыс хатпен марапаттады. Со-нымен қатар елге сіңірген еңбегі үшін «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының шешімімен берілген «Еселі еңбегі үшін – еңбек даңқы» төсбелгісі мен сертификатын табыстады.
«AMANAT» партиясы бастауыш ұйымының хатшысы қызметін атқарған Есенбай Нұрсейітұлы қазіргі кезде «Хамит» АӨК-те бас маман қызметін атқарады.
Осындай Ережеп Құдайбергенұлының Алғыс хаты мен «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының «Еселі еңбегі үшін – еңбек даңқы» төсбелгісі мен сертификатына 40 жылдық ұстаздық жолының 30 жылын Шардара қаласындағы Шардара мектеп-лицейінде еңбекке баулу пәні бойынша ұстаздық етіп, оқушыларға қазақы нақыштағы ою-өрнектер мен ұлттық заттарды жасауды үйреткен Тілләқыз Пакентаева да ие болды.
Ардагерлер осылайша мерекеде құрметке бөленді.
Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda