ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Сауатты жарнама тіл тазалығының айнасы

Әлеумет
«Қазақстан Республикасының тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының орындалуы бойынша көрнекі ақпараттардың, жарнама мәтіндерінің тақырыптық маңыздылығы мен сауаттылығын, эстетикалық безендірілу деңгейін көтеру және грамматикалық сауаттылығын арттыру мақсатында Шардара ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Орталықтың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жылдық жоспары аясында «Тілдік ахуал: көрнекі ақпарат, жарнама тілі» тақырыбында өткен бұл іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің, қала әкімшілігі аппаратының, аудандық «Жастар ресурстық орталығының, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әнуар Карима кездесуді ашып беріп, тақырып бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өткеннен соң орталықтың қазақ тілі пәні мұғалімі Маржан Жұбаева «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» тақырыбында баяндама жасады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбек, қала әкімі аппаратының маманы Ұлбала Смайлова, аудандық «Жастар ресурстық орталығынан» қызметкері Тұрлыбек Сұлтанбек жүргізілген рейд және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бірқатар сауда орындарының маңдайшаларындағы атаулар мен жарнамалардағы қателіктер ретке келтіріліп, жаңартылғандарын атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндай шараларды жиі өткізудің маңыздылығы айтылды.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» басшысы Әли Нұржан қатысып, пікір алмасқан кәсіпкерлер мен мамандарға алғысын білдіріп, сонымен қатар келесі отырыстарда көтерілетін мәселеге қатысты мамандардың өздерін қатыстыруды қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды.

Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda