ШАРТАРАП ШАРАЙНА

КӘСІПОДАҚ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Әлеумет
Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғалы еліміздің кәсіподақтар федерациясы қарапайым жұмысшылардың құқығы үшін күресетін күшті әрі тәуелсіз ұйымға айналды.
Өткен аптада, 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалының төрайымы Бақтыгүл Биманова бірқатар азаматтарды қабылдады.
Өз кезегінде Бақтыгүл Биманова кәсіподақ ұйымдары тарапынан атқарылған жұмыстарды саралап, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы алтын көпір сипатындағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысын атап өтіп:
– Кәсіподақ – еңбек адамының мүддесін қорғаушы, жұмыс орнындағы құқығы мен еңбек қауіпсіздігін сақтаушы, азаматтық қоғамның қозғаушы күші, арқашанда бірлік пен ынтымақтастық қағидаттарына негізделген даңқты қоғамдық ұйым, - деп атап өтіп, мереке қарсаңында бірқатар азаматтарды төсбелгімен, «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Республикалық «Қызмет» Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы М.Жақыповтың атынан Алтынбек Патима Байділдақызын және Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан Бақытжан Таласов және Гүлнар Бабамуратоваға «Құрмет грамотасын» табыстады. Сонымен қатар Түркістан облыстық «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Күлдар Есебаеваның атынан Ташимбетов Садыр Тұрарбекұлын, Сәтбаева Бақытгүл Сисенбайқызына «Еңбек озаты» төсбелгісін табыстады. Аудандық кәсіподақ комитетінің «Алғыс хатымен» Гүлбақыт Сайфудинова марапатталды.
Осы орайда, біз де кәсіподақ ұйымын өз тарапымыздан мерекелерімен құттықтай отырып, алдағы уақыттағы қызметтеріне сәттілік тілейміз.

А.ТӘЖІ
Made on
Tilda