ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жиырма жасында Батыр болған

Әлеумет
Екінші дүниежүзілік соғыста бар-жоғы жиырма жасында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған, бүгінгі күні туылғанына 100 жыл толып отырған Сейітқасым Әшіровтің есімін Оңтүстік өңірінің халқы жақсы біледі.
Ол 1924 жылдың 7 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Қызылқұм ауданының Қоғам ауылында туылған. Әскер қатарына 1942 жылдың 6 маусымында Арыс әскери комиссариатынан шақырылады. Самарқанд қаласында мергендердің 3 айлық курсын бітіріп, 1942 жылдың қазан айында майданға жіберілген. Бірінші Белоруссия майданының 96-шы атқыштар дивизиясында, 331-полктің құрамында қатардағы жауынгер, кейіннен Смоленск бағытында барлаушы болды. 1942-1945 жылдары взвод командирі қызметін атқарды. 1944 жылы Заболотье деревнясында жанында екі барлаушымен бірге жаудың қорғаныс шебіне кіріп, миномет батареясына кенеттен шабуыл жасайды. Бірнеше жау солдаттары мен офицерлерін қолға түсіреді. Бұл жолы да ерен ерлік көрсетті. 1944 жылы Сейітқасым Әшіров Гомель қаласын азат ету үшін болған шайқастарға қатысады. Осы шайқастан кейін 96-шы атқыштар дивизиясы – Қызыл Тулы Гомель дивизиясы деп аталады. Полтава қаласын азат ету үшін болған шайқасқа қатысқаны үшін С.Әшіров «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Бұдан кейін соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және III дәрежелі «Даңқ» ордендерін алады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен барлаушылар С.Әшіров, М.Еремин, полк командирі полковник Н.В.Мамоновқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Ленин» орденімен бірге «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылады.
Соғыстан келген соң өмірлік басқарушылық тәжірибесі бар батыр Қызылқұм аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды. Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітірген соң Қызылқұм аудандық халық сотында халық соты, Шардара ауданындағы «Шардара» совхозында директордың орынбасары қызметін атқарды. Еңбектен қол үзбей Самарқан қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын сырттай бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығын алып, мамандығы бойынша совхоздың бас зоотехнигі болды.
Бас зоотехниктің ол кезде құм қойнауындағы ауылдардағы тірлігі шаш-етектен болатын. Әр ауылда зоостанция жұмыс істеп, зоотехниктер жылына бірнеше рет машина тапшы, атпен аралап мал мен малшының жағдайын, қора-қопсысын, техникалық қамтамасыз етілу жағын біліп тұратын.
Кейіннен «Көксу» совхозында да бас зоотехник, 1975-1987 жылдары аралығында Шардара совхозының директоры қызметін атқарды. Жалпы еңбек өтілінің отыз жылдан астамында Шардара өңірінде қызмет етті.
Ардақты аға өзінің саналы ғұмырында елдің әлеуметтік мүддесін шешуде ерекше белсенділік көрсетіп, қиын-қыстау жылдарда «Шардара» ауылының инфақұрылымдық жобаларын қолға алып, шаруасы шалқыған, дәулеті тасыған ірі елді мекенге айналуына өз үлесін қосты. Соғыс және еңбек ардагері ауданның қоғамдық өміріне де белсенді араласып, әлеуметтік-экономикалық түйінді мәселелерді шешуге қатысып, ақылман қария болды.
Халқы құрметтеген ардагер Сейітқасым ағамыздың туғанына биыл 100 жыл толуына орай оның ауыл, аудан, облыстың дамуына сіңірген ерекше еңбегі мен өмір жолы, өнегелі істері, даналық сөздерін кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында іс-шаралар ойластырылып, мерейтойы ұйымдастырылуда.
Қазан айының 19 жұлдызында Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтың туғанына 100 жыл толуына орай еске алу шарасы өзі туып-өскен Отырар ауданының Қоғам елді мекеніндегі Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров атындағы орта мектептегі батырдың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталады. Қонақтарды Шәуілдір ауылы, Арыс өзенінің жағалауындағы саябақта күтіп алып, осындағы Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовтің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады. Аудандық мәдениет сарайында «Ер есімі ел есінде» тақырыбында Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің өмір жолы мен қайраткерлігіне арналған конференция, «Сұрапыл сынақ ғұмыр» кітабының тұсаукесері, «Нұрсая» салтанат сарайында еске алу асы беріледі.
Ауданымызда да Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің туғанына 100 жыл толуына орай «Тұңғыш Президент» саябағындағы Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаев, Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетовтердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, еске алу шарасын өткізу жоспарлануда.
Ауданымызда Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаев атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты, Кеңес Одағының Батыры Абылай Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектептер бар. Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің есімі қаладағы орталық көшелердің біріне берілген. Дегенмен отыз жыл Шардара ауданында еңбек еткен, туғанына бір ғасыр болған ағамызға алдағы уақытта жаңадан ашылып жатқан шағын аудандарға, немесе салынып жатқан жаңа мектептердің біріне есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді деген басшылыққа ұсынысымыз да бар.
Батырларымызды ардақтай жүрейік!

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda