Сізді таң қалдырып, таңдай қақтырған ғылыми-техниканың бүгінгі жетістіктері жазушы қиялының жемісі екеніне сенесіз бе? Сенбейсіз, әрине. Жюль Вернге де ХІХ ғасырдағы оқырмандары сенбеген. Оның құс секілді ұшатын аппарат жасау, ғарышқа сапар шегу туралы хикаяларын жазушының бос қиялы деп санаған. Ал, ХХ ғасырда онлайн хат алмасу, электронды ақша, сымсыз телефон туралы айтсаңыз адамдар оған түк те нанбас еді...
Осы игіліктің бәрін көзбен көріп, қолмен ұстап отырған біз – ХХІ ғасырдың «тұрғындары» жасанды ақыл жүйесінің игіліктерін қолдана отырып, әдебиеттің ғылым-білімге тигізер пайдасы мен мүмкіндігін мойындағымыз келмейді. Негізін әдебиет қалаған ғылыми техниканың соңғы үлгідегі жетістіктеріне тамсана отырып, «Әдеби кітап оқудың керегі не?» деп кергиміз.
Біле білсек, соның бәрінің түп-тамырында жазушы зердесінен туған ғаламат қиял мен адамзаттың арманы жатыр.
Мысалы, жоғарыда сөз еткен Жюль Верннің «Жерден айға» (1865) атты кітабы ғарышқа сапар шегуге шабыт беріп, ұшу аппараттарын жасауға ықпал етсе, Герберт Уэллстің «Уақыт машинасы», Карел Чапектің «Россумдық әмбебап роботтар» пьесасы, Артур Кларктің «Ғарыштық Одиссеясы», Филип Диктің «Андроидтар электрлі қойды армандай ма?» туындысы ғарышты игеруге, спутниктік және автоматтандырылған жүйелерді жақсартуға, жасанды интеллектінің этикалық аспектілерін дамытуға үлес қосты. Тіпті, «робот» атауы жазушы Карел Чапектің ойлап тапқан сөзі екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Жазушылардың зерек жетесі ғалымдарды шабыттандырып, ғылым мен фантастиканы ұштастыра отырып, жаңа идеяларды ойлап табуға мүмкіндік берді. Жазушы қиялынан туған фантастиканың ғылыми медицинаны дамытуда да әсері мол болды. Бұған Мэри Шеллиннің «Франкенштейн немесе заманауи Прометей» атты көркем-фантастикалық романы, Герберт Уэллстің «Доктор Мороның аралы» шығармасы, Айзек Азимовтің «Мен роботпын» атты еңбегі, Даниел Киздің «Алжернонға арналған гүлдер», Уильям Гибсонның «Нейромансер» сияқты туындылары мысал бола алады. Өмірді сақтау, регенерация, органикалық және жасушалық зерттеулерге деген ғалымдардың қызығушылығын оятып, биоинженерияның өркендеуіне, медициналық робототехниканың дамуына, протез технологиясының түпкі идеяларына негіз болған бұл шығармалардың қатарына Александр Беляевтің «Профессор Доуэльдің басы» романын қосып қойсаңыз да қателеспейсіз. Беляев адам ағзасын ауыстыру мен табиғи бет-әлпетті өзгертуге болатынын көркем шығармамен-ақ дәлелдеп берді. Мүмкін емес көрінетін бұл идеялар біртіндеп медицинаның дамуына жол ашты.
«Ғылым мен техникалық дамудың ең жоғары сатысына жеткенде адамдарға бір-бірімен сөйлесіп отырудың қажеті болмайды» дегенге сенерімізді де, сенбесімізді де білмейміз. Бірақ, болашақ «сана теориясын» игерген алгоритмдердің адам сияқты ойлай алатынын ескерсек, нейроғалымдардың алға қойған мақсаттарына жетуіне көп қалмаған сияқты.
Адамның ми құрылымына ұқсас өзін-өзі танитын жүйе алгоритмі әзірге құрастырылған жоқ. Дегенмен, австралиялық режиссер Алекс Прояс 2004 жылы «Мен роботпын» фильмінде сондай әмбебап роботтарды жасау мүмкін екенін алға тартты. «Санни» сияқты жан-жақты қызмет көрсететін роботтар өмірімізге еніп жатқаны таңсық болмай қалды.
1999 жылы көрерменге жол тартқан «Матрица», 2014 жылы жарық көрген «Үстемдік» фильмдерінде ғылым жасанды нейронның жетінші сатысында адамдардың бір-бірінің ойын сөз арқылы емес, көз арқылы оқи алатын, ой арқылы ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін алгоритмдер жүйесін ұсынатыны туралы картинаны көрерменге ұсынды. Бұл картина өз кезегінде ғалымдардың болашақта адамның ақылына пара-пар ақылға ие гуманоидтарды жасап шығаруға деген ықыласын оятты.
Біз жоғары сана түйсігінде кездесіп, ғылым мен техникаға жаңаша идея тастамаса да, әлем қолданып жатқан ЖИ-і қолдану процесінде қазақ жазушыларының үлесі қандай деген сұраққа жауап іздедік.
– Қазақ қаламгерлері туындыларының арасынан жасанды интеллектінің көмегімен жазылған дүниені әлі кездестірмедім. Жалпы, ЖИ-мен бірлесіп шығарма жазу деген сөзге көңілім тола бермейді. Өйткені, ЖИ google-дегі мәліметтерді сұрыптап, мәтін құрап бергенімен көркем образды шығарма жаза алмайды. Кез келген әдеби туынды адам жанының нәзік иірімдерін, кейіпкердің ішкі әлемін, мінез-болмысын, күйініші мен сүйінішін бейнелеуден тұрады. Болашақта адам санасына тең келетін бағдарлама құрастырылып, қолданысқа енбесе, бүгінгі жасанды интеллектінің көркем проза жазуға «миы» жете қойған жоқ, – дейді жазушы Әлібек Асқаров.
Қазақ қаламгерлері әзірге жымдаса қоймаған жасанды жүйемен әлем әдебиеті өкілдері әлдеқашан эксперимент жасап үлгеріпті. Нейросетьпен ынтымақтаса жазылған алғашқы кітап 2013 жылы жарық көрген «Тітіркендіруші» атты жинақ екен. Авторы Дарби Ларсон. Бұл фантастикалық жинақты ЖИ түгел өзі жазып шыққан көрінеді.
2019 жылы шыққан Джулия Джойдың «Түскі үзіліс кезіндегі күйзелісі» де ЖИ-нің еңбегі. Ресейлік жазушы Павел Пепперштейннің 2022 жылы жарық көрген «Ұйқыдан оянарда» кітабы да «ruGPT-3» бағдарламасымен бірлесіп жазылған. Жинаққа енген әңгімелердің жартысы жазушының өз туындысы болса, жартысын Пепперштейннің нейро-сыңары жазған. Қай әңгімені кімнің жазғанын анықтау мәртебелі оқырманның құзырына қалдырылғанын айта кетсек артық етпес. Орыстың тағы бір жазушысы Виктор Пелевин де бүгінде ЖИ-жазушы атанып жүрсе, жуырда ғана Жапонияның ең жоғары әдеби сыйлығы «Акутагаваны» иеленген Риэ Кудан өз шығармасын жазуда «ChatGPT»-дің көмегіне жүгінгенін жасырмайды.
Жасанды интеллектінің келесі жаңа деңгейінің алгоритмі адамның ойлау қабілетінен де жоғары болуы мүмкін. Бұл болашақта адамзатты, әсіресе шығармашылық иелерін тоқырауға ұшыратады. Өйткені, қолыңдағы нейро-дос туындыңды өзіңнен артық жазып берсе, кім миына салмақ салып, саусағын сияға бояп отырады? Мұндай алгоритмдер шынымен қолданысқа енетін болса, онда адам санасы дамуының тежелу үрдісі басталатыны анық. Мұның соңы жалпы адамзаттық тоқырауға соқтырмасына кім кепіл?!
Ия, біз қаласақ та, қаламасақ та дүние өзгеруде. Зымырандық жылдамдықпен дамып жатқан ғылым мен техниканың жетістіктеріне қарап отырып, «Әлем енді қалай қарай өзгереді екен? Болашақ тағы не тарту етеді?» деген ойға қаласың. «Адамның санасын жаулап, адами қасиеттеріне әсер етіп жатқан нейрондық жүйе қайда апарып соғады? Әдебиет пен руханияттың, өнер мен мәдениеттің болашағы қандай болады?» дейді санаңды түрткілеген сан сауал. Газетін етігінің қонышына қыстырып, кітабын төсқалтасына салып жүріп оқитын оқырман енді жоқ. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» емес, миллионнан мықты шықсаң ғана ұялыға үңілген жанарды өзіңе қаратып, нейроәлемге арбалған сананы елең еткізе аласың. Онда да саңылауы барды! Болашақ нейротораптар енді бұрынғыдай мәліметті генерациялап қоймайды. Келешек нейрожелі шығармашылыққа бейімделеді. Бүгін біз қолданып отырған «GPT-3», «ChatGPT» тораптары мұның алғашқы баспалдақтары екені айтпаса да түсінікті.
«Келесі жасанды желі «суперинтеллект» деңгейіне жеткенде шынайы шығармашылық адамдары «шаң қауып» қалмай ма?» дейді бір ойым. Әлде жұрт нейро-сыңарын қамшылап, жаппай жасанды «шедевр» жазуға көше ме? Хас таланттай отыз күн ойланып, қырық күн толғанбай-ақ әп-сәтте өлең құрап, мәтін жазып беретін, сурет салып, ән шығаратын «жасанды-дарынның» жазған дүниесінің сапасы қай деңгейде болады? Әдебиет пен өнерде шын таланттар тасада қалып, пысықайлар мен жанаярлардың жолы болып кетпей ме? Тума таланттың туындысы мен жасанды дүниені қалай танимыз? Әдебиет пен мәдениет «табиғи және жасанды» болып екіге бөліне ме? Кітап оқымайтын, талғамы қалыптаспаған оқырманның хәлі не болмақ? Жаһанданудың аранына жұтылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап қаламыз? Руханиятымыздың өзегіне құрт түспеу үшін қандай әрекет жасамақ керек? Сұрақ көп...
Бірақ, біздің қоғам жауап іздеудің орнына нейрожелінің арзан қызығына арбалып, «өнер-білім бар жұрттардың» қаңсығын таңсық көруге ғана жарап тұр. Білім қуып, ілім іздеуге, жаңалық ашуға көп қазақ баласының ойы келте, қолы қысқа.
Алда суперинтеллектіні басып озатын, Алекс Гарландтың «Бұрынғы машина» фильміндегідей бионды мимен жұмыс істейтін гуманоидтардың өмірімізге енетінін ескерсек интернет-соққылардан руханиятымызды қолымызға қалқан алып қорғауымызға тура келеді.
Араб шейхі Рашид ибн Саид әл-Махтумға телініп жүрген Джи Майкл Хопфтың: «Қиын замандар мықты адамдарды тудырады. Мықты адамдар жақсы заманды орнатады. Жақсы замандар әлсіз адамдарды қалыптастырады. Әлсіз адамдар қиын замандарға душар етеді» деген тәмсілі әрқайсымызға ой салса дейміз.
Мәшһүр Жүсіп атамыздың «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған алтын дәуірін» аңсап жүргенде барымыздан айрылып қалмау үшін рухани құндылықтарымызға көңіл бөлуіміз керек-ақ. Ал, руханияттың қазығы – білім, ғылым және мықты идеология...
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кешегі фантастардың қиялы бүгін реалға айналды. Соңғы аптада бірі-бірінен асатын екі жасанды интеллект моделін (DeepSeek R1, ChatGPT-03-mini) ұсынып үлгерген алпауыт елдердің арасында қызу технологиялық соғыс жүріп жатыр. Кімнің технологиясы мықты – сол ел ғана билеуші болатынын ескерсек, Алтын орданы билеген алыптардың ұрпағы екеніміздің бәрі келешек ұрпақ үшін «тәтті ертегі» ғана болып қалары кәміл. Ал, ұлтымыздың реал болмысы қиялға айналмасын десек, ертерек есімізді жиып, етек-жеңімізді қымтауымыз керек сияқты...
Бақтыгүл АУДАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан газетінің жауапты хатшының орынбасары