ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Шардаралықтар Наурыз мерекесін тойлады

Әлеумет
Жаратылыс біткенге жан бітіріп, жұрт көңіліне жылу мен мейірімділік ұялатқан көктемнің бүкіл халықтық мерекесі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз меркесі әуежай алаңында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» тақырыбында аталынып өтті. Наурыз – еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен қатар халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі де өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрам.
Шардара ауданының құрылғанына 60 толу мерекесі қарсаңында өткен Наурыз мерекесі биыл ерекше тойланды деуге болады. Үлкен-үлкен киіз үйлер тігіліп, олардың іштері түрлі қазақы нақыштағы ою-өрнектермен, заттармен безендірілді. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан мәзірі дайындалды. Кереге басына ұлттық киімдер мен қамшы, домбыра, түлкі терісі ілініп, үй жанына боталы түйе мен сауын бие байланды.
Әжелер жағы жүн түтіп, сабау сабап, ұршықпен жіп иіріп, келіндер жағы күбі пісіп, май шайқап, келі түйді. Келген қонақтарға аялы қолдарымен «Наурыз көже» құйып беріп, ұсынды. Сонымен қатар әжелеріне қосылып тамылжыта әнде салды.
Осындай керемет шараға аудан әкімі Қарсыбаев Арман, аудан прокуроры Әлі Алмас, қала әкімі Олжас Айдос, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Нұрахов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтер бастаған өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен көп-балалы, аз қамтылған отбасы мен жалғызілікті жандарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жайылған дастарханға қатысып, мерекелік құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Романұлы мен аудан прокуроры Алмас Ермекұлы бірнеше жанға азық-түлік себеттерін табыс етті. Одан кейінгі кезекте мектептер мен мекемелердің, ауыл округтердің өткізіп жатқан іс-шараларына қатысып, бірнеше баланың тұсауын кесіп, оларға батасын берді.
«Қыз ұзату», «Келін түсіру» рәсімдерін тамашалады.
Наурыз мерекесінің негізгі іс-шарасы «Наурыз қош керуенімен» басталды. Сахна алдынан түйе, ат мініп, батырларша киінген салт аттылар, Қазақстан Республикасының саятшылар одағының мүшесі, құсбегі Базарбай Ибрагим бастаған жас құсшылар, алты құрылықта еліміздің Әнұраны шырқатып, көк туын 28 рет желбіреткен Шардара ауданын әлемге танытқан жерлестеріміз, «Шардара Армспорт» спорт клубының чемпиондары жүріп өтті.
«Ақ әжелер», «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» және ардагер аналар мен аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушылардың өнерпаз әжелері «Наурыз шашу» жасап, Қадыр ата (Әбдіғаппар Айдаров) наурыз бата жасады.
«Ақмаржан» халықтың үлгідегі би ансамблі мүшелерінің орындауында «Қош келдің – нұрлы мереке» композициялық қойылымы көрсетіліп, Шардара халық театрының әртістері сахналық қойылым арқылы қыз-жігіттер айтысын көрсетті.
Сол сияқты ұлттық киім үлгілерінің шебері, тігінші Ақмарал Дауылбаеваның он түрлі қыздарға лайықталған сән үлгілері көрсетілді.
Осындай көңілді сәтте аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы сахна төріне көтеріліп, аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Құрметті, шардаралықтар! Қадірменді қонақтар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Наурыз мерекесі жыл басы ғана емес татулық пен тазалықтың, мейірімділік пен бірліктің мерекесі. Қанатын кеңге жайып, қуатты мемлекетке айналған Қазақстанымыздың атын осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтата береміз деген сенімдемін. Мереке қарсаңында Сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Жаңа жылымыз мерекелі де берекелі жыл болсын! Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін қазақстандықтардың сүйікті мерекесіне айналған Наурыз мерекесімен құттықтау хатын Маханов Абылай Напасұлы, Кадирова Мариям Анарбайқызы, Есбосынова Буажар Әлметқызы, Байғозиев Асан Кенжеханұлы, Алтынбек Ізтілеу Шаншарұлы, Нұралиева Қарлығаш Аватқызы, Мамбетов Ержан Абдрахманұлы және Саудабаева Маржан Амангелдіқызына табыс етті.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін де ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда жас ұрпақтың ұлтымызға деген сүйіспеншіліктерін арттыруда белсенділік танытқаны және ұйымдастырылған киіз үйлер байқауында үздік деп танылғаны үшін аудан әкімінің арнайы жүлдесімен «Ынтымақ ауылы» (Алатау батыр, Қоссейіт, Қызылқұм ауылдары), үшінші орынға ие болғаны үшін «Көкжелек ауылы» (Шардара орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі), «Мәңгілік ел ауылы» (Жаушықұм, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, тұрғын үй коммунадық шаруашылық және жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімдері), екінші орынға ие болғаны үшін «Кемелді ел ауылы» (№16 колледж), бірінші орынға ие болғаны үшін «Шардара су электр станциясы» (ГЭС), бас жүлдеге ие болғаны үшін «Ақ халатты абзал жандар ауылы» (Аудандық аурухана) марапатталды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков мерекеге жиналғандарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз күнімен құттықтап, бұл мерекенің діни мейрам деп кеңес өкіметі кезінде 1926 жылы атап өтуге тиым салынғаны, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атсалысуымен 1988 жылы қайтадан мерекелеу қолға алынғанын атап өтіп, «Бірлігіміз, ынтымағымыз нығаятын, табысымыз таситын жыл болсын!» деді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиевтің «Құттықтау хатын» Асқаров Ниязбек Әмірханұлы, Биманов Бүркітбай Құрмантайұлы, Мырзабеков Жалғасбек Камалбекұлы, Сакенова Гүлсара Төлебайқызы, Жүнісова Нұржамал Жұмашқызы, Алма Қантайқызы, Жантөреев Сүндетғали Аншабекұлы және Қабылов Ғалымжан Қалдарбекұлына аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Рахымжан Бекмұратов тапсырды.
Рамазанмен қабат келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесаі құтты жыл болып, баршаңызға мол жетістіктер алып келсін» деп құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы «Ең үздік ынтымақты киіз үй» номинациясына ие болған «Қазына ауылы» (Тұрысбеков, Сүткент, Ұзыната ауылдары), «Ең үздік берекелі киіз үй» номинациясымен «Руханият ауылы» (аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі) аудан әкімінің марапатынмен «Құттықтау хатын» Гүлнәр Шағатайқызына табыстады.
Мерекелік шарада «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұлттық спорт және өнер мектебі ұжымы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымы, «Шардара – Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұжымы, Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» ұжымы, Шардара мектеп-лицейі, А.Иманов ЖББМ, М.Горький ЖББМ, М.Әуезов ЖББМ, №12 ЖББМ, Ж.Жабаев бастауыш мектеп ұжымы, Б.Соқпақбаев ЖББМ, Қ. Аманжолов ЖББМ, Қ.Сағырбайұлы ЖББМ, аудандық балалар «Саз мектебі», аудандық «Оқушылар үйі» ұжымдары да аудан басшысы атынан марапаттарға ие болды.
Мерекелік шара «Ақ әжелер» халық ансамблі мен ауданға, облысқа танымал өнер шеберлерінің орындауындағы әндермен жалғасын тауып, соңы спорттық шараларға ұласты. Жеңімпаздарға марапаттар табыс етілді.
Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda