ШАРТАРАП ШАРАЙНА

КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАНЫН БІЛМЕЙ КЕТТІ

Әлеумет
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен көптеген майдангерлердің есімдері көшелерге берілді. Бұл игі іс жөнінде мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Қазақстан халқы Ассамблеясының» 30 жылдығына орай ұйымдастырлған іс-шарада атап өтті. Президентіміз: «Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам», – деп тарихи әділеттіліктің орнауына баса назар аударған болатын.
Президенттің тапсырмасымен көшеге есімі берілген қаһарманның бірі – шардаралық соғыс және еңбек ардагері, қадірменді елағасы болған Әбілқасым Жұматаев атамыз еді. Бұл қуанышты хабарды Әбілқасым атамыздың ұлы Марат ағамыздан естіп біз де қосыла қуандық. Дәлірегін айтсақ, ономастикалық комиссияның шешімімен Шардара қаласындағы жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп жатқан учаскедегі №17 атаусыз көшеге Әбілқасым Жұматаевтың есімі берілетін болды.
Шардара қаласында ғұмыр кешетін Марат Жұматаев ағамызбен көптен бері аралас-құралас болып келеміз. Алмаш жеңгей екеуі тынымсыз тер төгудің арқасында отбасылық кәсіппен айналысып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген еңбекқорлығын кезінде бірнеше мәрте бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шығарғанбыз. Ал, бүгінгі әңгімеміз Әбілқасым ата жайлы болмақ.
Осыдан бірер жыл алдын Жұматаевтар әулеті ғаламтордан әкелері Әбілқасым ата туралы өте бір құнды құжат тауып алды. Тарихи құжатта 1944 жылдың 16 қыркүйегінде 134 Бердино дивизиясының 738 атқыштар полкының командирі, гвардия подполковнигі Федоров өз қолымен марапаттау қағазын толтырып, Әбілқасым Жұматаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған екен. Онда осы полктың 6 атқыштар ротасының қызыл әскері Әбілқасым Жұматаевтың ерлік істері баяндалған. Сол кезде небәрі 20 жастағы жерлесіміздің жанқиярлықпен соғысқан ерлігі бір парақ қағазда қысқа да нұсқа көрсетіліпті. Мұнда 1944 жылдың жазындағы екі шайқаста Әбілқасым аға көзсіз ерлік жасағаны баяндалады. Оның біріншісі осы жылдың 2 шілдесінде болады. Жаудың артиллериямен және әуемен жасаған соққыларына қарамай Ә.Жұматаев қаруластарымен бірге Висла өзеніне алғаш болып жетіп, керекті нысанды көздің қарашығындай қорғайды. Жаңбырдай жауған оқтың астында фашистердің 4 мәрте жойқын шабуылына тойтарыс беріп, тапсырманы абыроймен орындап шығады. Екінші ерлік оқиға 2 тамызда орын алады. Далада болған ұрыста Әбілқасым Жұматаев бірінші болып окоптан шығып жаумен шайқасқа кіріседі. Оның артынан бүкіл рота көтеріліп, анталап келе жатқан жаудың бетін қайтарады. Біраздан соң немістер жаңа күшпен тағы шабуылға шығады. Бұл жолы қол пулеметтен оқты қардай боратқан Ә.Жұматаевтың қолынан көптеген фашист жер жастанады. Қайтсе де пулеметтің үнін өшіруге тырысқан жау жағы қазақ сарбазын жан-жағынан тықсыра отырып, тірідей қолға түсіруге тырысқан екен. Жан-жағынан андыздап келіп қалған жауға бұл да жалма-жан бірнеше гранатты лақтырып үлгереді де, қайтадан пулеметін сарнатып қоя береді. Сол ұрыста жерлесіміздің жаудың 40 сарбазын жер жастандырған хас батырға тән ерлігін полк командирі нақты дәлелдермен баяндай отырып, марапаттау қағазын толтырыпты. Алайда, белгісіз себептермен Әбілқасым Жұматаевқа батыр атағы берілмеген.
Ұлы Отан соғысында осылайша ерлікпен соғысқан, кейіннен туған жерге оралып партия саласында жауапты қызметтер атқарған Әбілқасым Жұматаев ақсақалды шардаралықтар жақсы таниды. Біз де Әбекеңнің көзі тірі кезінде бірнеше мәрте тілдесіп, сұхбаттасқанбыз. Қоссейіт ауылындағы қара шаңырағында да, кейіннен аудан орталығында мемлекет тарапынан арнайы берілген жаңа үйінде де болып, қарт майдангердің соғыстағы және бейбіт замандағы өмір жолдарынан сыр шерткен әңгімелеріне қаныққанбыз.
Балалық шағы қиын-қыстау кезбен тұспа-тұс келген Әбілқасым ағамыз балалар үйінде біраз уақыт тәрбиеленіп, ашаршылық апатынан аман қалғанын айтатын. Соғыс басталғанша Түркістандағы темір жол стансасында еңбек еткен бозбала 18 жасқа толған кезде өз еркімен ұрысқа аттаныпты.
–1942 жыл. Өзіме ұқсаған өрімдей жастарды тиеп алған дәу қызыл вагон батысқа қарай жол тартып кетті. Бұрынғы Куйбышев қаласында арнайы жаттығудан өтіп, содан кейін барып ұрысқа кірдік. Калинин облысының Бердино селосында немістерді қоршауға алып жатқан өзіміздің әскерлерге барып қосылып, жаумен соғысуды бастадық. Мен 20 адамнан құралған барлаушылар взводында болдым, – деп сөз бастайтын Әбекең. Сөйтетін де ары қарай асықпай әңгімесін сабақтайтын. – Қанды көйлек достарымызбен бір мақсатқа – жауды жеңуге жұмылдық. Үнемі алдыңғы шепте, өмір мен өлімнің ортасында жүргендіктен орыс, украйн, белорус, өзбек, қырғыз дегендей бәріміз бауыр едік. Фашистер шегініп бара жатса да әр қаланы, деревняны оңайлықпен бере салмайды. Олар машина, танкімен шегінеді, біздер жаяу қуамыз. Белоруссияның Витебск қаласын немістер мықты қорғаныс жасап алып, біздер еш ала алмағанымыз есімде. Сол кезде қызыл әскерлер жауды ұзақ уақыт текетіреспен, онда да қоршаумен ғана алды. Одан Украйнаны жаудан азат етуге қатыстық. Польшаға өттік. Біздің взвод жауынгерлері атпен жүретін. Айналайын жылқы малының қасиетін сол соғыста да көрдім ғой. Бірде алға қарай шабуылдап шауып бара жатқанмын. Бір биікке шыға келсем алдымнан немістер оқ боратып қоя берді. Мұндайға тұлпарым әбден үйренгені сонша, жалт бұрылып жата кетті. Атымның ақылдылығының арқасында екеуіміз де аман қалдық. Міне, сізге Қамбар ата тұқымының қасиеті!...
Әбілқасым Жұматаев соғыста екі рет жараланыпты. Біреуінде минаның жарықшағы тиеді. Ұрыстың қайнап жатқан кезі болғандықтан медсанбатта кәдімгі пышақпен-ақ жараны тіліп жіберіп, дәрігерлер жарықшақты алып тастайды. Жас сарбаз жарасын таңып алып, қайтадан шайқасқа кіріп кете берген. Екіншісінде неміспен бетпе-бет келіп қалып, екеуі де бір-бірін атып үлгереді. Мұның дәл тигізген оғынан жау қайтып бас көтермейді де, өзі аяғынан жаралы болады. Госпитальда жатып аз уақыт емделіп, аяққа тұрған соң қайтадан майдан даласына аттанады. Польша мен Чехияны немістерден тазартып, Ұлы Жеңісті Прага қаласында қарсы алады. Алайда соғыс аяқталғаннан кейін де Европа елінде біраз уақыт аялдайды. Танк, басқа да соғыс машианалары шоғырландырылған механикалық корпуста әскери қызметін жалғастырып, кеңес жауынгерлерімен бірге жаудан тазартылған қалаларда тәртіпті ретке келтірумен айналысады. Тағы біраздан соң Берлин түбіне ауыстырылады. Демалыс күндері 40 шақырым қашықтағы Рейхстагты аралап келеді. Гитлердің үйін көреді. Басқыншылардың ордасы болған Рейхстаг қабырғасына «Я из Туркестана, Жуматаев Абилкасым» деп қолтаңбасын қалдырып кетеді.
–1947 жылы Берлиннен елге қарай пойызға отырдық. Жолда бір ай жүрдік. Қазақстанға жеткенше сыр бере қойған жоқпын. Қасымыздағы жігіттермен ойнап-күліп, көтеріңкі көңіл-күймен келе жаттық. Шиеліден бері асқасын барып туған жердің лебі есе бастады. Сонадайдан мұнартып Әзіреті Сұлтанның күмбезі көрінген кезде жүрегім дүрсілдей жөнелді. Жанардан ыстық жастың төгілгенін сезбей де қалдым. 42 жылы дәл осылай Әзіреті Сұлтанға қарай-қарай батысқа жол тартып едім. Енді міне, аман-есен қайтып келе жатырмын. 5 жыл бойғы жат жердегі қиян-кескі шайқастың салмағы бар, туған жерге деген сағыныш сезімдер бар, барлығы жиылып келіп қос жанардан ағылып жатты, ағылып жатты, - деген еді Әбілқасым ағамыз.
Соғыстан оралған соң Түркістан қалалық атқару комитетінде жұмыс істеп, Киров аудандық партия комитетінде, одан облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұқсаушы болып қызмет атқарады. 1953 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғарғы партия мектебіне оқуға қабылданады. Партия мектебін бітірген соң Арыс-Түркістан каналы құрылысының партия комитетінің хатшысы, 1962 жылдан бастап Байырқұм, Овцевод, Сүткент, Восход кеңшарларында партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарып шығады. Соғыстағы жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Бейбіт өмірдегі жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденін және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін иеленді. Шардара ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Жұбайы Қаламқас апа екеуі 2 ұл, 4 қыздан 20-ға тарта немере, оншақты шөбере сүйді. Әбілқасым атамыз 2012 жылы өмірден өтті.
Марат Әбілқасымұлы жоғарыдағы құнды құжаттың көшірмесін еліміздегі Қорғаныс министрлігіне жолдағанымен ол жақтан ешқандай нәтиже болмағанын айтады. Ал, президент тапсырмасымен әкелерінің атына көше берілетінін естігенде үй-ішімен қатты қуанып отырғанын жеткізді. Марат ағаның жұбайы Алмаш жеңгеміз әзіз атасын сағанышпен еске ала отырып бір-екі оқиғаны айтып берген болатын.
– Әлі күнге атамды танитын кісілер кездесіп қалса ол кісінің жақсы қасиеттерін айтып отырады. Бір отырыста ардагер ұстаз Жамал Төлешевамен қатар отырып қалдым. Танысып біліскен соң баяғыда мектеп директоры болып жүрген кезде оқушылармен мақта терімге барған шақтарын айтып берген еді. Бірде екі-үш оқушысымен жан-жағын қамыс басқан егістік алқапта келе жатып жолдан адасып кетіпті. Сонда бір «Уазик» көлігі анадайдан көздеріне түскен соң алдынан шығып тоқтатқан ғой. Ішінен еңсегей бойлы, ақ шашты, жүзінен мейірім шуағы төгілген бір үлкен кісі түсіпті. «Ағай, мына жол қайда апаратынын айтып жібермейсіз бе?» деп жөн сұрайды. Сонда ол кісі әзіл-шынан араластырып: «барлық жол коммунизмге апарады» деп алып, бұларды көліктеріне отырғызып алып, діттеген жерлеріне жеткізіп тастаған екен. Сол кісі менің атам болып шығыпты. Тағы бірде қызметтік көлігімен құм ішіндегі шопандардың жағдайымен танысу үшін отар аралап шығады. Бір шопанның үйіне түсіп, тамақтанады. Алдарына табақ тартылып, ет келген кезде дәмнен ауыз тиген атамыз «келін айналайын, мына еттің бәрін орап салып берші, жолда жей саламыз» деп, еттің бәрін қалтаға салып алып, қайта жол жүріп кетеді. Былай шыға бере көлік жүргізушісі атамнан «Әбеке, мұндайыңыз жоқ еді ғой, неге бұлай етті салдырып алып шықтыңыз?» деп таңғалып сұрайды. «Ее, айналайын-ай, әлгі келін ұялмасын деп жасаған амалым ғой. Өйткені табақтағы еті құрттап кетіпті. «Мынау тамағың бүлініпті» деп айтсам ол әйелді үйіндегілердің бәрі ұрсады ғой. Сондай масқарасы шықпасын деп әдейі алып кеттім» деген екен. Сонда атам өзін емес, әлгі қойшының әйелін ойлап отыр ғой. Не деген көрегендік, адамгершілік десеңізші, – дейді Алмаш жеңгей.
Марат ағаның пайымдауынша Әбілқасым атамыз өзінің Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанынан бейхабар болған. Әйтпесе, осындай болды деп айтуы керек еді. «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген осы болса керек. Сол бір сұрапыл шайқастағы жерлесіміздің ерлігі біздер үшін де зор мақтаныш.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ–
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Made on
Tilda