ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Он сегізінде от кешкен

Әлеумет
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Төбелерінен оқ бораған сұрапыл соғыста қан кешіп, ерлік жасап, елге аман-есен оралған сарбаздарымыз бейбіт күнде де еңбекке араласып, әр салада жұмыс істеді. Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштікті, елге, жерге деген құрметті арттыруда өз үлестерін қосты.
Айталық Көксу ауылында Ұлы Отан соғысынан елге аман-есен оралған отыздан астам соғыс ардагері еңбек майданына араласып, әр түрлі салада еңбек етті. Олардың ішінде 20 жылдан астам осы шаруашылыққа басшылық жасаған, екі рет Ленин, «Қызыл ту», «Құрмет белгісі» орденімен, өмірінің соңғы кезеңінде «Халық қаһарманы» атағын алған Мәулен Қалмырзаев дараланып тұрса, совхозда жиырма жылға жуық қойма меңгерушісі қызметін атқарып, малшыларды өз мерзімінде қыстық киім – етікпен, пимамен, тонмен қамтамасыз етіп отырған, «Отан соғысы» орденінің, «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталып, 2 рет Бас қолбасшының мақтау қағазын алған Әзімбай Сарайбаевта бар.
Әзекең 1926 жылы Самарқанд облысының Хошрабай ауданының «Қызыл шара» совхозында дүниеге келіп, осындағы мектепте төрт кластық білім алған. Кейіннен селолық кеңесте қызмет жасап жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталады. 1944 жылы әскер қатарына алынып, 260 атқыштар дивизиясының 1026-шы атқыштар полкінде соғысқа қатысып, Берлинге дейін барады. Соңғы сәттерде жамбасын, табанын оқ тесіп өтіп, әскери госпиталда жатып, емделіп,1946 жылы елге оралады. Жетісай ауданының совхоздарындағы мақта қабылдау пункттерінде жұмыс жасаған Әзекең 1969 жылы Көксу ауылына қоныс аударып, зейнеткерлікке шыққанша қойма меңгерушісі қызметін атқарып, 2002 жылы өмірден өтті.
«Ұлы Отан соғысы Жеңісіне – 30 жыл», «Ұлы Отан соғысы Жеңісіне – 55 жыл» медальдарымен марапатталды. Көксу ауылындағы Саттар Ерубаев мектебінің оқушыларымен мерекелерде кездесулерге шақырылып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерліктері жайлы айтып беріп, қашанда ел қорғауға дайын болу керектігі жөнінде әңгімелейтін.
Әзекең жайлы інісі Сарайбаев Бердібектің жары Зүлфия:
– Қайнағаның әскери тәртіпке бағынғаны соншалық, қай істі болса да өз мезгілінде, ұқыптылықпен атқаратын. Басқадан да соны талап ететін. Әскерден алып келген тамақ ішетін темір қасығын маған сыйлаған болатын. Көзімнің қарашығындай әлі сақтап келемін, – дейді.
Әзекең отбасында да бақытты ғұмыр кешті. Ұлжалғас Дүйсебаевамен бас қосып, үш қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірді.
Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отырған осынау шақта соғыс ардагерлерін еске ала отырып, олардың ерлік пен еңбек жолдарын жас ұрпаққа үлгі ету әрқайсысымыздың да басты борышымыз болуы керек деп ойлаймыз. Соғыс ардагерлерінің есімдері ешқашан ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін! Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!
Жаңабай ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda