ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мүбәшірхан Пірназаров:«Өнер деген қартайтпайтын бір әлем»

Әлеумет
Шардараның аты аталғанда ең алдымен есімізге шағаласы шарқ ұрған, балығы тайдай тулаған Шардара теңізінің есімізге түсетіні рас. Одан кейінгі кезекте Шардараның атын әлемге танытып, еліміздің намысын қорғап жүрген қол күресшілеріміз бен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілеріміз болса, мәдениет саласының майталмандары да түрлі байқауларда топ жарып, ауданымыздың даңқын аспандатуда.
Мәдениет саласы демекші, кезінде Жұмабек Бектұрсынов, Сәрсенкүл Таңатарова, Ұлжалғас Әмзебекова, Хадиша Мұсабековалар салған сара жолды жалғастырып келе жатқан Әбдіғаппар Айдаров, Жақыпбек Дүйсекеев, Сәкен Бегманов, Бахыт Тұрсынбаев, Аманғали Ниязов, Айдарбек Шырынбеков, Қанат Дауылбаев, Болат Төлепов, Ержан Қалыбеков, Әділғазы Ибрагимов, Берік Исахов тағы басқалар бұл күнде ауданымыздың мақтаныштары.
Тәшман Шекеров пен Камал Ендібаевтың шерткен домбырасының, Лесбек Амановтың сырнайының, Зұлпыхар Исаевтың мандолинінің үні құлағымызға әбден сіңіп қалған. Ал, қазіргі таңда «Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубында» зейнеткерлікке шықса да балаларға гитара тартудың қыр-сырын үйретіп жүрген Пірназаров Мүбәшірхан Дүйсенбекұлы жайлы көп біле бермейді екенбіз.

Көршілес бұрынғы Киров ауданының «XX Партсъезд» совхозында 1957 жылы дүниеге келіп, осындағы В.И.Ленин атындағы мектептің 2-сыныбында оқып жүріп, мектептің терезесінен аккордеон үйірмесінің үйренушілеріне қызықтай да телміре қарайтын, немесе Алматыда студент кезінде гитара үйірмесіне қатысып, осы бір сиқырлы аспаптың сырлы үніне үңілген Мүбәшірханда келешекте өнер адамы боламын деген ой болмаған да шығар. Ондай ойы болса мектепті бітірген соң 1973 жылы Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының Алматы қаласындағы филиалына оқуға түсіп, студент атанар ма еді?
Бұл оқу орнына түсуіне себеп әкесі Пірназаров Дүйсенбектің Шардара жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде (ОРС) 1959 жылы №1 наубайханада басшылық қызмет атқарғаны да болар. Мүбәшірхан осы институтта оқып «Астық сақтау және өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша инженер-технолог мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын бұрынғы Целиноград қаласындағы «Целиноград мелкомбинатында» элеваторда бастайды. 1980 жылы министрліктің бұйрығымен Шардараға келіп, «Шардара құрылыс кәсіпорындары дирекциясының» жабдықтау бөлімінің инженері болып жұмысқа қабылданып, кейіннен әке жолын жалғастырып, II шағын ауданда тәулігіне қуаттылығы 32 тонналық жаңадан салынған нан зауытында шебер, зертхана меңгерушісі, бас инженер қызметтерін атқарады.
Облыстық нан өнімдері бірлестігіне қарайтын бұл кәсіпорында кондитерлік цехтар жұмыс істеді. Оларда сұранысқа сәйкес тәулігіне 17-25 тонна көлемінде 16 түрлі, оның ішінде бөлке нанның 5, тәтті нанның 4 түрі, тағы басқа да көптеген нан өнімдері шығарылып, 14 арнайы автомашинамен қала мен кеңшарлардағы дүкендерге жеткізіліп тұрды. 76 адам жұмыс жасайтын кәсіпорын заман талабына орай 2000 жылы жабылды. Осылайша әкесі Дүйсенбек Шардарада 1959 жылы алғаш наубайхана ашқан болса, Мүбәшірхан заводтың жабылуының куәгері болды.
Кейіннен біраз уақыт отбасы мүшелерімен бірге дүкен ашып, сауда жасады. Дүкенге жақын жерде сағат жөндейтін азаматтың бос кезде аккордеонда ойнап демалатынын көріп жүретін. Кейде оның аккордеонын қолына алып тартатын Мүбәшірханның өнерге деген, оның ішінде осы аспапқа деген қызығушылығы арта түсті.
Әуелгі кезде аккордеонға қызыққан ол үйіндегі Германияда 1973 жылы жасалынған «WELTMEISTER» аккордеонында ойнап үйренді. Ал, гитара аспабында ойнауды 1975 жылы студент кезінде Германияда шығарылған «Muzima» классикалық гитарасын сатып алып гитара студиясында белгілі музыкант Серік Қабиғожиннен қосымша дәріс алудан бастады. Соның нәтижесінде нотаны үйреніп, шығармаларды нотамен орындай алатын деңгейге жетті. Арада елу жыл өтсе де бұл қос музыкалық аспап күтімі жақсы болғандықтан сол қалпында Мүбәшірханға серік болып, бірге қызмет етіп келеді. Әкесі Дүйсенбектің көзі көрген бұл саз аспаптары келешекте Мүбәшірханның ұрпақтарына да мұра болып қаларына сеніміміз кәміл.
Ол 1991 жылы Мәскеу қаласындағы «Лира» гитара аспабында ойнайтындар студиясын сырттай бітірген болатын. Көршісімен бірге аккордеон тарта жүріп ол өзінің бұл өнерден қол үзе алмайтындығына көзі жетті.
Жолы болғанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «2002 жыл – Мәдениет жылы» болып жариялануына орай тоқырау жылдарында жабылып қалған «Саз мектебі» қайта ашылып, мектеп басшысы Әсия Жораева Мүбәшірханды гитара сыныбына мұғалім етіп қабылдайды. Көп ұзамай М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетін «Аспапта орындаушылық» мамандығы бойынша бітіріп, музыкант-бакалавр дәрежесін алды.
Жас өнерпаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап, олардың бойына ұлтымыздың өнерін, мәдениетін сіңіру, өнер арқылы өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру мақсатында гитара үйретуді қолға алған Мүбәшірхан Дүйсенбекұлы аудандық саз мектебінде аттай 18 жыл ұстаздық етіп, өзінің сара жолын салды. Өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибеге толы шығармашылық дәрежесін арттыра отырып, гитара шертудің қыр-сырын меңгеріп, шәкірттерінің де бойларына сіңіре білді.
Толықтырып айтар болсақ, ұлдары Райымбек пен Мұхамеджан әке жолын қуып, өнер жолын таңдады. Әкесінен сабақ алған Райымбек Пірназаров саз мектебінің абыройын асқақтатып, әлемге танытып, аудан мақтанышына айналып, Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен «Незабываемая Россия» атты халықаралық конкурста жүлделі 1 орынды иеленген болса, қазіргі кезде осы өнерді жетік меңгеріп, Чехияның Брно қаласындағы саз мектебінде гитарадан сабақ береді. Өмір жолдасы Анеля да ұстаз. Осы мектепте скрипка аспабынан дәріс береді.
Сол сияқты екінші ұлы Мұхамеджан 2016 жылы Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестивалінде бірінші орынды жеңіп алды.
Өнер мен білімді қоса меңгерген Мүбәшірханның гитара сыныбын бітірген шәкірттері Назар Перебаскин, Жансая Әнуарбек, Нұрғиса Әбілқасым 2012 жылы республикалық өнер фестивалінде лауреаттар атанса, тағы бір оқушысы Амелия Те Шымкент қаласында өткен Жас музыканттардың XXXXX облыстық байқауында тамаша өнер көрсетті.
Базарбай Исабек Мақсатұлы болса 2018 жылы қарашада Алматыда өткен Республикалық «Ақ көгершін» балалар өнер фестивалінің Гран-При кубогы мен медалінің жүлдегері атанып, 2019 жылы Астана қаласында 11-13 жас аралығындағы гитарашы оқушылар қатысқан X халықаралық «Ақ көгершін» балалардың өнер фестивалінде бірінші орын кубогымен марапатталды. Марапат демекші, Мүбәшірханның өнердегі, жастардың музыкалық сауатын ашудағы еткен еңбегі де басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Алған марапаттарын өзіне тән ұқыптылығымен рет-ретімен қатарластырып қойғаны болмаса «Менде мынандай бар» деп айта да бермейді.
«Тарихқа толы, мәдени өлке – Оңтүстік» тақырыбында өткізілген өнер фестивалінде көрсеткен үздік өнері үшін аудан әкімі Қ.Айтөреевтің, Түркістан облыстық білім басқармасының қосымша білім беруді дамыту орталығының директоры Б.Ешенқұловтың, «Балақай» балалар қорының президенті Әлия Назарбаеваның, білім саласында өлшеусіз үлес қосып, қызметіндегі жемісті де адал еңбегі, еліміздің болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі айрықша еңбегі үшін «Нұр-Отан» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Б.Қыстауовтың Алғыс хаттарымен марапатталған Мүбәшірхан Дүйсенбекұлының басқа да жетістіктері жетіп артылады. Астана қаласы әкімдігі өткізген X халықаралық байқауда Республикалық «Ақ көгершін» балалар қоғамдық қорының Президенті Тамара Ескенова берген «Үздік ұстаз» кубогі жүлдегері, Алғыс хаты, «Құрмет – АВ» қоғамдық бірлестігі берген «Мінсіз қызметі үшін» және «Халық құрметі», өзі қызмет еткен «Саз мектебі» ұсынған «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері ұстаз еңбегінің зая кетпегендігінің бір көрінісі.
Өткен 2024 жылдың өзінде «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлының салтанатты жағдайда ауданның көркеюіне, өнер саласының дамуына үлес қосудағы көп жылғы еңбегін ескере отырып марапаттаған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің Алғыс хатын, «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының «Өнер майталманы» төсбелгісін табыстауы Мүбәшірхан Дүйсенбекұлының ел алдындағы мәртебесін бұрынғыдан да биіктете түсті. Жалпы айтқанда Мүбекең өз еңбегінің арқасында мерейі тасыған, мәртебесі биік, халықтың құрметіне бөленген азамат. Осындай азаматтың еңбегі басшылық тарапынан ескеріліп, ауданның Құрметті азаматы атанып жатса лайықты марапаттың өз иесін тапқаны болар ма еді?
Ауданымызда ұлттық спорт пен өнерді дамыту мақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің жанынан «Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған болатын. Аталған клубтың ашылуына сол кезде аудандық мәслихаттың төрағасы, қазіргі таңда аудан әкімі қызметін атқаратын Қарсыбаев Арман Романұлының еңбегі зор болды. Бұл мекемеге қазір Арман Романұлының жарқын істерін жалғастырып жүрген ізбасары Нұрхалықов Сейфулла Нышанбайұлы басшылық жасайды.
Осы «Ұлттық спорт және өнер клубында» қазіргі таңда домбыра, гитара сыныптары ашылып жұмыс жасауда. Өнер жанашыры, үлгілі ұстаз Мүбәшірхан Дүйсенбекұлы қазіргі кезде осында жасөспірімдерге, жастарға гитарадан сабақ беріп, өнерге баулуда.
Мүбәшірхан жайлы Оңтүстік Қазақстан музыкалық колледжі мен балалар өнер мектебінің оқытушысы, халықаралық конкурстардың лауреаты, гитара саласының Құрметті қызметкері Алексей Дмитриевич Мурин қазақстандық көп гитарашыларды білетінін, Мүбәшірханның талғамы мен шоқтығы олардың арасында биік тұратынын, әріптес ретінде жиі араласып, пікір алмасатынын, әке жолын қуып өнерді таңдаған, саз мектебін бітірген соң колледжге түскен балалары Райымбек пен Мұхамеджанға сабақ бергенін, білімге құштар, алғыр балалардың болашағынан көп үміт күтетіндігін айтса, жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Хадиша Мұсабекова:
– Мүбәшірханды Алматыдағы сонау студенттік кезінен білемін. Саз мектебінде мен «Дәстүрлі ән» сабағынан дәріс бергенімде ол гитара сабағынан дәріс беріп, бірге жұмыс жасадық. Оқушылардың талабы мен талғамын, өнерге қызығушылықтарын ұштастыра білетін. Жас ерекшеліктеріне қарай оқушыларының репертуарларын дұрыс таңдай білетін. Әр ашық сабағы мен сынып сағаттарын, концертін қызықты өткізетін. Шәкірттері де үнемі байқауларда жоғары жетістіктерге жететін. Бұл Мүбәшірханның еңбегінің ақталғаны, мол жетістігі деп білемін. Өзі жақсы, білімді адамға қай кезде де бір орын болады. Зейнеткер болса да бүгінге дейін жұмыс істеп жүргенінің өзі оның әлі де жастарға берерінің көп екендігін көрсетеді, – дейді.
Мүбәшірхан отбасында да бақытты жан. Жұбайы Гүлзағира Балғабекқызы М.Горький атындағы жалпы білім беретін мектепте ұстаздық етеді. Тұңғыштары Ұлықбек Балқаш қаласында №1 ұшқыштар дивизиясы әскери бөлімі құрамында аға лейтенант шенінде қызмет атқарған. Райымбек пен Мұхамеджан әке жолын қуған өнер саласының білікті мамандары. Әулеттің арулары – Балнұр қыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, кенжесі Қамарсұлу студент, болашақ маман иесі.
Өмір жолы өнер жолымен ұштасып, әр жыл өз ерекшелігімен, жетістігімен есте қалып, толағай табыстарға толы болғанындай биылғы жыл да Мүбәшірхан Дүйсенбекұлына үлкен қуаныштар алып келетін жыл болсын дей отырып, отбасына амандық, өзіне мықты денсаулық тілейміз. Өнеріңіз өрлеп, жаныңыз жадырай берсін! Өнер деген қартайтпайтын бір әлемде әр күніңіз сәттілікке толы болсын!

Made on
Tilda