ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА - ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Әлеумет
Баланың тілі – оның ойының айнасы. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі таңда бүлдіршіндердің сөйлеу дағдыларының кешеуілдеуі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бұл жайт ата-аналар мен мамандардың алаңдаушылығын тудыруда.
Психикалық дамуы тежелген балалардың саны артқан сайын, бұл мәселенің шешімін табу – қоғам ал-дындағы маңызды міндетке айналуда.
Ата-аналардың ең басты міндеті – баласының дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, тиісті мамандардың көмегіне жүгіну. Дәл осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы түзету орталықтары ашылып, ерекше балаларға қолдау көрсетілуде. Солардың бірі – жуырда Шардара қаласында жұмысын бастаған «Neurokids» түзету орталығы.
Бұл орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне аудандық педагогикалық-психологиялық түзету орталығының басшысы Маханов Мұхтар қатысып лентасын қиып, игі бастамаға әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді. Бұл игі істің бастамашысы – қарапайым ана, Шолпан ханым бұл қадамға өз өмірлік тәжірибесінен кейін келгенін айтады:
"Менің төрт жарым жасар баламның дамуында кешеуілдеу байқалды. Осы себепті оны екі жасынан бас-тап ірі қалалардағы орталықтарға апарып, барымды салдым. Бірақ әр ана баласын алыстағы орталықтарға таси алмайды ғой. Біздің ауданымызда осындай мекеме ашылса деп армандадым. Өзім секілді баласының болашағы үшін шырылдап жүрген ата-аналарды көргенде, олардың жан дүниесін түсінетінімді сезіндім. Сондықтан, өзім осындай орталық ашуды қолға алдым", – дейді Шолпан ханым.
«Neurokids» орталығында ерекше балалардың психикалық және сөйлеу дамуындағы қиындықтарды жеңуге көмектесетін білікті мамандар жұмыс істейді.
Аутизмді түзету – кешенді әрі ұзақ уақытты талап ететін процесс. Осы себепті «Neurokids» орталығында әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын екі әдіс енгізілген:
Классикалық әдіс – баланың әлеуметтік, танымдық және күнделікті өмір дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұнда әр балаға төрт маман бірден көмектеседі: психолог, дефектолог, логопед және педагог.
АВА терапия (Applied Behavior Analysis) – мінез-құлық терапиясы. Бұл әдісте әр баланың жеке ерекшелігі ескеріле отырып, оның негізгі дағдылары бағаланады. Мамандар 544 дағды бойынша баламен жұмыс істеп, әр балаға жеке бағдарлама жасайды.
Сонымен қатар, орталықта АФК терапия әдісі де қолданылады. Бұл – ерекше балаларды әлеуметтік орта-ға бейімдеуге арналған спорттық-сауықтыру бағдарламасы. Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен тұрақты түрде өткізілетін сабақтар балалардың сенімділігін арттырып, психологиялық кедергілерді еңсеру-ге көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Аутизм мен даму кешеуілдеуі – қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс өзекті мәселе. Ерекше балаларға ерте жастан қамқорлық көрсетіп, оларға қажетті білім мен тәрбие беру – олардың болашақта толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік ашады.
Шардара қаласында ашылған бұл орталық – ата-аналарға үміт сыйлап, ерекше балалардың дамуына серпін беретін маңызды бастама. Осындай орталықтардың саны артып, ерекше балалардың өмір сапасы жақсарған сайын, қоғамымыз да мейірімді бола түсетіні анық.
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda