ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Әрбір нысанда құрылысшылар алақанының табы бар

Әлеумет
Менің әкем Құлымбет ұлы Әбубәкір киіз үй жасайтын шебер еді және киім, мәсі, етік тігетін. Анам Айткүл де тігін машинасымен ер кісілердің, әйелдердің киімдерін тігумен айналысатын тігінші еді.
Сол кісілерден жұқты ма, не себеп екенін, мектепте оқып жүргенде агроном болам деп жүріп оқу бітірген соң Мақтаарал ауданындағы Мақталы совхозының орталығында салынып жатқан мектеп-интернат құрылысына барып жұмысқа кірдім. Содан бір жылдай істеп тас қалаушы шебер болып шықтым. Міне, содан кейінгі менің бар өмірім құрылысшы мамандығына байланысты болды.
1962 жылы «Чардарастрой» құрылыс басқармасына қарасты №33 құрылыс-монтаж учаскесіне (СМУ-33) жұмысқа кіріп, «Арнасай» тоғанының құрылысында Мұсалиев Әмзенің дренаж құрылысы бригадасында қара жұмысшы болып жұмыс істедім. Кейіннен Мұсалиев Әмзе Жамбылдағы гидротехникалық институтқа оқуға түсіп кеткен соң мен бригадир болып қалдым. Дренаж жұмысын бітіріп бөгеттің жоғарғы бетін бетондауға дайындау жұмысын бастадық.
Содан 1963 жылы шілде айында жұмыстан шығып Шымкент қаласындағы Қазақ химия технологиялық институтының құрылыс инженері факультетіне оқуға түстім.
Екінші курсты бітірген соң студенттік отрядпен біз жеті жігіт Созақ ауданының Құмкент совхозына асхана салуға, 1966 жылы жазда тағы да қазіргі Отырар ауданының орталығында Шәуілдір селосына екі қабатты тұрғын үй салуға бардық.
1967 жылы күзде оқуды сырттай оқуға ауыстырып, Шардара ауданындағы «Восход» (қазіргі Қоссейіт ауылы) совхозының орталығын салып жатқан №11 жылжымалы-механикаландырылған колоннаға келіп тас қалаушы мамандығына оқытуға нұсқаушы болып жұмыс істеп бастадым. Қарамағымдағы 20 шақты жас жігіттермен «Восход» совхозының орталығындағы «Өрт сөндіру депосының» құрылысын бастадық. Ол кезде ЖМК-11 де бастық Төребеков Әліпбек, бас инженер Жамантаев Орынбек, участке бастықтары Әбілдаев Қыстаубай, Мұсаев Коусуар, Дьяченко Анатолий деген, бұрын «Голодностепьстройда» қызмет істеп ысылған, алғыр жігіттер еді. Сол ортаға ол кезде Қазақ технологиялық институтын бітіріп келген Ерубаев Әмірбек, Нұртаев Шадман, Сарманов Құттыбек, Зулеев Махан, Тұрғынбаев Жолбарыс, Жамбылдағы гидротехникалық институттан Мұсәлиев Әмзе, Ташкент политехникалық институтынан Әділханов Есенгелді, Нұрлыбаев Тұрсынбек, Ташкент темір жол институтынан Сарманов Мейрам сияқты кілең жас мамандар жиналып, Қызылқұм массивіндегі ең бірінші күріш совхозының құрылысын салып жатты. Күні ыстық, көлеңке болар тал жоқ, жолдардың бәрі май топырақ, кешке масаларын айт, сол жағдайда мойымай іске жастық жалынмен, шабытпен еңбектеніп қызмет жасадық.
Мен «Восходтағы» өндіріс аймағында жұмыс істедім. Участке бастығы өмірлік тәжірбиесі мол Қыстаубай Әбілдаев ағадан көп өнеге, жұмыс істеу тәсілдерін үйрендім. Ол кісінің еңбек ету тәсілі керемет еді. Өнертапқыш, жаңалыққа құмар, кең пейілді, дастарқанды жан еді. Сол кісідей еңбек етуге талпындым. Сол ынтаның арқасы ма, әлде Құдай қолдады ма, мен сол жерде қызметте сатылап көтеріле бердім.
1970 жылдың аяғында №11жылжымалы мехколонна мен №37 ЖМК екеуі біріктірілді. ЖМК-37 «Октябрдің 50 жылдығы» атындағы совхозды салып жатқан кез еді. «Восход» совхозында ЖМК-11 ден бір участок құрылып, ЖМК-37 нің құрамына қосылды. Міне, сол кезде Нұртаев Шадман участке бастығы болып, мен прораб болып сол жерде қалдық.
Арада 4-5 ай өткен соң Нұртаев Шадманды «Октябрдің 50 жылдығы» атындағы совхоздың құрылысына ауыстырып, мені «Восход» совхозындағы участкеге бастық етіп қалдырды. Ол кезде ЖМК-37 де бастық Ерхан Убашев, бас инженері Қарабеков еді.
1973 жылы сәуірде мені ЖМК-22 ге бас инженер қызметіне ауыстырып өрлеумен еңбек еттім.
1974 жылы шілде айында Ауданның партия комитетінің келісімімен трест басшылары «Қазақстан» мен «Целинный» совхоздарының құрылысын салып жатқан №1 жылжымалы мехколоннаға бастық етіп жіберді. 1975 жылдың қорытындысымен «Главриссовхосстрой» бойынша бірінші орын алып, Мақтау грамотасымен марапатталдым.
1978 жылы «Қызылқұмсовхозқұрылыс» трестіне еңбек және жалақы бөліміне бастық болып ауыстым. 1979 жылы сәуір айында трест бастығы Тілегенов Өстемір Шардара қаласында салынып жатқан мектептің құрылысын өткеру үшін тәжірбиелі маман ретінде №43 жылжымалы мехколоннаға бас инженер болып баруға ұсыныс жасады. 1979 жылы сол мектептің құрылысын абырой- мен бітіріп шықтым.
Аудандық партия комитеті 1986 жылы сентябрьде №33 кәсіптік техникалық училищеге директор қызметіне жіберді. Бұл салада училищенің материалдық базасын жөндеуге кірістім. Училищенің жатақханалары жөнделіп, училище төңірегінде гүлдер өсірілді. «Главриссовхозстрой» басшыларының қолдауымен училищеге тегін трактор жөндейтін шеберхана салынды.
1988 жылы сәуір айының басында ауданның бірінші хатшысы Қ.Қадырбаев шақырып алып, барлық бюро мүшелерімен жиын өткізіп, маған Қалалық кеңес төрағасы болып баруға ұсыныс жасады және сол күні Қалалық кеңес сесиясында Шардара қаласы кеңесінің төрағасы қызметіне сайландым.
1991 жылы Аудандық кеңестің сессиясында Шардара аудандық Атқару комитетінің төрағасы болып сайландым.
1992 жылы ел басқару Әкімдік жүйеге көшкен соң Шардара ауданы әкімінің Құрылыс және өндіріс пен көлік байланыс жүйесі бойынша орынбасары, 1994 жылдан 1996 жылға дейін Шардара қаласының әкімі болып қызмет атқардым.
1996-2005 жылға дейін жеке бизнеспен шұғылдандым. 2005-2010 жылы Қытай Гео Инженерлік Корпорациясында «Шардара ГЭС құрылысы», «Мойнақ-ГЭС құрылысында» еңбек еттім.
2010-2012 жылдары СПК «Хамит» Балық зауытында бас инженер болып қызмет етіп, 2012-2018 жылдары «НИМЕКС» ЖШС-де инженер-құрылысшы болып істедім.
Үш рет Аудандық кеңеске, 4 рет Қалалық кеңес депутаттығына сайландым.
1986 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1989 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым.
2011 жылы Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Өмір деген қандай дегенде «Өмір көзіңді ашып-жұмғандай» деген екен баяғылар. Сол айтқандай менің өмірім, істерім, көргендерім, міне, осындай.
Шардараның әр құрылысында алақанымның табы қалған.
Биыл Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толған болса, оған мен секілді қаншама шардаралықтардың, еңбек азаматтарының қосқан өзіндік үлестері бар. Сондықтан барлығын осы мерекемен құттықтап, шағалалы Шардарамыз бұдан да көркейіп жайнай берсін деген тілегімді білдіремін.
Ақмұрат ӘБУБӘКІРҰЛЫ –
ардагер құрылысшы
Шардара ауданының Құрметті азаматы.
Made on
Tilda