ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Өткенге — тағзым, болашаққа — бағдар»

Әлеумет
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Шардара ауданында тарихи маңызы зор, жүрек тебірентерлік салтанатты шара ұйымдастырылды. Қаламыздағы орталық саябақта орналасқан «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бұл тағылымды іс-шара Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына құрмет көрсетіп, олардың ерлікке толы өмір жолын еске алуға арналды.
Ұлы Отан соғысы жылдары Шардара ауданынан 800-ден астам азамат майданға аттанған еді. Солардың қатарынан Кеңес Одағы- ның Батырлары атанған Абылай Әлімбетов пен Сейітқасым Әшіров, сондай-ақ Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаев сынды батыр бабаларымыздың есімі ерекше аталды. Бүгінде олардың ешбірі арамызда болмаса да, асқақ ерліктері ел есінде мәңгі сақталады.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ҰҚК Шардара аудандық бөлімшесінің басшысы Нұрсұлтан Айтқұлов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подпол-ковник Ербол Жұманов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Шералы Әділханұлы, ауған соғысының ардагерлері, әскери бөлім қызметкерлері мен мекеме басшылары және қала тұрғындары қатысты.
Гүл қою рәсімі Кеңес Одағының батырлары Абылай Әлімбетов, Сейітқасым Әшіров және Халық қаһарманы Маулен Қалмырзаевтың ескерткіштерінен басталып, «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқ-тарын қоюмен жалғасты. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына бір минут үнсіздік жарияланып, олардың жан-қияр ерліктеріне тағзым етілген соң салтанатты жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – ерлік пен Отанға деген сүйіспеншіліктің символы. Еліміздің бейбіт болашағы үшін жанын қиған ардагерлеріміздің ерлігі – мәңгілік өнеге. Біз сол аманатқа адал болуға тиіспіз. Осындай мерейлі сәтте баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен құт-береке тілеймін. Бейбіт аспанымыз ашық, көк Туымыз әрдайым желбірей берсін! – деп жүрек-жарды лебізін білдірді.
Бұл шара — өткенге тағзым, бола-шаққа бағдар болған тағылымды тәрбие сағаты іспетті. Ұрпақтар сабақ-тастығын жалғап, елдің тарихын, ерлердің ерлігін ұлықтау – әрбір азаматтың борышы.
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Made on
Tilda