ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Солтүстіктен келген өкілдер аудан тұрғындарымен кездесті

Әлеумет
Оңтүстік өңірі халқы тығыз орналасқан өңір болғандықтан жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелер жиі кездесетіні анық. Еңбек күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге оңтүстік тұрғындары қоныс аударса қос облыстың, тіпті ауылдардың өзекті проблемаларының түйіні тарқатылады.
Осындай мақсатта, өткен аптада Шардара аудандық «Мансап орталығы» филиалының ғимаратында «Қандастар және қоныс аударушылар орталығының» өкілдері «Өңіраралық қоныс аудару» бағдарламасы аясында қала тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге Петропавл қаласындағы «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының» жетекшісі Әнуар Тоқпан мен Жетісудан теріскейге көшіп, сонда тұрақтап қана қоймай, насихаттауға бар күш-жігерін арнап жүрген азамат, «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Дақанов та келді.
Кездесу барысында Теріскейден келген өкілдер қала тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, Солтүстік өңірлерге халықты қоныс аударуға шақырып, тұрғындарға өңіраралық қоныс аударудың артықшылықтары, оның ішінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, тұрғын үй мәселелерін шешу және әлеуметтік қолдаулар алуға мүмкіндіктің бары жөнінде ақпараттандырды.
– Өңіраралық қоныс аудару бағдарламасына 2024 жылы мемлекет тарапынан 7050 квота бөлінген. Қоныс аударуға Солтүстіктің 7 өңірі белгіленген. Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларды тұрақты жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту, кәсіпке бейімдеу, коммуналдық қызмет шығындарын өтеу, түрлі жеңілдіктер мен жәрдемдер беру қарастырылған. Тіпті 2023 жылдан бастап тұрғын үй сатып алсаңыз немесе жаңадан баспана салсаңыз құнының 50 пайызы беріліп жатыр. Тұрғын үй сатып алуға сертификат – 4 миллион теңгеге дейін беріледі. Отбасының әрбір мүшесіне 258 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға жолданады. Жұмыссыз немесе баспанасыз жүрген өңір азаматтары мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланса, нұр үстіне нұр болмақ, – деді Әнуар Тоқпан.
Кездесуде Теріскей климатының ауыл шаруашылығы үшін тиімді тұстарын, сонымен қатар «Өңіраралық қоныс аудару» бағдарламасы аясында халыққа үлкен қолдау көрсетіп, жаңа аймақтарға бейімделуіне жағдай жасалатынын да айта кетті.
– Осыдан үш жыл бұрын Жер жәннаты Жетісудан Солтүстік Қазақстанға көшіп бардым. Сол жердің көшіп барған тұрғыны ретінде, мен оңтүстік халқын «донор өңір» деп атаймын. Солтүстік Қазақстан өңірі ерекше сұлу табиғатымен, жерінің құнарлылығымен ерекшеленеді. Онда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығымен айналысуға болады. Алайда, оңтүстік өңірінің халқы онда ауа райының суықтығынан, ағайыннан алшақтап кетуден қорқады. Шардара халқы 90 000 - ға жуық болса, біздің бір ауданда 10-15 мың адам ғана бар. Түркістан облысында адам саны тығыз орналасқандықтан жұмыссыздық, мектеп, балабақша мәселелері баршылық. Мұнда оқушыларға орын жетпесе, біз жақта мектептер жабылудың алдында тұр. Осындай қарама-қайшылықты теңестіруге Түркістан облысының азаматтары ықпал ете алады. Мемлекеттік қызметте, ірі компанияларда, кәсіпте бәсекелістік аз. Сондықтан, еліміздің патриот азаматтары ретінде Солтүстікке көшіп, еліміздің болашағына үлкен үлес қосуға атсалысыңыздар, - деген Бурахан Дақанов, шардаралықтарды Солтүстік өңіріне көшуге шақырды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысынан Солтүстік өңірге 300-ге жуық отбасы, 1200-ге тарта азамат қоныс аударды. 2015 жылдан бастап Солтүстік өңіріне жалпы 4 мыңға жуық отбасы, 15 мыңдай адам қоныс аударған.
А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda