ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ауғанстан алапаты: Ерліктің мәңгілік ұраны

Әлеумет
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Осыншама уақыт өтсе де, ауған жерінде болған қанды шайқастардың іздері әлі де жүректерде сақталып, майданнан оралған ардагерлердің жан жарақаттары жазылар емес. Жастық жігер мен оттай жалындап тұрған шақта, мыңдаған азамат жат елде жан тапсырды, ал тірі қалғандары түрлі жарақаттармен соғыстың салмағын ар-қалап оралды. Ауған жерінде жауынгерлік міндетін адал атқарған ардагерлер бүгінгі таңда еліміздің әртүрлі саласында еңбек етіп, қоғамға қызмет етіп жүр.
Өткен аптада аудандық тарихи-өлкетану мұражайында «Ауғанстан алапаты» атты көр-ме ұйымдастырылып, ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өткізілді. Көрмеге аудандық «Оқушылар үйінің» шәкірттері, ұйым-дастырушы-педагогы Айгүл Орынбаева және «Өлке тарихы» үйірмесінің жетекшісі Роза Ибрагимова қатысып, ауған соғысының ардагерлері Мұстафа Байбосынов, Қайрат Оразбеков, Амангелді Беласаров, Нұрлыбай Мамадәлиев, Мансұр Малибековтермен кездесу өткізді.
Келген қонақтарды мұражай меңгерушісі Нұрлан Смайлов таныстырып, бұл шараның мақсатын, Ауған соғысына қатысқан ағаларымыздың батырлықтарын дәріптеп, соғыс қасіретін бүгінгі ұрпаққа ұғындыру үшін ұйымдастырылғанын атап өтті. «Ауған соғысының тарихи ақиқатын ашу, тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін ұрпақтарға үлгі ету, бүгінгі таңда еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген ардагер жауынгерле-рімізді қадірлеп, құрметтеу – біздің қасиетті борышымыз» деді мұражай меңгерушісі.
Өмір мен өлім арпалысқан қанды шайқастардың ортасында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміздің ерлігі біз үшін мәңгі өшпес өнеге. Ерлік – елдің туы. Ер қуаты – қару болса, ел қуаты – батырлары. Халқымыз әрқашан өз ерлерін пана тұтып, оларға мәңгі құрмет көрсеткен. Ауған соғысының ардагерлері – біздің патриоттық рухымыздың айқын үлгісі.
– Біз, Ауған соғысына қатысқан жауынгер-лер, тек өзіміз үшін емес, елдің болашағы үшін күрескенімізді ұмытпаймыз. Ауған жерінде өтетін әрбір күн мен түн – ол тек қанды шайқастар мен ауыр соқпақтар ғана емес, сонымен қатар адамның рухы мен күш-жігерін сынайтын сын сағаттары болды. Жан алысып, жан беріскен сол уақытта біздің мақсатымыз еркіндік пен тәуелсіздік тұғырлы ету болды. Соғыстан кейінгі өмірдің өзі үлкен соғыс сияқты. Біздің денемізде жаралар жазылғанымен, ең ауыр жара – ол жүрегімізде қалды. Бейбітшілікті бағалаңыздар, бір-біріңізді құрметтеңіздер, – деді Ауған соғысы ардагері Қайрат Оразбеков.
Музейдегі іс-шара аяқталғаннан кейін, Ауған соғысы ардагерлері аудандық «Ардагерлер үйіне» және аудандық «Мәдениет сарайына» барып, онда жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде ардагерлер өздерінің соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, жастарға бейбіт өмір мен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту маңызды екенін айтты.
Қазіргі таңда Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі мен оқиғалары тек тарихи естеліктер ғана емес, олар халықтың бейбіт өмірі мен елдің тұрақтылығын сақтау үшін жасаған ерліктерінің шынайы дәлелі болып табылады.
Айта кетейік, Ауғанстандағы КСРО-ның шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер өздерінің интернационалдық міндетін абыроймен атқарған. Олардың үш мыңға жуығы мүгедек болып оралған, ал қаншама жауынгер із-түссіз жоғалып кетті.
Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі – халқымыздың жүрегінде сақталған батырлықтың мәңгілік мөрі. Ерлік рухы бүгін де, ертең де ұрпағымызға шамшырақ болмақ.
А.ҚАРАУЫЛ
Made on
Tilda