ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!»

Әлеумет
Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы елімізді қорғап, ұлан-байтақ даланы ұрпағына мұра етіп қалдырды. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өтіп келеміз.Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны орталықтың директоры Тұрғынбаев Аббаз Қасымбайұлы ашып, сөз сөйледі.
– Құрметті қонақтар, осы іс-шараға қатысып отырған желтоқсаншылар! Сіздерді 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің Отанға деген махаббаттарыңыз – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі. Азаттық үшін арпалысқан азаматтарды ел жадында мәңгі сақтайды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді Аббас Қасымбайұлы.
Іс-шара барысында Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбек, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Рахматуллаев Байдулла атамыз да сөз сөйлеп, тарихи күннің мән-мағынасына тоқталып өтті.
Сонымен қатар, іс-шараға желтоқсан оқиғасына қатысқан «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Ахметов Сапаралы, Дүйсен Әлиайдар Низамидинұлы, Асқаров Ниязбек Әмірханұлы, Тоқшабаев Бағдат Жақыпұлы, Жораев Маханбет Байзақұлы, Тажиев Сұлтанбек, Ахатаева Зубайра Жолдасбекқызы, Туребекова Майра Қыдырбайқызы, Досаева Ұлтуар Қостайқызы және Қожахметова Ажаркүл Төлепбергенқызы сол кездегі болған желтоқсан оқиғалары жайында айтып өтті.
– 1986 жылды еске алу біз үшін өте қиын. Көксу ауылында туылып, өскенмін. Осы желтоқсан оқиғасына қатысамын деп әкемнің жүзін төмен қаратып, анамның көзіне жас ұялаттым. Газет беттерінде суретіміз шығып, «Нашақорлар!» деп бізге жалған айып тағылды. Ата-анамды енді жылатпайын деп желтоқсаншы екенімді ешкімге айтпаймын деп сөз берген едім. Бірақ мен ешқашан желтоқсаншы болғаныма өкінген емеспін. Барлығы да өтті, өткенге салауат.Әлі күнге дейін, біз ақталғанымызбен желтоқсаншыларға лайықты баға берілген жоқ. Біздің қанша құрдастарымыз 18-20 жасында тәуелсіздік таңын көре алмай, қыршынынан қиылды. Бірақ біз осы тәуелсіздік таңын көрдік. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! – деді желтоқсаншы Ажаркүл Төлепбергенқызы.
Мерекелік кеште аудандық Мәдениет сарайының өнерпаздары Әбдіғаппар Айдаров пен Қанат Дауылбаевтар әннен шашу шашты. Орталықта қызмет алушы апалардан құралған «Шардара» және «Ақниет» тобы «Шардара толқындары», «Керім айдай» әндерін орындады. Тілегенова Қалдан «Абай көк», Чимирова Спакүл «Ауылым» , Раушанов Қошан ата «Ай, Қарагөз», Ахатаева Ұлбосын «Қазақтың тойы бітпесін» әндерін орындап, көпшілікке керемет көңіл күй сыйлады.
Іс-шара соңында демеушілер атынан желтоқсаншы аға-әпкелерге сый-сияпаттар табысталып, арнайы дастархан жайылды. Қонақтар «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына ризашылықтарын білдіріп, кереметтей көңіл-күймен тарқасты.
А.ТӘЖІ
Made on
Tilda