ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ауыл мен көше аттары қазақшаланды

Әлеумет
Мен 1971 жылы қаңтар айында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика факультетін бітіріп, Көкшетау облысы Ленинград ауданының «Айсары» орта мектебінде 3ай физика-математика пәнінің мұғалімі болып қызмет істеп, Кеңес Одағы әскері қатарындағы борышымды өтеп келіп, «Шардара» орта мектебіне физика-математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Сол жылы есеп беру, сайлау жиналысында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, 1972 жылы қазан айында аудандық комсомол комитетінің мектептер жөніндегі хатшысы болып сайландым.
1974 жылы наурыз айында аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып ауыстырылдым.
1975 жылы аудандық партия комитетінің Пленумында үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілдім.
Негізгі жұмысыммен бірге, құқықтық тәрбиеге байланысты құқық қорғау орындарымен бірге жұмыс атқару, білім, денсаулық, мәдениет, спорт бөлімдерімен, кәсіподақ, «Білім» қоғамы жұмыстарына партиялық басшылық жасау жүктелген.
1982 жылы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі болып ауыстырылдым. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық жасына қарай, мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты зейнетақы, көпбалалы және жалғызбасты аналарға жәрдемақы тағайындау бөлімінің негізгі жұмыстары болатын.
Әлеуметтік салаға жетекшілік етуіме байланысты Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірдім.
1991 жылы Қазақстан компартиясының мұрагері ретінде танылған Қазақстан Социалистік партиясы Шардара аудандық атқару комитетінің хатшысы болып сайландым.
Мен сол жылы желтоқсанда аудан әкімінің өкімімен Тіл басқармасының бастығы болып тағайындалдым. Негізгі міндетіміз – мекеме, ұйымдардағы құжаттарды, маңдайша жазуларын алаңдардағы, көше бойындағы көрнекі –үгіт құралдарын ауыл, көше атауларын «ҚР тіл туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тілге көшіріп, сауатты жазылуын қадағалау болатын.
Шардара қаласындағы Ленин – Төле би, Комсомол – Әйтеке би, Павлов – Қазыбек би, Весна – Майлықожа тағы басқа көптеген көшелердің атаулары өзгерді. Юбилейный кеңшары – Жаушықұм ауылы, Восход – Қоссейіт, Октябрьдің 50 жылдығы – Сырдария, Комсомол – Ұзын Ата, Октябрьдің 60 жылдығы – Егізқұм ауылдары болып өзгерді.
Бюджет тапшылығына байланысты Тіл бөлімі қысқарып, жаңа құрылған мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім бөліміне көші-қон мәселесін қосып ақпарат және салауаттылық бөлімінің бастығы болып тағайындалдым.
Республикада экономикалық жағдайдың түзелуіне байланысты біріктірілген бөлімдер қайта бөлініп мен жаңа құрылған аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы болып бекітілдім.
Аудандағы құрылыс ұйымдары, құрылыс бұйымдар комбинаты жөндеу механикалық зауыты, астық қабылдау мекемесі, мұнай базасы, автобазалар тағы басқа мекемелер мен ұйымдардың жзабылуына байланысты ауданда жұмыссыздар көбейді. Оларды тұрақты жұмыспен қамту, қоғамдық жұмысқа тарту, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, кәсіби даярлау және қайта даярлау жұмыстары осы бөлімнің мойныма жүктелді.
Жұмыспен қамту бөлімі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөліміне қосылып, мен аудан әкімі ақпараттық әкімшілік бөліміне меңгеруші болып ауыстырылдым.
Соңғы жылдары аудандық ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшысы болып қызмет атқарып 2012 жылы 1 мамырда зейнеткерлікке шықтым. Жұмыс барысында 6 аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен, 10 аудан әкімімен тікелей қарым-қатынаста жұмыс атқарып, үлкендердің ақыл-кеңестерін тыңдап, іс-тәжірибелерін үйрендім. Соңғы 4 аудан әкімі кезінде Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің, Шардара қалалық қоғамдастығының, «Ауыл» ХОДПП аудандық филиалының, Аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстар атқау арқылы аудан халқының татулығы мен ынтымағын нығайту бағытында жұмыстар атқарудамын.
40 жыл мемлекеттік қызметтің 37 жылында бөлім басшысы қызметтерінде болдым.

Қыстау ІЛЕСОВ– аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы.
Made on
Tilda