ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Қазақтың мықтылығын мойындатқан тұлға

Әлеумет
Мен Аман Төлеевпен Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар Академиясында оқып жүрген 1986-1989 жылдары таныстым. Желтоқсан уақиғасынан кейін лекция оқитын кейбір профессорлар «қазақтар ұлтшылдық танытты» деп Қазақстанға сөз тигізе бастады. Бірақ Академияда оқитын біздер үндемей қалмадық:
Заманбек Нұрқаділов, Сергей Никитин, басқаларымыз мұндай жалған пікірге тойтарыс бере алдық. Соны көрген А. Төлеевтің «Мен қазақтардың мұндай екенін, оның ішінде қазақ қыздарының Желтоқсанда қайсарлық танытқанын білмеп едім» деп ағынан жарылғаны бар. Сол уақытта басталған достығымыз көп жылға жалғасты.
Академияны бітіргеннен кейін де хабарласып, хат жазысып, Кемеров, Ақмола облыстары делегацияларымен алмасып, Мәскеуде кездесіп жүрдік. Қазақстанға келгенде де мені іздеп жүруші еді. Менің білуімше А.Төлеев саясаттан да шаруашылық жұмысқа жақын еді.
Әсіресе өзі жақсы білетін теміржол саласында істегенде, оның ішінде Кемеров теміржолын басқарғанда жанын салып, көптеген оң өзгерістер жасап жатқанын мақтанышпен айтатын. «Дәл осы жұмыс менің қолым, өйткені істеген істің нәтижесін теміржолшылардың, жолаушылардың ризашылығын көре аласың» дейтін. Ал жоспарлары өте көп еді.
Кейін көп нәрсенің саясатқа тіреліп тұрғанын көріп, бұл ортада да жарқырап шыға келді. Бәрінен бұрын қай салада қызмет етсе де – ең бірінші орынға қарапайым адамдарды, халықты қоюшы еді: «Оларға не бере аламыз, қаншалықты олардың тұрмыс тіршілігін өзгерте аламыз» деп.
Сондықтан да оның жалынды, батыл, сыншыл, Парламент мінбесінен Ельцинді, Үкіметті сынап, «Коллективный Распутин» деп сөйлеген сөздері сол заманда қара қылды қақ жарған батырлық іске парапар еді. Мұндай өткірлігі, мұндай елге деген жанашырлығы халықтың жүрегінен орын алуы әбден орынды еді. Оның ішінде бұл құрғақ сөз емес, аржағында бұл жағдайды өзгертетін жоспарлары да жеткілікті еді. Оны Кемерово облысында Губернатор болып тағайындалғанда нақты істерімен дәлелдеді.
А. Төлеев 1997-ші жылы Кемеров облысының губернаторы болып тағайындалғанда, қирап жатқан Кузбассты қабылдады. Барлық шахталар, зауыттар жабылған, халық жалақы, зейнеткерлер зейнетақы ала алмай, нанның өзі талонмен берілетін. Күнде орталық алаңда каскаларын тарсылдатып шахтерлер отыратын, халық басшыларға деген сенімінен әбден айрылған уақыт еді.
Осы кезде Аман Төлеевтің көшбасшылық таланттары: үлкен мақсат-жоспарлар құра білуі, жақсы команда қалыптастырып, өзі де тыным таппай, басқаларды да жұмылдыра білуі, терең білімділігі, іскерлігі, сөзімен ісінің қатар жүретіні – бәрі де Кузбасс өңірін дағдарыстан алып шығып, үлкен жетістіктерге жетуіне әкелді.
А. Төлеевтің басқарған 20 жылдан аса уақытта Кузбасс аймағы танымастай өзгеріп, экономикасынан да, халықтың әлеуметтік жағдайынан да Ресейдегі ең дамыған өңірлердің алдына шықты. Ерекше айта кететін жағдай: өңірдің бюджеті ел игілігіне жұмсалатын болды. Зейнеткерлер, тұрмысы төмен отбасылары, жетімдер, мүгедектер мемлекеттік төлемдермен қатар Губернатордың тағайындаған төлемдерін алатын болды. Ерекше көңіл білім, денсаулық салаларына бөлінді. Ресейде бірінші болып облыста медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді.
Сондықтан да Кузбасстың халқы әр сайлауда көптеген үміткерлердің ішінен басым дауыспен (95-96 пайыз) А.Төлеевті Губернаторлыққа сайлап отырды. А.Төлеевтің Кузбасстағы абыройы, халықтың оған деген сый-құрметі, махаббаты – шексіз еді.
А. Төлеев – Кемеров облысының Құрметті Азаматы. Оған «Кузбасстың Батыры» құрметті атағы берілді. Ал 2011 жылы жергілікті депутаттар тек А.Төлеевке «Халық Губернаторы» деген атақты тағайындады.
Әрине Кузбасс та ол үшін ыстық еді. Өскен, өнген жері. Оның ішінде көркеюіне өлшеусіз еңбек етіп, өз қолымен, өз жігерімен Жаңа Кузбасстың келбетін қалыптастырды. Бірақ Қазақстанға деген оның махаббаты да ерекше еді. Басқа елде Сұлтан болса да... Қаны, тегі тартпай қоймайды ғой. Бір жылдары үлкен толқуда болды: күш-жігерімді ел игілігіне жұмсасам деген ойларын айтып. «Бұл мүмкін бе?» деп. Сол уақытта шақыратын басшылар болса келер ме еді деп ойлаймын бүгінде.
Тағдыр оны қазақ қылып жаратып, басқа ұлтқа, басқа мемлекетке қызмет етуді жазды. Ең қуанарлық, мақтанарлық жағдай - А. Төлеев басқа елде жүрсе де қазақтың қандай екенін көрсетті, дәлелдеді: тектілігін, қайсарлығын, батырлығын, білімділігін, күрескерлігін, парасаттылығын, іскерлігін, адамгершілігін. Басқа елге аянбай еңбек етіп, мықтылығын мойындатып қана қоймай, сол елдің сүйіктісіне айналды!
Мұндай Өмір, мұндай Азамат, мұндай Қазақ сөзсіз мақтануға да, мадақтауға да лайық!
Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА—
Мемлекет және қоғам қайраткері
Made on
Tilda