Шардара өңірі – тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Шардара топырағы қашаннан ерлік пен елдіктің, қайнаған еңбектің мекені болған. Қойнауында Сырдариядай шалқар өзені бар, дархан шөлі, құнарлы топырағы, ырысты, күрішті аймақтың дамуына аудан тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді. Қызылқұм өңірін игеруде ерен еңбектің үлгісін көрсете білген ардагер ағаларымыздың еселі еңбегінің арқасында шежірелі Шардара ауданы қанатын кеңге жайып қана қойған жоқ, сонымен бірге ақ маржан күріш пен ақ алтын мақта егуде, асыл тұқымды мал өсіруде бүкіл республикаға танылды. Жарқын болашағы, елдің бақытты ертеңі үшін жастық жалынын, ерік-жігерін аямай қызмет еткен ардагер ағалардың ерен еңбегін келер ұрпақ ұмытпақ емес. Шалқар Шардараның ең басты байлығы – оның еңбексүйгіш адамдары. Биыл Шырайлы Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Өткен аптада Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» акциясы аясында Шардара аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Өлке тарихының көркем шежіресі» атты кездесу кеші өтті. Оңтүстік өңірдің тарихын бір-біріне кітапханашылардың саяхат жасауы арқылы, өз өлкесін өзге ауданға кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған бұл акцияның қонақтары, киелі Келес өңірінен келген зиялы қауым өкілдері мен Келес аудандық кітапханасының қызметкерлері болды. Кеш барысында «Туған жерім Шардара – шаттық мекенім», «Шардара – белестер биігінде» атты көрме инсталляциясы таныстырылып, «Төрт қақпа – төрткүл дүние» атты бейнебаян көрермен назарына ұсынылды. «Тоқаш Бердияров» атындағы Әдебиет және өнер бірлестігінің мүшелері –зейнеткер-ұстаз, ақын, Қыздаркүл Омарова, кітапханашы Қыдырова Зағира Жүсіпқызы, Тастеміров Әбдімәлік Әсілбайұлы, Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінің әншісі Нұрхан Заман, Келес аудандық Әжелер алқасының төрайымы Әлімқұлова Әділет Срадинқызы, композитор, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі Әшімов Жүсіп Жолайұлы және Келес аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Манахова Ғалия Қанағатқызы бастаған кітапхана ұжымы қатысты. Ауданымызда өркениет өрістеген кезеңдерде заманауи заңғар жобалар іске асырылды. 1958 жылы Шардара жеріне табан тіреп, су қоймасы мен Шардара су электр станциясы құрылыстарының алғашқы қазығын қаққан 26 адам бүгінгі күндердегі жаңарған және жасампаз Шардараның негізін қалады. Сол жылдары палаткаларда түнеп жұмысты бастаған «Шардарақұрылыс» басқармасының бастығы Әшім Қасымов бастаған алғашқы қарлығаштар туған жеріміздің тарихын жаңа тараумен бастап берді. Кеңестік кезеңдегі шағалалы өңірдің шарықтап дамуға бет бұрғанын айтуға тиіспіз. Сол дәуірдегі жасампаз жұмыстардың игілігін жерлестеріміз бүгінге дейін көруде. Шардараның қазығын қағып, қолымен тұрғызған құрыш қолды құрылысшылардың бейнеті қай дәуірде болсын ұмытылмауы тиіс. Кездесуге сол кездегі жалындап тұрған жастар, қазіргі таңда ардақты ардагерлер еңбек жолдарының қалай бастағанын, ауданымыздың дамуына қосқан еңбектері жөнінде айтты. Олардың арасында түрлі құрылыс салаларында басшылық қызмет атқарған еңбек ардагері, Шардара ауданының құрылыс саласының ардагері, ЖМК басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған Ақбердиев Орал Бердалыұлы, Шардара аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Шардара ауданының құрметті азаматы Ілесов Қыстау Інәйұлы, аудандағы шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосып келе жатқан кәсіпкер Дәулет қажы Үзденбаев, Шардара ауданының құрметті азаматы, қаладағы Ақбала мөлтекауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мархабаев Мұсахан Әбдікерімұлы, аудандық аурухананың үздік дәрігері, ардагер Мыңбаев Пазылхан Налиханұлы, Шардара аудандық орталық кітапхана саласында қажырлы 40 жыл еңбек еткен ардагер кітапханашы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрымбетов Шолпан Жүнісқызы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 2013 жылы ЮНЕСКО-ның «Ұлттық өнер жанашыры» сертификатының иегері, поэзия әлемінде де, журналистика саласында да қалам тартып жүрген азамат Айдаров Әбдіғаппар Әбубәкірұлы бар. Кез келген халықтың ұлттық рухы мен ұлттық санасын, рухани мәдени асыл мұрасын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи болмыс-бітім тарих бедерінде таңбаланып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жаңғырып, дамып отырады. Сондықтан ұрпағымызға өткен тарихымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мұндай кездесулер өз жемісін берері сөзсіз. Кездесу соңы келестік әріптестерге өлкетану бағытындағы көрсеткіштер таныстырылып, оқырман сұранысындағы кітаптар сыйға тартылып, ауданымыздағы тарихи-өлкетану музейіне, «Шардара Армспорт» спорт клубына және Шардара су электр стансасына саяхаттаумен жалғасын тапты. А.ТӘЖІ