ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мұзбалақ ақынның жырлары жүректерді оятты

Әлеумет
«Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне орай «Ей, өмір...» атты әдеби кеш өтті. Келген қонақтар алдымен Мұқағали Мақатаевтың шығармалары мен ол туралы жазылған газет-журналдар, фотосуреттер көрмесімен танысты.
Поэзияны іздеп, онымен егіз болған ақиық ақынның кешін ашып берген орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Ерназар Қуаныш Ергешұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері өзі өмір сүрген дәуірде еленбегендігін, егемендігіміздің арқасында үлкен тұлғаға айналып, өлеңдеріне ән жазылып, шығармалары оқырмандары қолынан түспей құрмет көрсетіліп жатқандығын атап өтті. Ол туралы орталықта қызмет алушы Сәуле Көбекбаева да кеңінен айтып, өмірбаянына, шығармаларына шолу жасады.
Келесі кезекте орталықтың музыкалық жетекшісі Нұржан Жығалиев ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», Асылбек Ділдәбек «Фариза», Әлібай Тұрсынбеков өзінің арнау өлеңін, орталыққа келіп қызмет алушы Айсұлу Боташева «Әйелдер-ай», Күлиза Мырзагелдиева «Үш бақытым», Болсынай Ағманова «Өз өзіңді жақсы көр», Оңласын Ибрагимова «Бүгін менің туған күнім», Спагүл Чимирова «Өтелер ме?», Күнімхан Дошимова «Құрметтеңдер 20-шы ғасырды», Адаскүл Көбекова «Ей, өмір», А.Авалбекова «Әке» өлеңдерін мәнерлеп, сезіммен оқыды.
Ақынның әр өлеңі тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып, рухы биік ақынның тұлғасын тағы да бір айқындап берді.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda