ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Берекеміз – бірлікте»

Әлеумет
1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ауданда салтанатты түрде аталып өтті
Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізде бейбітшлік пен тұрақтылықты, халықтар арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықты насихаттайтын маңызды мереке. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, бұл күн барлық этнос өкілдерін бір мақсатқа біріктіретін күн.
Шардара ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған кең ауқымды салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ел бірлігі мен ынтымағын дәріптейтін мерекелік жиын «Алты алаш» алаңында өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына түрлі-түсті шеру мен мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды.
Мерекелік шеру барысында аудан аумағындағы мекемелер мен ұйымдар сап түзеп, ерекше сән-салтанат-пен алаңға шықты. Олар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, көтеріңкі көңіл-күймен өз ұжымдарын таныстырып өтті. Бұл көрініс бірлік пен ынтымақты паш етіп, мерекенің шырайын аша түсті.
Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков құттықтау сөз сөйлеп, барша жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол:
–Қазақстан халқының бірлігі күні – татулық пен тұрақтылықтың, бейбіт өмір мен бауырмалдықтың жарқын мерекесі. Бұл күн – көпұлтты халқымыздың достығы мен ынтымағының нышаны. Біз бірліктің арқасында жетістікке жетіп, бейбіт күн кешіп отырмыз. Шардара жұртшылығы да ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Береке мен бірлік, амандық пен молшылық тілеймін! – деді.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің Алғыс хаттарымен түрлі сала қызметкерлері марапатталды. Марапатталғандар қатарында Айдос Амангелдіұлы, Бақытжан Темірханұлы, Нұржан Амангелдіұлы, Сапаркүл Молданқызы, Ержан Ералыұлы, Нұрғали Байжігітұлы, Закира Мұхтарқызы, Иса Салинұлы, Мырзакәрім Беделұлы, Салтанат Тоқтамысқызы, Қанат Жаханұлы сынды азаматтар бар.
Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған орындаушылар қатарында Әділғазы Ибрагимов («Отан»), Жақыпбай Гүлмарал («Отан»), Гүлбаршын Санабаева (өзбек әні «Койлагим»), Ербол Таңжарұлы («Қазағым»), Фарида Тоқсанбайқызы (украин әні «Хуторянка»), Ахмет Молдағұлов («Туған жер») және «Әншілер тобы»
(«Бейбітшілік сақталады») өнер көрсетті.
Мереке – ұлттар достығын нығайтқан, бірлік пен ынтымақты дәріптеген рухани мәні зор шара болды.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda