ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Қош келдің, Әз-Наурыз!

Әлеумет
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы халқымыздың сан ғасырлық дәстүрін жалғастырып, бірлік пен берекенің, мейірім мен жаңарудың мерекесі ретінде тойланып келеді. Өткен аптада аудандық "Қасиет" әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ұйымдастырған "Қош келдің, Әз-Наурыз!" атты мерекелік іс-шара да осы ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге арналды. Мерекелік шараны орталықтың әлеуметтік маманы Нұрбану Қожамұратқызы жүргізді.
«Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп бабаларымыз ерекше құрметтеген бұл мейрам – тіршіліктің жанданар шағы, көктемнің келіп, күн мен түннің теңелер кезі. Бұл күні ренжіскендер татуласып, үлкендерге құрмет көрсетіліп, бата сұрау – дәстүрге айналған.
Орталықтың директоры Аббаз Қасымбайұлы жиналған көпшілікті Ұлыстың ұлы күнгі өзінің құттықтауымен ашып, Шардара аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ауыл биі Ибрагим Бектұрсынов ақ жарма тілектерін арнап, қауымға ақ батасын берді.
Шарада халқымыздың мифологиялық кейіпкерлері – құт-берекенің нышаны Қыдыр ата (Әбдіғаппар Айдаров) мен Ұмай ана (Болсынай Ағманова) да көрініс тауып, жиналған қауымға бақыт, денсаулық, молшылық тіледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, олардың ақ батасынан кейін көңілдерде шаттық, жүздерде жылулық сезілді.
Мерекелік думан «Ақ ниет» тобының тамаша әнімен басталып, күміс көмей әжелеріміз Зухра Шиназбаева, Спагүл Чимирова, Сапаркүл Ахметова, Балхия Анишова әсем әндерін тарту етті. Қазақтың қоңыр домбырасының үні мен дәстүрлі әндері естілген сәтте үлкендер жағы қол соғып, бір серпіліп қалды.
Ал, өнерлі бүлдіршін Шәріп Айдана шашуын шашып, «Шашу» биін орындағанда жиналған қауым шаттыққа бөленіп, балалық шақтың бал дәуренін еске алды. Сонымен қатар, ата-әжелеріміздің қатысуымен қазақтың көнеден келе жатқан «Қыз ұзату» дәстүрінің көрінісі қойылып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ұлыстың ұлы күніне арналған мереке Наурыз көжесіз өтпейтіні белгілі. Іс-шара соңында қонақтар қазанға қайнатылған «Береке көжеден» дәм татып, ардагер Болат атамыз «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ырысымыз арта берсін!» деп ақ батасын берді.
Бұл мереке үлкендерге тек қана қуаныш сыйлап қоймай, жастарға тағылымы мол тәрбие, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың керемет үлгісі болды. Жастар жағы үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың әр сөзіне құлақ асып, өнегелі әңгімелерін тыңдап, өздеріне үлкен сабақ алды.
«Қарттарын қадірлеген ел – қазыналы ел» демекші, осындай шаралар жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Себебі, Наурыз – тек мереке ғана емес, бірлік пен татулықтың, ұрпақтар сабақтастығының, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың символы. Осындай қуанышты күндер әрбір шаңырақта көбейіп, елдің ынтымағы арта берсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қош келдің, Әз-Наурыз!
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda