ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ерлігі қас батырға лайықты сарбаз

Әлеумет
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтпек. Оған қатысқан ардагерлерден елімізде санаулы ғана адам қалды. Ал біздің ауданымызда тіптен қалмады. Соғыстың соңғы сарбазының өзін осыдан алты жыл бұрын ақтық сапарға шығарып салған болатынбыз. Алайда бүгінгі өскелең ұрпаққа елімізге қиын жағдай туғанда жауға қарсы тұрып, көкірегін оққа тосқан сол соғыс ардагерлерінің ерліктері жайлы айтып, оларға патриоттық күш беру бәріміздің ағалық борышымыз деп білемін.
Осындай өмірі ерлікке толы ержүрек азаматтың бірі 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысының 928 тәулігін өз көзімен көріп, небір сұрапылға куә болып, екі бірдей «Даңқ», сонымен қатар «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, бірнеше медалдардың иегері болған Балхаш Исаев ағамыз еді.
Балхаш Исаев 1920 жылдың 10 мамырында Байырқұм ауылында туылып, бұрынғы Арыс ауданы Бадам ауыл советінде өскен. 1940 жылы сол Бадам ауылындағы Калинин атындағы орталау жеті жылдық мектепті бітіргеннен соң 1941 жылдың наурыз айының соңына дейін Шұбар машина-трактор станциясында үш айлық тракторшылар курсына түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады.
Бадам ауыл советіне қарасты 1 мамыр колхозында тракторшы болып істеп жүрген ол 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін өз еркімен қайта-қайта арызын жазып жүріп, 10 қарашада соғысқа аттанады.
Алғаш Жамбыл облысындағы 105-ші атты әскер дивизиясы қарамағында болған ол 1942 жылы Горький облысында 150-ші Александр Невский орденімен марапатталған, зеңбірекшілер артиллериясына қарасты полкте зеңбірек атқыш болып дайындықтан өтеді.
1942 жылдың 17 қазанынан Сталинград шайқасына қатысып, одан әрі қарай Тула қаласының маңында соғысады. 1943 жылы Харьков облысын жаудан толық азат етеді. 1944 жылдың маусым айында Днепр өзенінен өтіп, өте қиыншылық жағдайда Могилев қаласын, тамыз айының ортасында немістің өте қаруланған бекінісі Гродно қаласын күндіз-түні соғысып жүріп азат етеді. Сол сияқты жаудың мықты бекінісі болған Осовец қаласын және Ломжа қаласын жаудан азат етеді.
1945 жылы наурыз айының ортасында жаудың өз жеріндегі Шығыс Пруссиясына қарайтын «Браунсберг» қаласын жаудан азат етіп, артынша Кейнсберг қаласын қоршауға алып, жаудың біреуін де сыртқа шығармай түгелдей дерлік қолға түсіреді. 1945 жылы жауды Балтық теңізіне дейін қуып, ысырып барып, соғысты аяқтайды.
Әрине, Жеңіс оңайлықпен келген жоқ қаншама қиын жағдайларды басынан өткерді. Қысты қыс, жазды жаз демеді. Қардың үстінде жатқан, қыстың күнінде белуардан суда тұрып, ашқұрсақ болып жүрген кездері де көп болды.
Жеңісті жақындатуға тылдағылардың да қосқан үлестері ерекше болды. Олар қажетті киім-кешек пен қару-жарақты дер кезінде жеткізіп отырды. Соғысты аға сержант шенінде, орудия командирі қызметінде аяқтады. Жаудың бірнеше ондаған танкісін, автомашинасын, бекіністерін, жүздеген жаудың көзін жойған ол бірнеше рет әскери наградалармен марапатталды.
Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін «III дәрежелі Даңқ», «II дәрежелі Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» және Могилев, Гродно, Осовец, Ломжа, Браужберг, Кенисберг қалаларын азат еткені үшін бірнеше медальдармен марапатталды.
Балхаш аға соғысқа бармай тұрып-ақ қолына мылтық ұстап, жас кезінен аң аулап, атқанына дәл тигізетін мерген болған екен.
– Он үш жасымда мергеншілікті үйрендім. Кешегі соғыста сол мергеншіліктің көп пайдасы тиді. Жаудың танкісі тіке келе жатсын, көлденең келе жатсын немесе қиғаш келе жатсын көздеген кезімде оның алдынан қанша қашықтықтан атуым керек екенін белгілеп алатынмын. Атқан оғым далаға кетпей көбіне нысанама дөп тиіп отырушы еді, – дейтін соғыс жайлы есіне алып.
Балхаш аға соғыс кезіндегі басынан өткен оқиғаларды қағаз бетіне түсіруді де естен шығармайтын. Оның жазбаларынан төмендегідей естеліктерін жиі кездестіруге болады.
«1943 жылдың көктемі басталып келе жатқан кез еді. Жерде қар сол күйі жатыр. Харьков қаласынан жауды қуып бара жатқан болатынбыз. Қаладан 20-25 шақырым жер ұзап кеткенімізді білмей қалдық. Немістердің ортасына дендей кіріп кеткен екенбіз, қоршауда қалып қойдық. Сол қоршауда жеті күн нәр татпай аш жүргеніміз естен шықпайды. Жейтін қорегіміз қар болды. Көп достарымыз аштықтан, суықтан өлді. Жаудың оғынан мерт болып жатқандары қаншама. Жақын маңдағы ауылдарға баруға ешқандай мүмкіншілік жоқ, айналаның бәрі анталаған фашистер. Түнделетіп деревняға барып талғажау қылар бірнәрсе әкелеміз деген жігіттер сол күйі оралмайды. Жетінші күні түс ауа бар күшімізді жинап, жаудың шебін бұзып, қатарымызға барып қосылдық» дейді Балхаш аға өзінің қолжазбасында.
Оның естелік жазбаларынан төмендегі жағдайларды да оқып, білуге болады.
Балхаш ағаға екі бірдей «Даңқ» ордені мен «Қызыл Жұлдыз» ордені оңайлықпен беріле салмаған. Өзінің асқан мергендігімен көзге түскен ол сержант шенінде зеңбірек атушылар отрядына командир болады. 1944 жылдың жазында ұрыс қайнай түседі. Күндіз-түні соғыса жүріп, Могилев, одан Гродно, Осовец, Ломжы қалаларын азат етеді. Осындай ұрыстардың бірінде Балхаш аға қарсы шабуылға шыққан жаудың бірнеше танкісінің көзін жояды. Өзгенің еңбегін иеленіп кету сол кезде жиі кездесетін жәйт болса керек. Шынжыр табанды тажалдың бірінен кейін бірін жайратып жатқан бір сәтінде бір орыс солдаты «Ура, мен тигіздім, анау танкіні мен жардым» деп көпе-көрнеу иеленіп алған екен. Ұрыстың жағдайын дүрбімен бақылап, қалт жібермей қарап отырған майор шеніндегі офицер «Қайдағы сен тигіздің. Исаевтің атқан снарядынан жарылды» деп тиып тастаған екен. Жердің асты мен үсті астаң-кестеңі шығып жатқан аласапыранда кім біле қояр деп ойлаған ойы солай іске аспай қалыпты.
Осы ұрыстарда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Балхаш Исаевты Батыр атағына ұсынады. Тіпті сол шайқастағы Кеңес жауынгерлерінің ерлігі «Правда» газетінде жарық көріп Б.Исаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс қоса жазылған екен. Алайда тиісті құжаттарының бәрін тізіп, жинап алып кеткенімен, белгісіз себептермен ол награда берілмей қалады.
Екінші рет Батыр атағына 1945 жылы ұсынылады. Бұл кезде кеңес әскерлері Шығыс Пруссия жерінде жауды тықсырып келе жатады. Наурыз айы болса керек, Браунсберг қаласы үшін қатты шайқас болады. Бұл туралы қолжазбасында былай жазады.
«1945 жылы наурыз айының орта шенінде Браунсбергті тегіс қоршап алдық. Жаудың бірде-бірін сыртқа шығармай, көзін жойып отырдық. Өлмегендері түгелдей қолға түсті. Кейіннен Кенигсбергті азат еттік. Бір күн тоқ, бір күн аш болып жүріп, көп ұлтты Кеңес азаматтарының бірауыздылығының арқасында жауды жеңдік» дейді қолжазбасында Балхаш аға.
Жаудың бірнеше танкісімен басқа да ұрыс техникаларын, бірнеше бекіністері мен жүздеген фашистердің көзін жойғаны үшін тағы да Батыр атағына ұсынылады. Бірақ ол ұсыныс та жүзеге аспай қалады. Алайда Отан қорғау жолында жан аямай шайқасқан жерлесіміз маған неге ол атақ берілмей қалды деп басын ауыртқан емес. Әскери азаматтық борышым деп білді.
Соғыс аяқталған соң Мәскеудегі Қызыл алаңда өткізілген Жеңіс парадына қатысқан Балхаш Исаев қайтадан Отан қорғау сапында қызмет атқарып, туған елге 1946 жылы оралады.
1947 жылдан 1953 жылға дейін Шағыр Темір жол станциясында бағыттаушы, кезекші, станция басшысы болып істеген ол кейіннен Монтайтас ауыл кеңесі атқару комитетінің секретары болды. 1957 жылдан Жданов атындағы совхозда жұмысшы, есепке алушы, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, аға есепші, совхоздың орталық қоймасының меңгерушісі қызметін атқарған Балхаш 1976 жылы Қазығұрт ауданынан Шардара ауданының Қызылқұм ауылына қоныс аударып келіп, 67 жасқа дейін осында механизатор, аккумлятор жөндейтін шебер маманы болып жұмыс атқарады.
Бейбіт өмірдің өзінде еткен еңбегі ескеріліп «Жеңіске 20 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл» медалдарымен марапатталды.
Балхаш Исаев 1949 жылы Арыс теміржол станциясында теміржолшы, кейіннен Ташкент қаласында тігіншілік курсын бітіріп, Ұлы Отан соғысы жылдарында соғыста жүрген жауынгерлерге киім-кешек тігіп, жөнелтумен айналысқан Үрпия Ізбасарқызымен отау құрып, сегіз ұл-қызды тәрбиелеп өсіреді. «Алтын алқа» иегері Үрпия Исаева тыл ардагері ретінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 60 жыл», «Жеңіске – 65 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған. Тыл ардагері Үрпия Ізбасарқызы Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік жасап бірнеше орден медалдармен марапатталған абзал азаматтың жұбайы болғандығын әрқашан мақтаныш етеді.

Ұлы Отан соғысында елімізді жаудан қорғау жолында қарша бораған оқтың ортасында ерлік жасап, бейбіт өмірде де әр салада еңбек етіп, көпшіліктің құрметіне бөленіп, абыройын арттырған Балхаш Исаев 2003 жылы 83 жасында өмірден озды. Оның ерлігі мен отансүйгіштігі, өмір жолы кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі болып қалды. Отан үшін от кешкен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмай, жаңғыра береді.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda