ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жүгері өңдеу зауытының жұмысы сараланды

2025-05-28 11:38 Әлеумет
Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан прокуроры Алмас Әлі «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратунов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өмірбек Рүстем, құрылыс бөлімінің басшысы Асанбай Махашев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Біләлов, ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сержан Ильясов, «КазСуШар» КМК-ның басшысы Абай Муталиев, Шардара су электр станциясының бас инженері Сырым Мамбетов және «Казкрахмал» ЖШС-нің жауапты өкілі Руслан Қияшбаев қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – зауыттың инфра-құрылымдық мәселелерін талқылау және оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру болды. Атап айтқанда, зауытты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, электр желісіне қосу, жол салу және кәріз жүйесіне қосу мәселелері жан-жақты қаралды.
Кездесу барысында аудан прокуроры Алмас Әлі:
– Кәсіпкерлік нысандардың тиімді жұмыс істеуі – аудан экономикасының және әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тіректерінің бірі. Сондықтан біз «Казкрахмал» секілді өндіріс орындарының мәселе-лерін назардан тыс қалдырмай, олардың уақтылы шешілуіне ықпал етуіміз қажет. Бұл бағытта тиісті мекемелер өзара бірлесіп, нақты іс-шараларды қолға алуы тиіс, - деді.
Жиын қорытындысында тараптар барлық туындаған мәселелерді бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешу қажеттігін атап өтті. Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі мен өндірісті толық қуатта жүргізуі үшін қажетті жағдайларды жасау – ортақ міндет екені айтылды.
Аяжан ТӘЖІ