ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Балалар үйіне қайырымдылық жасады

Әлеумет
Арыс қаласындағы бір ғасырлық тарихы бар «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында» тәрбиеленгендер арасынан атақты ғалымдар мен жазушылар, ұлт мақтанышына айналған батырлар, белгілі қоғам қайраткерлері шыққан. Сондықтан да балалар ауылы өзінің шежірелі тарихымен мақтанады.
Бұл – тағдыр тәлкегіне түскен жартылай және тұл жетімдерге жүрек жылуын беріп, қамқорлық көрсету мақсатында ашылған киелі шаңырақтың бірі. Жас ұрпақтың мейірім ұясына айналған балалар үйінің тарихы тереңде жатыр. 1919 жылы Кеңес Одағы еңсесін әлі тіктей алмай жатқанда, болашағымыз – бала тәрбиесінде екендігі ескеріліп, жетім балаларға үш мезгіл тамақ беретін бөлім ашылды. Кейіннен балалар коммунасы, ал 1922 жылы балалар үйі болып құрылды. Осынау шаңырақтың алғаш ұйымдастырушысы Әліп Мәдәлиев болып, ата-анасыз, бақылаусыз қалған жетімдерге жағдай жасады, пана бола білді. Ұлы Отан соғысы жылдарында әкесі соғысқа кетіп, панасыз қалған жәудіркөздер осы үйден баспана алды.
1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атағын алған – Б.Оңтаев, С.Исмайлов, Б.Исаханов, Н.Ілиясов, И.Журба осы балалар үйінде тәрбиеленген.
Ал, сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков өзі тәрбиеленген үйі, құрдастары мен ұстаздары туралы «Біздің үйдің жұлдыздары» атты драмалық шығарма жазды.
Ғалым, академик, мемлекет қайраткері, Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, БҰҰ-да ағылшын тілінде сөйлеген тұңғыш қазақ – Төлеген Тәжібаев та осы киелі шаңырақтың түлегі, 1988 жылы оның есімі балалар үйіне берілді.
Балалалардың отбасылық жағдайда барлық жағдайы жасалған ойын, демалатын, сабақ орындайтын, компьютер, жеке бас тазалығы, тамақ ішетін жеке бөлмелері бар. Әрбір баланың өз пікірін еркін білдіруге, мектепте, балалар үйінде шығармашылық жұмыстармен айналысуға, қаладағы өнер және спорт мектептеріне барып қабілеттерін шыңдауға құқығы бар. Балалар ауылында тәрбиеленушілердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін :
«Қылқалам», «Саз», «Шебер қолдар», «Спорт» үйірмелері жұмыс жасайды.
Түлектер оқу орындарына жеңілдікпен түседі. Тұрғын үй кезегімен қамтылып, үй беріледі.
Осындай жағдайдағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне шардаралықтардың да қамқор аялы алақандарының жылуы берілуде. «Шардара» мектеп-лицейінің мұғалімі Мейрамкүл Айтбаева қайырымдылық қор ашып, Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық көрсетуде.
Жақында жаңа оқу жылы қарсаңында Мейрамкул шардаралықтардан жиналған қайырымдылық қаржыға балалар үйіндегі 70-ке жуық қыз-баланы киіндіріп, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Осылайша оларға қуаныш сыйлап, сонымен қатар балалардың салған суреттерін көріп, олардың орындауындағы әндер мен тақпақтарын тыңдады.
– Мейрамкүл Әбілдақызына ұжымымыз атынан үлкен рахмет айтамын. Биылдың өзінде үшінші рет келіп, тәрбиеленушілерімізді қуанышқа кенелтіп отыр. Қайырымды істің әрқашанда қайтарымы болады. Жасаған жақсылығы еселеніп қайта берсін, – дейді Арыс қаласындағы балалар үйінің басшысы Меруерт Нұрланқызы.
Бала өмірдің жалғасы, адамның көз қуанышы мен болашағы. Сондықтан оларға әрқашан жылулық сыйлап жүрейік!
Г.БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda