Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді қастерлі де маңызы зор мереке — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! 1992 жылдың 4 маусымы – тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орын алатын айтулы күн. Бұл күні еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – жаңа мемлекетіміздің тұғырын нықтап, егемендігіміздің айғағы ретінде қабылданды. Мемлекеттік рәміздер – елдік пен бірліктің, тәуелсіздік пен тұтастықтың, ұлттық болмыс пен рухтың жарқын көрінісі. Олар – әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алатын қасиетті ұғымдар. Мемлекеттік Туымыздағы көк түс – бейбітшілік пен ашық аспанның, алтын күн мен қыран бейнесі – жарқын болашақтың және еркіндіктің белгісі. Елтаңбамыздағы шаңырақ – ортақ үйіміз – Қазақстанды, ал айналасындағы уықтар – ел ішіндегі бірлік пен татулықты білдіреді. Әнұранымыз болса, халқымыздың рухын асқақтатып, отансүйгіштік пен елжандылыққа үндейді. Мемлекеттік рәміздер – бұл жай ғана белгілер емес, олар – ұлтымыздың қадір-қасиетін танытатын киелі нышандар. Әр азамат оларды құрметтеп, қорғауға және насихаттауға міндетті. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына рәміздерге деген құрмет пен мақтаныш сезімін сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз. Бүгінде Қазақстан – әлем таныған, бейбіт-сүйгіш саясаты мен тұрақты дамуы арқылы халықаралық аренада лайықты орын алған мемлекет. Бұл жетістіктердің бәрі – ел бірлігінің, халықтың ынтымағы мен мемлекетке деген сенімінің арқасы. Рәміздеріміз осы бірлікті одан әрі нығайта түсетін, бізді бір мақсат пен мұрат жолында біріктіретін қуатты күш болып қала бермек. Құрметті ағайын! Осы айтулы мерекеде Сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын, еңбекте табыс және елімізге деген шексіз мақтаныш тілейміз. Қазақстан Республикасының көк байрағы бейбіт аспанымызда әрқашан желбіреп, елдігіміз мәңгі жасай берсін!