ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Бірлігі жарасқан, табысы тасыған ауыл

Әлеумет
Сүткент – орта ғасырлық қала орны. Тарихқа сүйенсек X-XI ғасырлардағы араб және түркі жазба деректерінде Фараб даласы мен Мауераннахр шекарасындағы қала ретінде аталған. Қаланы зерттеген Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Шардара маңында қаланың атын осы күнге дейін сақтап қалған екі қалашық бар екенін анықтап, оның бірі – Сүткент-1 және Сүткент-2 қалашығы екенін атап айтқан.
Көне көз қариялардың айтуына қарағанда Сүткент аталуының да өзіндік сыры бар. Кешегі соғыс жылдарында дәл осы ауылда зауыт салынып, қой, сүтінен ірімшік, құрт жасалып, өнімдері тікелей майданға жіберілген. Оған қоса Өзбекстан – Қазақстан арасындағы ең бірінші сауда орталығы да осы ауыл болған деседі.
«Сүткент» асыл тұқымды қой шаруашылығы – Арыс ауданына қарасты «Байырқұм» совхозы мен Қызылқұм ауданының «Көксу» совхозынан бөлінген мал фермаларын біріктіру нәтижесінде 1944 жылдың қараша айында қаракөл қойын өсіруге мамандандырылып, сол кездегі республикалық «Казкаракульсовхоз» тресінің бұйырығына сәйкес құрылып, Арыс ауданына қарады. Сүткент кеңшары негізінен ет және қаракөл елтірісін өндіретін шаруашылықта алғашқы кезеңде 40-50 үй бой көтеріп, кейіннен отбасы саны артқан. Ауылда әр жылдары кеңшар кеңсесі, автогараж, медпункт, әр салалы дүкен, жазғы және қысқы клуб, әртүрлі қоймалар, елтірі өңдейтін мекеме, нан пісіретін шағын наубайхана салынып, халыққа қызмет көрсетеді.
Кеңшардың түңғыш директоры Федор Александрович Кузнецов 1944 жылдан 1952 жылға дейін шаруашылықты басқарды. Мұнан кейін 1952-1954 жылдары Әбіш Мырзаходжаев, 1954-1956 жылдары Камал Шарафутдинов, 1956-1961 жылдары Әбдеш Тоқсанбаев, 1961-1967 жылдары Саттар Тұрлыбеков, 1967-1972 жылдары Қалдарбек Есімбеков, 1972-1973 жылдары Омар Бижігітов, 1973-1975 жылдары Сейіл Романов, 1975-1981 жылдары Әбжаппар Оңалбаев, 1981-1987 жылдары Рақымжан Кенбаев, 1987-1991 жылдары Жаппар Кәрімов, 1991-1992 жылдары Өсербай Әлімбеков, 1995-1997 жылдары Асқарбек Тәженов кеңшарға басшылық жасады. Сүткент кеңшары партия ұйымының хатшылары болып Ә.Жұматаев, А.Тұрғанбаев, М.Тәшімбетов, С.Рыспаев, Н.Есенбаев қызмет атқарса, ауылдық кеңестің төрағалары болып А.Тұрғанбаев, М.Тәшімбетов, Ж.Еркебаев, Ә.Ысқақов қызмет атқарды.
1992-1997 жылдары Әлімқұл Жұмабеков Сүткент ауылының әкімі болып қызмет атқарды. 1997-2000 жылдары Лесбек Жаңбыров, 2000-2002 жылдары Оразбек Оспанов, 2002-2004 жылдары Мырзахмет Қасымов, 2004-2006 жылдары Лесбек Жаңбыров, 2006 жылы Лесбек Дүйсенов, 2006-2011 жылдары Жаңабай Жаңбыров, 2012-2018 жылдары Бауыржан Смадияров, 2018-2022 жылдары Олжас Айдосов ауыл әкімі қызметін атқарса, 2022 жылдан бүгінгі таңға дейін Қайрат Кенбай Сүткент ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді.
Сүткент ауылынан ерен еңбектерінің арқасында мемлекеттің жоғары наградасына ие болған азаматтар өте көп шыққан. Қызылқұм ауданына қарап тұрған кезде мал басын арттыруда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген ферма меңгерушісі Құдайберген Құнтаев, аға шопандар Сәмбет Көшеков, Қаныбек Жанболатов, Шерімбет Жұмабеков, Ахмет Бейсембаев, Түймебай Өстеміров сол кездегі КСРО-ның ең жоғарғы наградасы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, «Ленин» орденімен қоса «Алтын жұлдыз» медалімен наградталған. Сол сияқты, аға шопандар Асан Ағыбаев, Жұман Сүлейменов, Пернебек Батырбеков, Ноғайбек Тұйықбеков, Садырбай Сейітжанов, Бөгенбай Байқошқаров, ферма меңгерушісі Шәмші Байқошқаров, ауылшаруашылығы саласының еңбеккері Смадияр Исмаилов, сауда саласының маманы Шарипа Тұрғанбаева есімді азаматтар «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.
Ауыл аумағында ашылған бастауыш мектептің меңгерушісі болып М.М.Дабуцкая қызмет атқарды. М.Лермонтов атындағы орта мектеп еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Төлеген Тәжібаевтың атымен аталып келеді. Бастауыштан кейін 7 жылдық, одан жалпы орта мектеп аталған кезде мектепте Әбдәзім Қарымсақов, Әбдеш Тоқсанбаев, Ақылбек Оспанов, Әділхан Абылбеков, Ораз Әбітов, Мұрат Асанов, Серікбай Омаров, Нұрлан Сазанбаев, Тағабек Әліпбаев, Мырзабек Қаныбеков, Бақытжан Жанболатов директорлық қызметтер атқарды. Қазіргі таңда ауылдағы білім ордасына Асан Алтынбеков басшылық жасап отыр.
Сүткент ауылынан есімдері елге белгілі азаматтар да көп шыққан. Күллі Алаш жұртының ардақтысы болған ірі қоғам және мемлекет қайраткері, үлкен ғалым Төлеген Тәжібаев Сүткент ауылында туған. Қаламы қарымды журналист Ниятолла Сейданов, ақын, белгілі меценат Дайрабай Үсіпбаев, академик Гүлфайруз Еркебаева, бірнеше кітаптардың авторы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, мемлекеттік қызметтің әртүрлі саласында қажырлы еңбек еткен Лиза Нұржанова, Қуаныш Ырсалыұлы, Ералы Ахметов, Ерғали Қарымсақов, Мәлика Қожақова, Бақытжан Зиябеков, Тұрғанбек Оспанов, Мырзағали Қарымсақов, Базарқұл Айдаров, кәсіпкер Қарлығаш Арыстанова және басқа да азаматтарды жерлестері орынды мақтан тұтады.
Қазіргі таңда ауылда бірнеше әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Төлеген Тәжібаев атындағы жалпы орта мектеп, «Бүлдіршін» бөбекжай балабақшасы, ауылдық дәрігерлік емхана, Мәдениет үйі ауыл тұрғындарына қызмет етуде.
Мерекелік шара басталардан алдын аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков пен мерекелік шараға келген қонақтар мен ауыл тұрғындары ауыл әкімшілігі алдындағы жаңа «Құрмет тақтасының», Ардагерлер саябағындағы Социалистік Еңбек Ерлері Сәмет Көшеков, Құдайберген Күнтаев, Шерімбек Жұмабеков пен Қаныбек Жанболатовтардың, Ұлы Отан соғысына аттанған 52 және бір Ауған соғысы ардагері мен еңбек ардагерлерінің есімдері жазылған «Ардагерлерге құрмет – ұрпаққа міндет» атты тақтаның, ауылға кіреберістегі арканың ашылу салтанатына қатысты.
Арнайы мерекелік жабдықталған бір гектар алаңқайда тігілген үлкен сегіз қазақы үйдің ортасындағы сахнада ақсақалдардың ақ батасынан кейін алғаш болып аудан әкімі Арман Қарсыбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Қадірлі жерлестер! Құрметті қонақтар! Сүткент ауылының 80 жылдық мерейтойы құтты болсын! «Елдің атын ер шығарады» дегендей бұл ауылдан көптеген елге қызмет еткен атпал азаматтар шыққан. Сәмет Көшеков, Құдайберген Күнтаев, Шірімбек Жұмабеков, Қаныбек Жанболатов сияқты Кеңес Одағы кезіндегі ең жоғарғы награда – Социалистік Еңбек Ерлері шыққан ауыл. Алаштың ардақтысы саналатын Төлеген Тәжібаевтың осы Сүткент ауылында кіндігі кесілген. Ақын Әлібек Шегебай да осы жердің тумасы.
Қазіргі таңда Сүткентте ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ауыз су жүйесі жаңартылып, көптеген көшелер жөнделді, табиғи газбен толық қамтылған. Өздеріңіз жаңа бірқатар жұмыстардың атқарылғанының куәсі болдыңыздар. Бұл жұмыстар алдағы кезде де жалғасын таба береді. Ауыл халқының бірлігі мен ынтымағының арқасында Сүткент ауылы сәні мен салтанаты келіскен мекенге айналды.
Бүгінгі мереке – өткеннен өнеге ала отырып, оны келешек ұрпаққа аманаттау мерекесі болып табылады, – деген аудан басшысы Аюпхан Арыстанов, Ятилла Магомеди, Мақсат Назарбеков, Дәурен Дәрібаев, Берік Райымқұлов пен өзгелерге «Сүткент ауылына 80 жыл» мерекелік төсбелгісін тапсырды.
Келесі кезекте құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Жарылқасынұлы құттықтау сөзінен кейін Сүткент совхозын 1981-1987 жылдары басқарған, қазіргі таңда Сүткент ауылындағы қоғамдық жұмыстар мен ұйымдастыру шараларына белсенді қатысып жүрген Рақымжан Кенбаев пен ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Шалабай Үсіпбаевқа «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының шешімімен берілген Алаштың арыстарына арналып шығарылған «Алаштың алтын медалін» табыстады. Соңынан «Арнау» өлеңін оқыды.
Келесі кезекте Қазыбек Иса, кітаптың авторы Әлібек Шегебай, кітаптың демеушісі Дайрабай Үсіпбаев Сүткент ауылының 70-80 жылдықтарына арналып жазылған «Сыры терең Сүткент» кітабының тұсаукесерін жасады.
Жерлесіміз, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың Сүткент ауылы тұрғындарын 80 жылдық мерейтойымен құттықтауы көпшілікке оқылып таныстырылғаннан кейін мерекелік құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев:
– Биыл ауданымызға 60 жыл болса, Сүткент ауылы одан да бұрын құрылған, яғни Шардараның аудан болып құрылуына алғашқы негіз болған ауылдардың бірі. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде республикаға, бүкіл Кеңес Одағына белгілі мал шаруашылығын асылдандырып, дамытқан, сол саланың білгір мамандары шыққан, батырлары шыққан Сүткент бұл. Кейіннен нарықтық экономикаға өткен кезде де ешкімге алақан жаймай жаңа кәсіпті игеріп, өсімдік шаруашылығына бетбұрыс жасап, бүгінгі таңда көптеген жетістіктерге жетіп, дамып келе жатқан, шаруа, кәсіпкері, бизнесмені шыққан ауыл. Соның нәтижесі болар Сүткенттің 80 жылдығында осы ауылдан ұшып шығып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет жасап жүрген осы ауылдың түлектері өз үлестерін қосып осындай үлкен, елдің көңілін көтеретін, келешекке үлгі болатын іс-шараны ұйымдастырып отыр. Сондықтан баршаңызға өзімнің, аудан депутаттары атынан алғысымды білдіремін, – деп ауылдың атпал азаматтары – Серік Әдішеев, Аңсарбек Ордабеков, Ескендір Сәдірбаев, Серікбай Омаров, Әбдіжаппар Оңалбаев, Гүлзейнеп Сәтбекова мен Орынкүл Сүйіноваларға «Сүткент ауылына 80 жыл» мерекелік төсбелгісін табыс етті.
Келесі кезекте Сүткент ауыл округінің әкімі Қайрат Кенбай ауылдың экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, бірқатар азаматтарды «Сүткент ауылына – 80 жыл» мерекелік төсбелгімен марапаттады.
Мерекелік дастарқан басында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы құттықтау сөз сөйлеп ауыл әкімі Қайрат Кенбайға «Құттықтау хат» пен естелік сыйлығын тапсырып, ауыл ардагерлерінің бірнешеуін Алғыс хатпен марапаттап, иықтарына шапан жапты.
Мерекелік шарада Төлеген Тәжібаев атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары ауданымыздың ақындарының туған жерге арнаған өлеңдерін жатқа айтып, әні мен сөзін ақын, сазгер Тұрғанбек Қанаев жазған «Сүткентім – құт мекенім» әнін Нұржан Жығалиев, «Алғыс әнін» республикалық байқаулардың жеңімпазы Айнұр Жетібаева, «Сағындым ауылымды», «Дубайға» әндерін Бақберген Омаров, «Ауылды аңсау» әнін «Мерей» фолклорлық ансамблінің орындаушылары, ауылдың «Нұршуақ» әжелер ансамблі «Сәулемсің» әндерін орындады.
Мерекенің соңы спорттық шараға жалғасып, жастар «Алтыбақан» теуіп, ересектер күрес, теңге ілу, тай бәйге, қыз қуу, аударыспақ, арқан тарту, бокс, футбол, асық атудан, қошқар көтеруден бәсекеге түсіп, жеңімпаздар марапатталып, «Ауыл кеші» атты концерттік бағдарламаға жалғасты.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda