ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Әлеумет
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Шардара аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов, қоғамдық кеңес мүшелері мен есеп беретін мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Қоғамдық кеңестің отырысын төраға Мұратбек Нұрпейісов ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырып өткеннен кейін бірінші болып аудандық кірістер басқармасының басшысы Ибраимов Шоқан Құралбайұлы 2024 жылы салық түсімдерін көбейту және орындалу барысы, салық заңнамаларындағы өзгерістер бойынша атқарылған жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Аудан бойынша биылғы жылдың өткен он айында жергілікті бюджеттің салықтық түсімдерінің бекітілген жос-пары 4 547,2 миллион теңге болса нақты түскені 4 659,5 миллион теңге болып, 112,3 миллион теңгеге артығымен, немесе 102,5 пайызға орындалған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 715,3 миллион теңгеге артқан.
Бұл көрсеткіш 2024 жылға бекітілген жоспарды орындау мақсатында салық органдары тарапынан ұдайы түрде тиісті кәсіпкерлік қажеттілікте пайдаланылатын объектілердің бағалау құны нарықтық бағадан төмен болған салық төлеушілердің бағалау құнын анықтау, уәкілетті органдардың мәліметтеріне және салық тө-леушілердің салық есептіліктерін әкімшіліктендіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесі.
Одан әрі Шоқан Құралбайұлы қосымша кіріс көздері, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық, жеке көлік құралдарының салықтары бойынша жеке жеке мәліметтерді атап өтті.
Сол сияқты басқарма басшысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің Жаушықұм массиві мен өзге де жерлерде бау-бақша егушілерден, таксистер мен «Регион» сияқты жолаушылар тасымалдайтын ұжымдардан неге салық алынбайтындығы жөніндегі сұрақтарына жауап бере отырып, шаруаларға бұрын жер көлеміне қарай алынатын салық табысына қарай салынатын болып өзгергендігін атап өтті. Сонымен қатар қызмет түріне қарай бөлінген салықтар жөнінде түсіндірді.
Сүткент ауылдық округінің әкімі Қайрат Кенбай Қоғамдық кеңес мүшелерін 2024 жылдың он айында азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, жергілікті бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, спортпен айналысуға жағдай жасау және несиемен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті. Биылдың өзінде несие алып 18 адам мал өсірумен, бір адам наубайхана ашып жұмысын бастаған. Сүткент ауылының 80 жылдығы аталып өтіп, соның аясында көптеген нысандар ашылған. 60 адам Қоғамдық жұмысқа қабылданған.
Қоғамдық кеңес мүшесі Қуаныш Ерназардың сұрағына орай алдағы кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлініп, түрлі іс-шараларға қатыстыру қолға алынатындығын жеткізді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мусатаева мектептердегі жұмыстарды жандандыру, оқушыларға сапалы білім беруді арттыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 427, «Назарбаев зияткерлік мектептер» Педагогикалық шеберлік орталығының базасында 328 мұғалім мен «Өркен» біліктілікті арттыру орталығында 69 басшы кадрлар өз білімдерін жетілдіргенін атап өтті. Одан әрі мектеп пен балабақшалардың жөнделуі, жылу қазандықтарының қатты отынан газге ауыстырылуы, білім беру ұйымдарын жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз ету, қосымша білім беру мен тәрбие бойынша атқарылған жұмыстар, жетістіктер жөнінде хабарлама жасады.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына орай балаларды бірінші сыныпқа қабылдау бойынша баланың балабақшадағы немесе мектептегі дайындық топтарында, оған қытыспаған жағдайда жаңа оқу жылы басталардан алдын тамызда бір ай мектепке дейінгі дайындықтан өте алатындығын айтты.
Ал, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша ақпан-наурыз айларында аудан мектептерінде басқарма тарапынан зерделеу жұмыстарының жүргізілгендігі, соның нәтижесінде 250 штат-бірліктің артық болып шыққандығын, кейбір педагогтердің 2-3 сағат қана жүктемемен жұмыс жасап жатқаны анықталғандығын, соған орай кезең-кезеңімен қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, бұл жөнінде директорларға тапсырма берілгендігін мәлім етті. Сонымен қатар мектепке педагогтерді қабылдау тек қажетті мамандарға, конкурс арқылы жүргізілетіндігін айтты.
Ал, қаладағы «Жайлы мектеп» бойынша:
–№12 мектеп толығымен «Жайлы мектепке» көшеді. Бұл Білім басқарамасының позициясы, біз орындаушымыз. Себебі, мектеп салынғанда негіздемеде «№12 Жайлы мектепке көшіріледі» деп көр-сетілген. Ал оның ашылуына келетін болсақ мектеп толық біткен. Техникалық ашылу дегеніміз мердігерден тапсырыс берушінің қабылдап алуы. Одан құрылыс басқармасы қабылдап алып, қаржы басқармасына өткізеді. Содан кейін барып, балансқа алынып болған соң ашылады,-деді Жанат Мусатаева.
Мектепке мүгедектердің коляскімен кіруіне мүмкіндік жасау, мүмкіндігі шектеулі оқушылар арасында байқаулар өткізу бойынша қойылған сұрақтардың ескеріліп, жұмыстар жасалатынын айтты.
Жалпы Қоғамдық кеңес мүшелері есеп берген басшылардың жұмыстарына қанағаттанғандық білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жаңабай
СЕЙДУӘЛИЕВ

Made on
Tilda