ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тұрғындарға кәсіби құқықтық көмек көрсетілді

Әлеумет
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап ел аумағында «Жемқорлыққа қарсы мобильді топ» жобасы бастау алды. Жоба аясында мобильді топ мүшелері шалғай орналасқан елді-мекендердің тұрғындарына көшпелі кәсіби құқықтық көмек көрсету, қарттар үйлері, әлеуметтік оңалту орындары, мүгедектерді оңалту орталықтарына бақылау жүргізу, комплаенс-офицерлер мен ішкі талдау жұмысшы тобына практикалық оқыту өткізу, мақсатты топтар арасында түсіндіру шараларын өткізу жоспарланған.
Осыған орай жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері ауданымызда болып, бес топқа бөлініп жемқорлықтың алдын алу шараларын түсіндіру бағытында жұмыс атқарды. Аудан әкімшілігінде өткен бұл шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Бердешов Жұмасұлтан Оразбекұлы жүргізіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобаның еріктісі Абуова Нұржахан Ермағамбетқызы аудандағы ішкі талдау жұмысшы тобының мүшелеріне практикалық оқыту өткізді. Оған мемлекеттік қызметкерлер, дін және жастар өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, түрлі этонс өкілдері және ауданымыздың ерікті жастары қатысты.
Жемқорлықтың алдын алу шаралары жөнінде кеңінен түсінік берген Нұржахан Ермағамбетқызы орын алған деректерді де атап өтіп:
– Жемқорлықтың алдын алу бойынша қаншама жұмыстар жүргізіліп жатса да ұйымдасқан қылмыс тоқтамай жатыр. Соңғы кезде мектеп басшылары мен есепшілерінің бірге сыбайластық жасаған қылмыстары ашылуда. Сол сияқты жер қатынастары бойынша 8, әлеуметтік және спорт саласынан 6, ауыл шаруашылығы мен кеден саласында 2 қылмыс орын алды. Олардың ішінде 8-і парақорлық 12-сі жемқорлық бойынша болса, 8 мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бар. Бір өкініштісі, бір қылмыс жасап, сол қылмысы дәлелденбей ақталып шыққан адамның өзі екінші рет сол қылмысын қайта жасап, ұсталып, жазалануда, – деді.
Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңы аясында 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдама негізінде «Парасаттылықты тексеру» бойынша да жұмыстар атқарылып жатқандығын еске салды. Яғни қызметкерге белгісіз біреулерден аз көлемде қаржы түседі. Егер оны басшысына хабарласа «парасатты», хабарламай жасырып қалса «парасатсыз» болып табылады. Бұл тест кез-келген мемлекеттік қызметкерге жасалынуы мүмкін екен. «Саналы, оқыған азамат бола тұра қызметін асыра пайдаланып, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндер тиылмай отыр. Арам ақшаның орға жығатынын жастарға да, отбасында балаларымызға да айтып түсіндіруіміз керек» деді Нұржахан Ермағамбетқызы.
Кездесуде аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, теолог Асылхан Данияров, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Мейіржан Мұсабеков, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдықыз Зейнеділовалар өз пікірлерін айтып, қойған сұрақтарына тиісінше жауаптарын алды.
Шара барысында «Бизнеске жол» жобасы аясында әкімшілік кедергілерге, құжаттарды рәсімдеу барысындағы әуре-сарсаңдарға, кәсіпкерлік қызметтеріне заңсыз араласу, заңсыз алым-салықтарға, кәсіпкерлік құқыңыздың шектелуіне, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлердің құқықтарын заң жүзінде қорғалуына ықпал жасайтындығы, ол бойынша 1424 нөміріне тегін қоңырау шалуға болатындығы айтылып, жадынамалар тарқатылды.
Сол күні өзге топ мүшелері де Шардара аудандық кәсіпкерлік палатасында, оқушылар үйі мен «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, сондай-ақ ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, кәсіби құқықтық көмек көрсетті.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda